«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тарифтер төмендейді

0 44

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде коммуналдық төлемдердің тарифтері төмендеді. Бұл туралы Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мәлімдеді. Ол 2018 жылдың соңында бірнеше облыста жылу, сумен жабдықтау, су жеткізу, газбен жабдықтау саласындағы тарифтердің төмендегенін хабарлады. Жаңа жылдың бірінші күнінен бастап қалған өңірлерде де осындай өзгеріс болады. «Тарифтердің төмендеуі нәтижесінде тұтынушылардың коммуналдық төлемдер үшін үнемдейтін қаражатының жалпы көлемі шамамен 27,5 млрд теңгені құрайды. Мұндай жағдай халықтың коммуналдық қызметке төлем түбіртегінің көлемін азайтуға әкеледі» деді Серік Жұманғарин.

2018 жылдың 20 желтоқсанындағы ахуал бойынша үш өңірде (Ақмола облысы – 36,8 пайыз, Солтүстік Қазақстан облысы – 1,1 пайыз, Шығыс Қазақстан облысы – 2,8 пайыз) жылуға арналған тарифтер төмендетілген. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қалған 14 өңірдің тұрғындары үшін тарифтерді төмендету болжанып отыр. Осының нәтижесінде халықтың жылумен жабдықтау қызметі үшін үнемдейтін қаражатының көлемі шамамен 6 млрд теңгені құрайды.
Сумен жабдықтау саласында 2018 жылдың 20 желтоқсанындағы ахуал бойынша суға арналған тариф Жамбыл облысында 22 пайызға азайтылған. 1 қаңтардан бастап қалған 16 өңірде тарифтер кемітіледі. Сондай-ақ су тарту саласында да 17 өңірде тарифтерді төмендету жүзеге асырылады. Осының нәтижесінде жалпы сумен жабдықтау және су тарту қызметі үшін халық 2 млрд теңгеден аса қаражатын үнемдейді. Газбен жабдықтау саласында да осындай жаңалық болмақ. Газдың бағасы оңтүстік аймақтарда (Алматы қаласында – 12 пайызға, Шымкент қаласы мен Түркістан облысында – 6 пайызға, Жамбыл облысында – 6 пайызға) арзандайды. Түптеп келгенде, халық бұдан 5 млрд теңгеге жуық ақшасын үнемдейді.
Электр қуатымен жабдықтау саласына келсек, электр қуатын өңіраралық желілер бойынша таратуды жүзеге асыратын «KEGOC» АҚ 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап тарифтерді 12%-ға өсіру керек еді. Алайда Табиғи монополияларды реттеу комитеті «KEGOC» АҚ-пен бірлесе отырып, 1 қаңтардан бастап тарифтің өсуін болдырмау және оны қолданыстағы 2,4 теңге/кВт-сағ деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылдаған. Соның нәтижесінде еліміздің барлық өңірінде электр қуатының бөлшек саудадағы бағасы төмендемек. Аталған іс-шаралар нәтижесінде ел тұрғындары электр қуатымен жабдықтау қызметі үшін 14,5 млрд теңгесін үнемдейді деген болжам жасалуда.

Астаналықтар жылына 9000 теңгесін үнемдейді

Түптеп келгенде, бес негізгі коммуналдық қызмет түрі бойынша (жылу, сумен жабдықтау және су тарту, газ беру, электр қуатымен жабдықтау) ай сайын төленетін орташа түбіртектің көлемі төмендейді. Құзырлы министрліктің мамандары еліміздегі әр қаланың тұрғындары қанша қаражатын үнемдейтінін дәлме-­дәл есептепті. Мәселен, ортақ өлшем ретінде ауданы 60 шаршы метрді құрайтын 2 бөлмелі пәтерде тұратын, үш адамнан құралған отбасының орташа шығыны мысалға алынған. Астанада тұратын осындай отбасы ай сайын орташа есеппен коммуналдық қызметтер үшін 10666 теңге төлейді. Ал 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпы алғанда орташа төлем 9604 теңгені құрайды немесе 1062 теңгеге төмендейді. Коммуналдық төлемдер бойынша жылдық үнемдеу көлемі шамамен 9000 теңгені құрайды.
Осы жерде қандай коммуналдық қызмет түрі қанша теңгеге арзандайтынына назар аударалық. Ұлттық экономика министр­лігі таратқан ресми ақпарат бо­йынша жылу беру қызметі үшін астаналықтар қазір 2304,82 теңге/Гкал төлейді. Ал 1 қаңтардан бастап бұл көрсеткіш 2074,82 теңге/Гкал-ға кемиді. Демек, жылу беру қызметінің құны 12,8 теңгеге арзандайды деген сөз. «Астана су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны бұрын өз қызметі үшін судың әр текше метріне 41,26 теңге алса, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл көрсеткіш 37,13 теңгені құрайды. Яғни қызмет түрі 4,1 теңгеге арзандайды. Аталған мекеме бұрын су тартуға әр текше метрге 34,89 теңге талап етсе, енді ол 31,40 теңгеге кемитін болды. Су тарту қызметі үшін елордалықтар 3,5 теңге кем төлейді. «Астана­ЭнергоТұтыну» ЖШС-тің 1 теңге/кВт-сағ үшін 11,60 теңге алса, 1 қаңтардан бастап ол 10,28 теңгеге арзандайды.

Монополистер 6 ай сайын есеп береді

– Бұған қоса, жергілікті атқарушы органдар пәтер иелерінің кооперативі, қоқыс шығару, жеделсаты қызметі, автобуспен жолаушы тасымалдау қызметтерінің құнын да төмендетуге қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Астана қаласы мен Атырау облысын қоспағанда, еліміздегі 15 өңірде аталған қызмет түрлерінің тарифтері төмендейді, – деп хабарлады Ұлттық экономика министрінің орынбасары. 7 қарашадағы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев табиғи монополия субъектілері қызметтерінің тарифтерінің ашықтығының жоқтығын, халықпен кері байланыстың орнамағанын қатаң сынға алған болатын. Президент шын мәнісінде қарапайым халықтың өз ақшасының қайда жұмсалатынын білмейтінін мысалға келтірді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Үкімет «Табиғи монополияларды реттеу туралы» жаңа заң жобасын дайындап, оны Мәжіліс пен Сенат мақұлдаған. Серік Жұманғарин аталған заңдағы жаңалықтың бірі монополистер 6 ай сайын өзінің қызметі, тұтынушылардың қаражатының жұмсалуы жөнінде БАҚ арқылы халыққа есеп беретінін жеткізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды