«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тамсандырған Моцарт

0 45

Кеше бас қаладағы «Астана Опера» театрында жас пианист Клим Пак пен дирижер Арман Оразғалиевтің «Тамсандырған Моцарт әуендері» атты концерті өтті.

Классикалық музыканың байрағы желбіреген тамаша кеште ұлы композитордың терең философияға құрылған шығармалары орындалды. Әсіресе, П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясы жанындағы орталық музыкалық мектептің бірінші курс студенті, халықаралық байқаулардың лауреаты, талантты жас Клим Пактің өнері ешкімді бейжай қалдырмады. Жасынан өнерге құштар болып өскен бозбола күйсандықта алып тұлғаның туындыларын төгілдіріп ойнады. Көрермен дарынды жігітке қайта-қайта қол шапалақтап, ризашылықтарын білдірді. Оның елордалық опера театрының сахнасында өнер көрсетуі бекер емес. Ол былтыр бас қалада дәстүрге айналып, талай талантты жасқа жол ашқан IV Халық­аралық классикалық музыка фестивалі мен «Astana Рiano Passion» жас пианистер байқауында осы театрдың арнайы жүлдесін жеңіп алып, Астана әкімі сыйлығының иегері атанған.
Жалпы, В.Моцарт десе, елең етпейтін жан жоқ. Ол өз дәуірінде шығармаларын барлық үлгі мен жанрда жазған. Ұлы композитор опералық және симфониялық музыкаға да айтарлықтай үлес қосып, классикалық концерт жанрын қалыптастыруға із салған.
Кеш барысында Арман Оразғалиевтің дирижерлігімен музыканттың фортепиа­но мен оркестрге арналған «№14 концерт» шығармасы ойналды. Сондай-ақ, әйгілі «Фигароның үйлену тойы» сықақ операсына жазылған шаттыққа толы увертюра – жарқын бейнелердің алуандығымен қиялды жетелейтін пьеса түрінде көрерменге жол тартты. Композитордың күш-қайраты тасыған жігіт кезінде жазылып, композициялық құрылымымен ерекшеленетін «№29 симфония ля мажор» деген симфониясы да әсерлі шықты.
Қысқасы, кешке келген көрермен классикалық музыканың қайнарынан қанып ішіп, керемет көңіл-күйге бөленді.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды