«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Таңғы шықтан нәр алған…

0 17

Мен Өріс Яшүкірқызының есімін бала күнімнен білемін. Өйткені ол кісінің сатиралық әңгімелері, өлеңдері біздің облыстық газетте жиі жарияланатын. Кейбір шығармаларын жатқа да айтушы едім. Бірақ сол кезде сүйікті авторыммен таныс боламын, араласамын деген ой мүлде болған емес. Жә, әңгімемізді кейіпкеріміздің өмірінен бастайықшы.

Апай, негізі Шәмші ағамыз тамылжытып әнге қосқан сұлу Сырдың бойында дүние есігін ашқан. Жасынан өлеңге ынтық қыз бала Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Онымен бірге сол жолы қазақтың әр өңірінен жиналған талантты балалар білім алады. Кейін олардың арасынан айтулы жазушы, талантты публицист Марат Қабанбай, көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметова, белгілі журналист Жұмагүл Саухат секілді танымал тұлғалар шықты.
Қаламгер алғашқы еңбек жолын өзінің туған жеріндегі «Сырдария» аудандық газетінен бастайды. Ол кезде аудандық басылымның тіршілігі қазандай қайнап жатады. Сол қазанға «күмп» ете қалған жас маман бір-екі жылда нағыз бесаспап қызметкерге айналды. Тек қара мақаланың көрігін қыздырмай, өзінің ойындағы көркем шығармаларында жазып жүреді. Сөйтіп, қаламы жазуға төселе түседі. Одан кейін оның журналистік жолы жаңадан шаңырақ көтерген Торғай облысында жалғасады. Жиырма жылға жуық облыстық телерадио саласында еңбек етіп, жұрт қызығып қарайтын мазмұнды бағдарламалар әзірледі.
1997 жылы облыс жабылған соң журналист іргетасы енді қалана бастаған бас шаһарға қоныс аударып, осындағы қалалық «Ақмола ақиқаты» (Қазіргі «Астана ақшамы») газетіне жұмысқа орналасады. Елдің бас ордасы Алатаудан Арқаға көшіп келгеннен кейін елордалық басылымға да соны өзгеріс, жаңаша леп келді. Газеттің де көлемі үлкейіп, редакция ұжымы жан-жақтан жиылған қарымды журналистермен толықты. Өріс апай сол жылдары оқырмандардың бәрі ығып тұратын басылымдағы «SOS» деген ақпараттық айдарды тұрақты жүргізіп отырды. Кейін әлеуметтік сала бөлімінің меңгерушісі болды. Осы бөлімде жүргенде жазған «Баған басында жанған жігіт» атты мақаласы қоғамда үлкен сілкініс туғызды. Бірде редакцияға бас инженердің жауапсыздығынан жұмыс барысында отқа оранып, денесінің көп жерін күйік шалған жігіттің қарындасынан шарасыздықтан жазған хаты келеді. Онда ағасына жұмыс беруші мекемесінен ешқандай көмек болмағандығын және емделуге ақша таппай қиналып отырғандығын айтқан. Осы хаттың ізімен журналист табанды зерттеу жүргізіп, жігіттің жанайқайын жеткізді. Оны апайдың өзі былай еске алады:
«Бұл мақала бірінші беттен бастап берілді. Сол кезде бір шенеуніктің аң аулап жүргенде мінген ұшағы апатқа ұшырап, ауыр жарақат алып, оған үкіметтен шетелге емделуге қаржы бөлінген еді. Соған күйінген газеттің бірінші орынбасары Дидахмет Әшімханұлы: «Лауазым иесі жарақат алса, оған мемлекет емделуге қолдау көрсетеді. Ал қарапайым адам жұмыста ауыр жағдайға тап болса ешқандай көмек жоқ. Біз бұған үнсіз қалмаймыз. Акция жариялап, қолдайық» деді. Мақала жарияланғаннан кейін акцияны Парламент депутаттарынан бастап барша оқырман қолдап әкетті. Сөйтіп, жарақат алған жанның ем алуына қаржы жинап берді. Бұл да – кез келген қалам ұстаған адамның қолынан келе бермейтін іс. Сол жылдары басылымда бірге қызмет істеген белгілі журналист Талғат Батырхан Өріс апайды редакциядағы жігіттердің анасындай болғанын айтады. «Ол кісі бәріміздің үлкеніміз болды. Сондықтан айтқанын екі еткен емеспіз. Тату-тәтті ұжым болдық. Оның әлеуметтік саладағы мақалаларын жұрт қызығып оқыды. Өмірдің боямасыз суреттерін де ақ параққа мөлдіретіп түсірді. Кейін бұл дүниелер жинақ болып басылды. Мұхит аға мен апайдың арасындағы сыйластықтың өзі – өнеге» деді ол.
Өріс Яшүкірқызы – Журналистер Одағының ғана емес, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Бала жасынан қара сөзді қадір тұтып өскен қаламгердің «Сексеуілдің шоғы», «Шенеунікше тактика», «Ескі қоныстағы ел», «Қараша қаздың қаңқылы», «Айна көңіл», «Боямасыз өмір» деген бірнеше сатиралық және поэзиялық кітаптары жарық көрген. Оның сатиралық шығармаларында ауыл өмірі мен онда өмір сүріп жатқан адамдардың шынайы тіршілігі суреттелген. Ол әңгімелерден артық бояу, әсіре сөз таба алмайсыз. Әрбір оқиға шымшыма әзілмен астарлап берілген. Өмірден өзінен ойып алынған туындылар деп айтуға болады.
Айтпақшы, биыл Өріс апай өмірдің мерейлі бір белесін бағындырды. Бұл жасқа қаламгер ғұмыр бойы жинаған абыройымен жетіп отыр. Қазір ол кісі іргелі әулеттің анасына айналды. Сонда да қолынан қаламын тастаған емес. Жақында «Қазақ әдебиеті» газетінде «Пішту, пысқырғаным» деген сатиралық әңгімесі басылды.
Біздің кейіпкеріміз өзі туралы бір өлеңінде: «Таңғы шықтан мен бойыма нәр алдым»деп жазыпты. Туған жерінің таңғы шығынан нәр жинаған қаламгердің жазғандары да таңғы шықтай мөлдіреп тұрады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды