Четверг, 29 Июнь 2017
-->

ТАЛАПТЫҢ МІНІП ТҰЛПАРЫН…

Әр түлектің көңіліне қимастық сезімін ұялатып, ата-аналардың көкірегіне қуаныш сыйлайтын соңғы қоңырау да соғылды. Бұл күні еліміз бойынша 136 269 түлек түлеп ұшса, астаналық 4978 оқушы қияға қанат қақты.

2006-2017 оқу жылы жалпы білім беретін пәндер бойынша Халықаралық, Республикалық олимпиада мен ғылыми жобалар конкурсы Астанамыз үшін өте үлкен жетістіктерімен есте қалды. Айтулы додаларға 245 оқушы қатысып, 152 оқушы жеңімпаз атанды. Астана қаласының командасы 11 жыл қатарынан жалпыкомандалық есепте І орын алып, биыл да «Үздік команда» атағына ие болды.

Астана дарыны өңірлік ғылыми-практикалық орталығы талаптың тұлпарын мініп, тас қияға өрлеген талантты шәкірттердің басын біріктіретін дәстүрлі «Триумф» балын Mega Silk Way сауда ойын-сауықтыру орталығында өткізді. 200-ден астам оқушылар мен түлектердің қатысуымен өткен салтанатты жиында елордалық талантты оқушыларға қолдау білдіріліп, салтанатты түрде құрмет көрсетілді.

Бағдарламада халықаралық, республикалық олимпиадаларда, ғылыми байқауларда медальдармен марапатталған елорданың 25 оқушысы мен шәкірттерін шыңдауға атсалысқан 10 ұстаз Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің алғыс хатымен марапатталды.

Әділ Әлжанов,  №65 мектеп гимназиясының директоры:

– Биыл мектебімізді 83 түлек аяқтайды. Олардың арасында 3 «Алтын белгіге», 7 үздік аттестатқа үміткер оқушымыз бар. Жалпы, мектебіміз бойынша 520 үздік оқушымыз бар. Ұстаз шәкіртінің білімімен мақтанады. Бізді тау биікке көтеретін осындай жетістіктері көп бола берсін. Біз де өз кезегімізде қолдан келгенді аянып қалмаймыз. 

kbb_6239-kopirovat

Олардың арасында №17 мектеп-гимназияның директоры Рамзия Өмірбаева, №60 мектеп-лицейдің директоры Айман Дүйсенова, №48 мектеп-лицейдің директоры Зәуре Садықова, №46 мектеп гимназияның директоры Гүлмира Байзулда, №3 мектеп-гимназияның директоры Елена Шеверняева, №70 мектеп-лицейдің директоры Марал Қазиева, №2 өнер мектебінің директоры Гүлмира Жангелді, №6 гимназияның директоры Светлана Федорова бар. Осындай марапатты «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Әлия Аяпова мен осы орталықтың ақпараттық-баспа қызметінің әдіскері Айбол Сүлейменов те алды.

Майра Құрманбаева, «Астана дарыны» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры:

– Бүгінгі «Триумф» балы біздің барлық жеңімпаздарымызға арналады. Бұл күнді бүгінде балалар мен ата-аналар асыға күтеді. Өзіңіз көріп тұрғандай, ерекше білімді, қабілетті, дарынды, талант­ты оқушыларымыз бас қос­ты. Олар мерекелік ерекше көңіл-күймен жүр. Жылдан жылға мұндай оқу­шыларымыз­дың қатары көбейіп келеді. Әрине, бітіруші түлектерді қимай шығарып саламыз, бірақ олардың ізін жалғаушы оқушыларымыз да аз емес. Бас­ты мақсатымыз – балаларға стимул беру, өйт­кені олар соған лайық. Осыдан кейін өзге де балалар осы балға қатысуға талпынатын болады.

Шара барысында қалалық Білім басқармасының басшысы міндетін атқарушы Әнуар Жанғозин бітіруші түлектерге ақ жол тілеп:
– Құрметті ата-аналар, ұстаздар, оқушылар! Баршаңыз­ды бүгінгі соңғы қоңырау мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Мектепте үздік оқып, біздерге үлкен қуаныш сыйлаған дара да дарынды оқушыларымыз – қаламыз ғана емес, еліміздің мақтанышы. Білім саласының дамуына үлес қосып, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген әрбір талантты, білімді оқушыға алғыс айтамын. Үлкен өмір жолына бастаған қадамдарыңыз сәтті болсын! – деді. Бойында дарыны мен таланты ұштас­қан, озық ойлы, түрлі білім бәйгелерінде дараланған оқушылар «Жұлдызды сәт» рәсімінде марапатталып, арнайы кубоктарын алды.
Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ардагер ұстаз Әсима Бимендина да бітіруші түлектерді құттықтап, жас­тарды тәуелсіз еліміздің игілігі жолында еңбек етуге шақыр­ды.

kbb_6325-kopirovat

Гүлнұр Ерсайынқызы, №73 мектеп-лицейі дирек­торының орынбасары,  «Үздік орынбасар» дипломының иегері:

– Білімді бала – ұстаздың мерейі, мектептің мақтанышы. Біз де өз оқушыларымызбен мақтанамыз. Шәкірттеріміздің жетістіктері арқасында бүгінгі күні мерейіміз өсіп отыр. Болашақ ұрпақты білім жолында тек қана жетістікке жетелеп жүрген, адамгершілік рухта тәрбиелеп жүрген 20 жылдан аса еңбегімізді елеп, осындай құрметке лайық болғаным – үлкен бақыт. 

Бір жылды артқа тастап, оқу жылын қорытындылаған елордалық білім жүйесі толайым жетістіктерге толды. Астананың 7 мыңнан астам оқушысы республикалық және әлемдік деңгейдегі 65 олимпиадалар мен интеллектуалдық конкурстарға қатысып, нәтижесінде 34 алтын, 46 күміс, 65 қола медаль иеленді. Бұл – үлкен жетістік! Білім жолындағы ең үлкен биіктерді бағындыру!

Елдос Әнкей, «Ақберен» ІV респуб­ликалық ақындық пен шешендік өнер байқауының «Ақындар мүшәйрасы бойынша» алтын медаль иегері, №40 орта мектептің түлегі:

–  «Талаптың мініп тұлпарын, тас қия­ға өрледің, бір ғылым еді іңкәрің, әр қиынға сермедің…» деп Абай атам айтқандай, он бір жыл білім алған алтын ұямызбен қоштасып, ары қарай ғылым қуып, ілім іздеуге аттанып барамыз. Бізге осындай бағыт-бағдар берген мектебіме, ұстаздарыма айтар алғысым шексіз. Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқу грантын иеленіп, қатты қуанып тұрған жайым бар. 

Гүлжан РАХМАН

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*