Вторник, 25 Июль 2017
-->

Талғат МАМАШЕВ: Барша қазаққа рухани сілкініс керек

Ертең Астанада Дүние­-жүзі қазақтарының V құрылтайы басталады. Осыған орай, біз Дүние­жүзі қазақтары қауымдас­тығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев­пен сұхбат­тас­қан едік.

4559d38a-b848-450b-b1ed-014edd6d7d2f

– Талғат Асылұлы, тағдырдың жазуымен кезінде жер бетіне тарыдай шашыраған қазақтың басын қосуда Елбасының және құрылтайдың атқарып келе жатқан қызметі ерекше.
– Дұрыс айтасыз, Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы қазіргі таңда атамекеннен
сыртта жүрген қандастарымыздың басын қосып, тарихи отандарымен байланыстырып тұрған бірден-бір қоғамдық ұйым болса, оның басқарушы органы – құрылтай осы бағыттағы барша жұмыстардың қорытындысын шығарып, болашағына бағыт түздіріп беретін алқалы жиын. Сол жолды бастап берген бірінші құрылтайдың 1992 жылдың 28 қыркүйегі мен 4 қазаны аралығында Алматыда өткені мәлім. Бұл еліміз егемендігін алып, алғашқы елең-алаңның алмағайып күндерін бастан кешіп жатқан кезі еді. Соған қарамастан, тәуелсіз Қазақ­станның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев хал­қы­мыздың үштен бірін құрайтын бөлігі өкілдерін елге шақырып, арнайы мәслихат құруға тәуекел етті.Мен ол кезде Алматы облысы әкімінің орынбасары едім. Сол күндері қызмет жағдайымен бірінші құрылтайдың бүкіл ойындары мен салт-дәстүрлері қанат жайған Дегересте ұйымдастыру жұмысының басы-қасында жүрдім.

Осы жолы қазақ жеріне әлемнің 33 елінен келген 800-ден астам қандасымыз алғаш алғаш рет аяқ басты. Олардың әуежайдан түскен бойда жерді сүйіп, тәу еткендерін өз көзімізбен көрдік. Құрылтайда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылып, оның төрағалығына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, төрағаның бірінші орынбасарлығына Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы Қалдарбек Найманбаев сайланды. Міне, содан бері де ширек ғасыр уақыт өтіпті. Екінші құрылтай арада 10 жыл өткеннен кейін шақырылды. Ол 2002 жылы 17-19 қазан күндері Түркістанда өтті. Құрылтай тарихи отанына оралуды аңсап жүрген қандастарымыздың қатарының толығуы жайын талқылады. Онда сон­дай-ақ қауымдастықтың жар­ғысы қабылданып, құрылтай әр бес жылда бір рет шақырылып тұратын болып мәміле жасалды. Алайда үшінші құ­рылтайды мерзімінен екі жыл бұрын шақыруға тура келді.

dkz

Бұған сол тұстағы саяси ахуал әсер етті. Сыртта жүрген ағайынға күн сайын өсіп, өркендеп келе жатқан елдің жаңа байтағы Астананы көрсету мәртебе еді. Сөйтіп, бұл алқалы жиын 2005 жылғы 27-28 қыркүйекте елордада керуен түзді. Бірақ елордада бұл кезде жаңа сипаттағы ғимараттар көптеп салына қоймаған еді. Сондықтан жиын Үкімет үйінің мәжіліс залын жайлады. Ал бұдан кейінгі төртінші құрылтай 2010 жылы өтуге тиісті еді. Дегенмен, сол жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырғандықтан бұл шара бір жылға шегеріліп, сырттан келген қандастарымыз 2011 жылдың 25-26 мамырында Астанадағы Тәуелсіздік сарайында бас қосты. Бұл жиынның ерекшелігі, оның аясында алғаш рет мәдени сала, білім саласы, көші-қон саласы сынды 4-5 министрлікте пленарлық отырыстан кейін секциялық жұмыстар өткіздік. Сол сияқты бір күнді спортқа арнап, әлемнің әр түкпірінен жиналған қазақ диаспоралары арасында футболдан турнир ұйымдастырдық. Тағы бір айтатыны, осыдан бастап құрылтайға жаңа өсіп келе жатқан жас толқынды көптеп тартуға айрықша мән берілді. Себебі алдыңғы екі құрылтайда жастары ұлғайған кісілердің айқын басымдылығы білінген еді. Сондықтан ендігі жерде халқымыздың болашағы саналатын жастар толқынына көбірек көңіл бөлмес­ке болмайтын еді.

erm_8202
– Бұл жолғы құрылтайдың алдына қойылып отырған міндет қандай?
– Аталмыш құрылтайдың да өзіне тән біраз ерекшеліктері бар. Ендігі басқосу Президенттің бұдан бұрын алға қойған өркениет өзегіндегі ең өрелі мәселесі – рухани жаңғыру міндетін жүзеге асырып, ұлтымыздың ұлағаты жолында қызмет етуге бет бұрып жатқан шағында өткелі тұр. Осыған орай жиынның ортақ тақырыбы «Рухани жаңғыру және шет елдегі қазақтар» деген тақырыпта айтылатын әңгімелерді қаузайды. Бұл басқосуға әлемнің 38 елінен 350 ағайын қатысады деп күтіп отырмыз. Бұдан бөлек, оларға елімізден 370 зиялы қауым мен Дүние­жүзі қазақтары қауымдастығының өкілдері қосылады. Құрылтай 23 маусым күні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуы­мен Тәуелсіздік сарайында ашылады. Жұмыстар негізінен бес секция бойынша жүргізіледі. Оның біріншісінде – Мәдениет және спорт, Ақпарат және коммуникациялар, Дін істері және азаматтық қоғам министр­ліктерінің өкілдері қатысып, тиісті мәселелер қаралады. Екіншісінде – Білім және ғылым министрлігінің, үшінші­сінде – Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау, Сырт­қы істер, Ішкі істер ми­нистр­ліктерінің, төртіншісінде – Инвестиция­лар және даму, Ауыл шаруа­шылығы министр­лік­те­рі­нің, бесіншісінде Ден­саулық сақтау министрлігінің өкілдері қатысып, рухани жаңғыру, жастарға білім беру, кәсіп үйрету, жұмысқа орналас­тыру, көші-қон, туризмді дамы­ту сияқты мәселелер жан-жақты талқыланады.

Құрылтайға келетін шетелдік меймандардың 60 пайы­зын 35-ке дейінгі жастар құ­райды. Бұлардың 80 пайызы қазақ жеріне тұңғыш рет қадам басатыны да белгілі болып отыр. Жиында шет ел­дер­дегі қазақ мәдени орталық­тарын қаржыландыру, қазақ жастарын Қазақстанға оқуға шақыру, қандастарға басқа да көмек көрсету туралы жайттар талқыланады. Онда шет жақтарда тұратын қандастарымыздың елге қызы­ғушылығын арттырып, ортамызға шақыру, көшіп келуге тілек білдірушілерді ынталандыру, олардың мұқтаждықтарын білу басты мәселе болмақ. Тағы бір айта кететін жайт, құрылтай аясында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қолдауы негізінде тұңғыш рет шет елдегі қазақ жастары көшбасшылары мен біздегі «Жас Отан», «Жасыл ел» сынды ұйымдардың, сондай-ақ шет елдерде «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып жатқан жастар лидерлерінің форумы да өтеді.

erm_1216

– Құрылтай Астанада ЭКСПО көрмесі өтіп жатқан кезбен тұспа-тұс келіпті.
– Ол да рас. Мұның да өз артықшылықтары жеткілікті. Сондықтан бағдарламада бұл жағы да ескерілді. Мәселен, 22 маусым күні түске дейін меймандарға Астананы таныс­тырамыз. Ал ЭКСПО-ға байланысты бой көтерген үлкен этноауыл оларды бірінші болып күтіп алады. Сол жерден қазақтың бүкіл тыныс-тіршілігі, ұлттық байлығы көрсетіледі. Кешкілік қонақтарды Астана опера театрына «Қыз Жібек» операсының жаңа қойылымына апарамыз. Екінші күні «Назарбаев Университетте» Президенттің қатысуымен пленарлық отырыс көген кереді. Содан кейін делегация мүшелері ЭКСПО-ның павильондарын аралай бастайды. Сол күні шетелден келген қонақтар Мемлекет басшысының қабылдауына барады. Құрылтайдың үшінші күні министрліктерде секциялық жұмыстар жүргізіледі. Қатысушылардың бір бөлігі сол күні түс ауа конференцияда бас қосса, қалған бөлігі жастар форумының жұмысына араласады. Ендігі бір жаңалық, құрылтай күндері «Қазақстандағы медицина жағдайы және туризм» деген секция жұмыс істейді. Ол болашақта ағайындарға арзан бағаға елде емделуге мүмкіндік жасау жайын талқылайды. Сөз соңында біздің «100 жаңа есім» жобасы сияқты, сыртта жүрген қазақтар арасынан да таңдау­лы 100 тұлғаны шығаруға да дайын екенімізді жеткізгім келеді. Бұл да сырттағы қандастарымыздың Қазақстанға деген қызығушылықтарын арттыра түсер еді. Қысқаша айтқанда, құрылтай күндері осындай қарбалас жұмыстар атқарылғалы тұр.
– Әңгімеңізге рақмет!

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*