«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Таңдау құқығынан айырмайық

0 43

«Обыр қаупі бар» деген дәрігердің диагнозы әркімге де ашық күнде жай түскендей әсер етеді. Мұндайда жақын-жуығы жақсы дәрігер іздеп, жан-жаққа сабылады. Алдымен ауданнан облысқа барады. Олар бір шешімге келер бұрын науқастың анализдерінің алдын Алматыға жібереді. Үміт пен күдік араласқан күндер зуылдап өтіп жатыр. Жаман айтпай жақсы жоқ, мұндайда ерте қамданған жөн. Содан жанын шүберекке түйіп, жағдайы барлар астанаға келеді.

Нұр-Сұлтанда тек осы обырға бейімделген жалғыз Онкология­лық орталық бар. Мұнда дертті жазбай танитын заманауи құралдар түрлі аппараттармен жабдықталған. Бастысы, білікті де тәжірибелі дәрігерлер де осында жиналған. Бірақ…
Осы бірақтың басын ашып айтқанымызда жүрегіміз бен ақылымыз екіге бөлініп, өзімізбен айтысады. Жалпы талап бойынша, орталыққа бөлінген қаражат тек астаналықтарды ғана емдеуге бағытталады. Бұл дұрыс, миллионнан астам халқы бар қаланың бюджеті республика аумағын түгел қамтуға шамасы жетпейді. Өзге өңірлердің адамдарына өз жерінде қаражат бөлінген. Сонда еңбек етіп жүрген дәрігерлері бар дегендей. Осы бюджеттің есебінде емделгіңіз келсе, онда қалаға тіркеліп, емханаға бекітіліп, еміңізді алыңыз. Ақылдың уәжі – осы. Енді жүрегімді тыңдалық.
Жаман аурудың лебі шалып өткендердің көбі шалғай ауылдарда тұрады. Тұрып жатқан жерінен облыс орталықтары мен астананың арасын есептегенде жол арасы бірдей де болып жатады. Бір жанын алып қалса, астананың дәрігерлері алып қалатындай аңсары ауатыны да сондықтан.
Бірақ белгіленген тәртіптен ешкім аттап өтпейді. Түптеп келгенде, айықпас дертке шалдыққан науқасты таңдау мүмкіндігінен айырғандай боламыз. Өйткені барлығы да – Қазақстанның азаматтары, кең-байтақ өз еліміздің тұрғындары. Басқа-басқа жаман кесел келгенде неге қалаған жерінде ақырғы емін алмасқа? Мүмкін үлкен жердің емі оңынан келіп, сауығып та кетер. Болмаса, дер кезінде алған дұрыс емнің шипасы өмірін бес-алты жылға созып берер. Бірақ… Таңдау аз.
Аяғы астанаға жеткендер қалтасы көтерсе, орталықтан ақылы түрде қызмет алады. Орта есеппен бір ауруды анықтау үшін 20-шақты анализ қажет деп есептесек, онда оның басы 40-30 мыңнан басталып, соңы 7-8 мыңмен аяқталады.
Басыңызға бейнет түсіп келгенде Нұр-Сұлтанда жанашыр туысыңыз болса жақсы. Ол үйі­не тіркеуге қойып, емханаға бекітеді. Емханаға тіркеліп болған соң, онколог дәрігерге барып орталыққа жолдама алады. Онымен маман-дәрігерге көрінесіз. Ол бірқатар талдауларын емханаға жасатуға кеңес беріп, кейбірін қаланың кең спектрлі зертханаларына, не орталықтың зертханасына жібереді. Сонымен зертхана нәтижелері қолыңызға тигенде ақ халатты жандардың келелі кеңесін тыңдайсыз. Обыр қатері айналып өтсе, жақсы. Алайда мұндай күдікпен келгендердің диагнозы көбіне расталады. Тек, обырдың кеулеген кезеңін, стадиясын анықтап, қандай ем жасалатыны шешіледі. Химиятерапия, ота, сәулелі ем, тағысын тағы ем-шара квота арқылы, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде жасалады. Одан кейінгі паллиативті көмектің жайы белгілі. Осылайша науқас жердегі «қыл көпірдің үстімен» өтуі тиіс. Егер қалтасында қаражат болмаса, басқа салмасын. Бұл – қалада тұрамын деген құқыңыз болғандағы жағдай.
Бұл мәселе жергілікті басқару орындарында да көтеріліп жүр. Қалаға көбіне солтүстік өңірлерден келіп жатады. Сондықтан да болар, екі қаланың осы саладағы жетістіктері айтарлықтай. Ал статистика бойынша елордада ем алған әрбір бесінші адамның біреуі басқа өңірден келетіні де сондықтан. Бұл ретте өзге өңірдің ақ халатты жандарының қызметіне шәк келтіргіміз келмейді. Дегенмен, керек десе емханасына тіркеліп, тегін ем алудың ізіне түскендердің жолын жеңілдетіп, неге орталықта аймақтан келгендерге мүмкіндік жасамасқа?! Қажет болса келген өңірлеріндегі осындай науқасқа бөлінген қаражатты орталыққа аудартып алмасқа. Одан қалды Орталық Арқадағы осындай орындармен байланысып, емдеу жолдарын жетілдіруге қолғабыс берсе көш түзелер еді.
Әзірге, көкірегіне үрей кірген, обыр қаупі барлар орталықтарды жағалап, дертіне дәру іздеп жүр. Мүсәпір қалпы мұндағы ағайындарының жанын ауыртып, олар да таныс дәрігер іздеп, бірге сарсылуда. Есікті теуіп ашып барғысы келсе ақшасы аз, бармайын десе аурудың беті жаман. Қалаған жерінде ем алып, ақырғы жылдарын мүмкін айларын лайықты өткізгісі келсе, таңдауын тарылтып отырмыз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды