«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тән кеселінен жан кеселі күрделі

0 61

Түнімен тісіміз ауырып шықса, ертесіне таң атар-атпастан стоматологтың қабылдауына жүгіреміз. Сөйтіп, ауырған тісті емдегенше тыным таппаймыз. Алайда жанымыз ауырып, мың сан ойлар мазалап, жанымыз жай таппаса да дауасын іздемей, сүйретіліп жүре береміз. Өйткені тіс ауруындай ет пен терімізге батпайды. Психикамыздағы өзгерістердің салдары ауыр боларын ескермейміз. Десе де ол тәннің кеселінен де күрделі.

Өкінішке қарай, көз алдымызда адам психикасының қалыптан тыс өзгерістерін жаман әдеттей қарап, дертке баламаймыз. Қарадан-қарап айналасындағылармен ұрысып, жақындарымен жұлысып дегендей, не санасы тұмандана бастаса, мінезі деп мән бермеуге бейімбіз. Мұндай ауытқушылықтардың себебін іздемек түгіл, психолог қызметін естен шығарамыз. Ал сол психологтар дені сау адамның сипатын былайша суреттейді екен. Ол айналасындағы әлемді дұрыс қабылдайды, іс-әрекеттеріне саналы есеп бере алады, жан-жағына салғырт қарамайды, аздап белсенділігі бар, жұмысқа қабілеттілік те бір қасиеті, үнемі алдына қойған мақсатына ұмтылады, қатар-құрбысымен жақын қарым-қатынас орната алады, отбасылық өмірі де толымды, жақын адамдарымен тығыз байланыста, жауапкершілікті сезінеді, өзінің өмірлік жос­парын, асыл мұратын анықтап, оны жүзеге асыруға қабілетті, өзін-өзі дамытуға, тұлға болып қалыптасу жолында әрекет етеді. Психологиялық сау адам ақыл-ойы, өмірдің соққысы мен қиындықтарға қарсы тұратын қасиеті, құндылықтары бар.
Осы толыққанды жаны да, тәні де сауларға психикасының кемшіні барларды қарсы қоюға болады. Бұларды невротиктер, психопаттар және социопаттар деп бөлуге болады. Бұлардың барлығының психологиялық денсаулықтарында кінәраттары бар. Бұлардың ішкі психологиялық проблемалары қордаланған сайын айна­ла­сын­дағылардан жасыруға дәрмені азай­ғандар. Санасын сенімсіздік, қатыгездік жайлап, ішкі дүниесінде үйлесім болмай, екіұдай күй кешіп, қайғы мен күйзеліс басып, жаратылысы езіліп-жаншылып, жасында бол­ған психикалық соққыдан арыла алмай, қорқыныш бойын билеп, одан зардап ше­гетін, дағдарыстағы адамдар. Мұндайлар ішіндегісімен бөлісіп, маңайындағылармен аралас-құралас болуға құлықсыз, өз ісіне не айтқан сөзіне де жауап бермей, ақыл-есіндегі, әрекетіндегі кемдіктер көзге ұрады, қастыққа, қиянатқа бейім болса да өмірлік сын-қатерлерді жеңуге қауқарсыз болып келеді.
Тұлғалық дағдарысқа түскен жандарды есепке алып, емдейтін орталықтың бірі – қалалық психикалық денсаулық медицина орталығы. Осы ретте адам жанының емшілерімен жолығып, жағдайды білмек болдық.
– «Стигма» деп адамның жолында кездесетін кедергілерді айтады. Сондай кедергіге айналған нәрсенің бірі – ауызекі тілде «психушка», «№25 автобустың соңғы аялдамасы» деп айтып жатады. Науқасы барлар түгіл, жай адамдар да атынан үркіп, мұнда келуге арланады. Бірақ қорқудың керегі жоқ, адам дер кезінде психиатрдың қабылдауында болып, ерте бастан ем бас­таса, дерт дендемей тұрып сауықтыруға болады. Адам жаратылысына жат емес, күйзеліс үдеп, невроздық белгілері басым түсіп, үнемі еңсесі басылып, ұйқысы бұзылып, жағымсыз ойлар мазалай берсе, дәрігер кеңесіне жүгінген жөн. Әдетте, бұл белгілерді тұрмыстың түйткілінен болған уақытша өзгерістер деп елемеуге тырысады. Осы жайттарды ескере келе, қоғамда қалыптасқан кедергіні айналып өту үшін психиатр-дәрігерлер бір жерде ұстамай, қала емханаларында кабинет ашып, тұрғындарды қабылдауға мүмкіндік ашылды. Нұр-Сұлтан қаласындағы №2, 6, 9, 10 емханаларда орналасқан психиатрларға жеке барып жолығып, маманның пікірін біліп, тиісті ем-шара алуға болады. Бұл – біздің қызметіміздің барлық тұрғындарға қолжетімді болуы үшін жасалып отырған қадам. Біздің бөлімде психотерапия-психокоррекция деген қызмет бар. Мұнда еркін келіп-кетуге болады. Невроз, неврастения сияқты жүйкенің ауытқушылықтарын жылдам қалыпқа келтіруге болады. Күндіз ем алуға арналған стационар бар. Мұнда маман-дәрігерлермен бірге психологтар жұмыс істейді, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы психикалық денсаулық медицина орталығының медициналық бөлім бойынша ауруханадан тыс көмек жөніндегі директор орынбасары, бірінші санатты психиатр-дәрігер Анар Тастембекова.
Бүгінгі әлеуметтік қиындықтар, ертеңгі күнге деген сенімсіздік, күрделіленіп кеткен адамдардың қарым-қатынастары, тұрмыстың басқа да ауыртпашылықтары адам денсаулығында да ізін қалдырады. Адамдар бір-біріне мейіріммен қарап, орын алған өзгерістерді қалт жібермей, уақытында бағалай білсе, ол да науқасқа көмек. Жалпы, қандай жағдай болмасын, маманның біліктігіне сүйеніп, психологтың кеңесін алып алға ұмтылса, жаныңды жеген кесел де кері шегініп, өмір сүру жеңілдейді.
Қалалық №25 автобусқа отырып, соңғы аялдамасынан түсіп, «психушкаға» барған кезімізде осы ойды көкейімізге тоқып қайттық.

«CHECK-UP»

Медицинасы дамыған елдердің денсаулық сақтау саласындағы тиімді тәжірибелері елорда клиникаларынан да айналып өтпейді. Соның бірі – «Check-up» пациенттерді кешенді диагностикалау бағдарламасы. Бұл сөз ағылшын тілінен аударғанда тексеру деген мағынаны береді. Қазіргі ұғымында адамның басынан бақайшағына дейінгі ағзаның жай-күйі, дем алысы, жүрек қағысы, қан айналымы, бауыры мен буыны, тәбеті қалай дегендей жайттарды айналасы үш күннің ішінде дәл анықтап, қолыңызға анықтамасын ұстататын қызмет түрі.

Әрине, ақылы түрде. Кешенді түрде жүргізілетін тексерудің бағдарламалары әр клиникада әртүрлі. Айталық, ҚР Президенті Іс басқармасының медициналық орталығы ауруханасының базасында пациенттер үшін диагностикалық қызметтер кешені Сheck-up-Premium бағдарламасын қарастырған. Бағасы – 300-500 мың теңге аралығында. Үш күнге созылатын бұл қызметтің қайсысы пациенттің мұқтажына сай келетінін дәрігердің өзі анықтайды.
Осындай кешенді қызмет №1 қалалық ауруханада да бар. Орталық нерв жүйесі, кардиологиялық зерттеулермен бірге бауырды да толық тексеріп шығуға болады. Әйелдер мен ерлердің денсаулығына да ерекше көңіл бөлінген. Бағасы 80 мыңнан басталып, 150 мыңға дейін жетеді. Егер аппараттарға түсу қажет болса, екі күннің ішінде түсіп, бар ақпаратын алуға болады.
Сонымен бірге, жүректі Ұлттық кардиохирургия орталығындағы орайластырған бағдарламаларға сәйкес тексертуге болады. Құны 50 мыңнан басталады. Мұнда толық зертханалық және заманауи құрал-жабдықтар арқылы тексерулер жүргізіледі. Бұлардың ішіндегі ең қымбаты – «Коронарография» бағдарламасы жеке тұлғалар үшін 200 мыңға түседі. Коронарография рентген аппараты жүректің ишемиялық ауруларын анықтап, коронарлық артерияның қысылған орны мен деңгейін дәл көрсетіп береді. Адам өзінің психикалық жағдайын білмек болса, оның да ақылы түріне қаралуына әбден болады. Осы ретте Психикалық денсаулықтың медициналық орталығы төрт пакет ұсы­нады. Онда психодиагностика, кәсіптік бейімделу және тұлғалық тану, балалар мен жасөспірімдердің психологиялық портреті кіреді. Білікті психиатр, психолог, терапевт, невропатолог кеңес беріп, адамның мінез-құлқындағы өзгерістерді анықтайды. Бұл қызмет бес жарым мыңнан басталып, 10 мың теңге ішінде қарастырылған.
Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 көпбейінді қалалық аурухананың жақсы жері, адам дене мүшелерінің нақты қай жері ауыратынын айқындап алып, соған қатысты зерттеулер жүргізеді. Мысалы, буыныңыз сырқыраса, ревматологтың қызметі мен қажетті аппаратқа түсуге 8800 теңге кетеді. Іс-сапармен қалаға туысыңыз келсе, оның да денсаулығын тексеруге мүмкіндік бар. Бұл ұсынымға терапевт пен урологтың кеңесі кіреді. Түрлі талдаулармен бірге, дәрігер қажет деп тапса, ультра дыбыстық зерттеу жасауға болады. Бағасы 10000-нан басталып, 23550-ге жетеді. Ішкі органдар мен гормондарды тексеру де 25 мыңның ішінде қарастырылды. Егер осы қызметті түгел алғыңыз келсе, оны қаражатыңыз шешеді.
Байқаған боларсыздар, егер өз ден­сау­лығыңызды кешенді түрде тексергіңіз келсе, тек қана үздік клиниканы таңдап қоймай, тиісті бағдарламаны таңдай біліңіз. Дұрысы, дәрігердің кеңесін ескерген жөн. Мазаңызды алып жүрген ауруыңызды айтып, осыған дейін түскен, өткізген талдауларды ала келіңіз. Егер алып бара жатқан ауруыңыз жоқ, бірақ еңсеңіз көтертпей, бейжай болып жүрсеңіз, онда базалық бағдарламаны таңдап, барлық анализді тапсырғаннан кейін көп нәрсе белгілі болатынын біліңіз. Мұндай пакетке қанның жалпы талдауы, биохимиялық талдауы, инфекциялық талдауы, несептің талдауы кіреді. Денсаулығыңыз туралы невролог, лор, кардиолог, офтальмолог, гинеколог, уролог, хирург, стоматолог сияқты мамандардың пікірі де маңызды болса, осы арқылы кеңесін аласыз.
Сонымен, «Check-up» – уақыты жоқ, бірақ өз денсаулығына жауапсыз қарамайтындар үшін таптырмайтын нәрсе. Кейде ұйқыңыз тыныш болуы үшін денсаулығыңызда проблема жоғын білген жақсы. Онда бұл бағдарлама сізге арналған. Алайда бос уақытыңыз болса, осы қызметті өзіңіз тіркелген емханадан да тегін алуға болады. Айырмасы – кейбір аппараттар мен маман дәрігерлерге алдын ала жазылып, кейде айлап кезек күтетін боларсыз. Оны да ескеріңіз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды