ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ

Елордадағы Әскери-тарихи музейде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті тарихшы, қаламгер Қойшығара Салғараұлының «Тарих тағылымы» атты дәрісі өтті. Оған қаладағы мектептердің тарих пәнінің мұғалімдері мен оқушылары қатысты.

Ұлтымыздың тарихын тереңнен толғап, ол жайында «Алтын тамыр», «Көмбе», «Қазақтың қилы тарихы», «Қазақтар», «Қазақ қазақ болғанға дейін», «Қазақ қазақ болғаннан кейін» және басқа да құнды дерекке толы кітаптар жазған ғалымның дәрісі қатысушыларды жылы әсерге бөлеп, бабалардың ізі қалған көне дәуірлерге қайта бір зер салуға мүмкіндік туғызды.
Шара барысында қаламгер қатардағы журналист бола жүріп, тарихқа келуге не себеп болғандығын баяндап, алғашқы кітабы қалай жазылғанын айтты. 1997 жылы Қазақстанның Қытайдағы елшілігінде мәдениет жөніндегі кеңесші қызметін атқарып, көрші елдің архивтерінде жатқан халқымыздың терең тарихына қатысты деректерді індете зерттеді. Нәтижесінде ғалымның қаламынан «100 құжат», «Таным тармақтары», «Анықтамалық» атты бірқатар іргелі еңбектер туды. Дәріс аясында Қ.Салғараұлы өз еңбектеріне ғана тоқталып қоймай, тарих саласындағы әлемдік ғылыми зерттеулерге де жаңаша пайыммен ой жүгіртті.
«Тарих жұртымыздың жүріп өткен жолын ғана зерделемейді, ол адамды ізгілікке, адамгершілікке, кісілікке жетелейді. Бір жағынан жұмыр басты пен­дені адамдық қалыптан айырмайтын тәрбие мектебі» деді Қойшығара аға жиналғандарға парасатты ой салып.
Тарихшының ұлағатты дәрі­сін ұйып тыңдаған мұғалімдер мен оқушылар оған көкейінде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауап алып, шараны ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Сонымен қатар

Ақселеу аманаты

Көбіне санамызға сия бермейтін құдірет сырын тар түйсікпен түйіндей салатынымыз бар. Осындайда өмір жалғастығын өзінше …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған