ТАЛАНТТЫ ТАЛАП ҰШТАЙДЫ

Ұмсын АРҚАБАЕВА, Оқушылар сарайының директоры

–Ұмсын Нұржігітқызы, өске­лең ұрпаққа әртүрлі салада қо­сым­­ша білім беретін бірден-бір мәрте­бесі биік мекемені басқа­рып отырсыз. Дәл қазіргі таңда Оқушылар сарайында қанша үйірме жұмыс істейді?

–Елбасымыз еліміздің болашағы бүгінгі жас ұрпақтың қолында екенін әрі жас буынды жан-жақты қолдау мәселесін үнемі өз сөзіне тірек етеді. Міне, осындай мақ­саттан бастау алған бүгінгі Оқу­шылар сарайы жас ұрпақты ұлт­тық және патриоттық, ғылыми-ин­теллектуалдық әрі техникалық ба­ғытта, қоғамдық-азаматтық, шы­ғар­машылық-мәдени, сонымен қатар, салауатты өмір салты негі­зінде тәр­биелеп, оқыту арқылы баулиды. Бо­лашағын белгілі бір кәсіп сала­сымен байланыстырғысы келе­тін оқушыларға, сондай-ақ, қабі­летті, талантты, өнерлі дарын иеле­ріне әрқашан есігіміз айқара ашық. Мін­детіміз – әр баланың қабілетін ұш­тай білу. Мұндай заманауи жан-жақты тәрбие ордасында білім алу әр оқушыға арман және абырой деп білемін. Қазіргі таңда балалар мен жасөспірімдерге негізгі 14 бағыт бойынша 137 үйірме жұмыс істейді. Жаз айында үйірме жұмыстарына қатысушылардың саны он мыңнан асады. Ал, қазір, қыс мезгілінде 7500 бала қосымша білім алып жүр. Оларға 141 ұстаз сабақ береді.
–Оқушылардың қандай үйір­меге қызығушылығы басым?
–Біздің оқушылар математиканы жақсы көреді екен. Одан кейін ағылшын тілін меңгеруге құмар. Олимпиада ойынынан кейін оқушылардың спортқа қызығушы­лығы артты. Оның ішінде жеңіл атлетика, бокс үйірмелеріне жазылушылар көп.
–Шәкірттің тұлғалық қасиетін дамыту үшін қандай жағдайлар жасалған?
–Балалар мен жасөспірімдерге білім беру, олардың тұлғалық қасиетін дамыту үшін барлық қолайлы жағдай жасалған деп айта аламын. Әр балаға қажеттілігіне және мүмкіндігіне сай арнайы мамандармен біріге отырып жү­зе­ге асатын, нәтижесінде – іс-тәжірибеге бағытталған білім бе­рі­леді. Қосымша бiлiм беру пе­да­гог­тары арасында көптеген ға­лым­­дар, еліміздің мәдениет қайраткерлерi және танымал спортшылар бар. Елбасы өз сөзінде «елі­мізге өзін­ше ойлай білетін ма­ман­дар көбі­рек керек» деген бола­тын. Демек, қосымша білім бе­ру барысында оқушылардың таным­ды­лық бел­сен­ді­лі­гін арт­ты­рып, шығарма­шы­лық әрекетінің да­муына жол ашылған. Қазіргі жа­ңа оқыту техно­логияларының ал­дына қойған мақ­саты – баланың білім, білік, дағ­ды­сын емес, оның же­ке тұл­ғасын қо­сым­ша білім беру арқылы дамыту.
–Оқушылардың ашқан жаңа­лықтары бар ма?
–«Химик-зерттеуші» үйір­месінің шәкірттері Қазақстанда өсе­тін шөптерден иіс су жасап шы­­­ғарды. Қазіргі таңда ашқан жа­ңа­лығымызды Американың Мис­сисипи университетіне сарап­та­маға жібердік. Нәтижесін күтіп отырмыз.


–Мұнда оқушылар машина жасауды үйреніп, кеме, робот үлгісін құ­растырады екен. Ғылыми-тех­ни­калық жетістіктеріңізді ай­тып өтсеңіз…
–Бізде техникалық шығарма­шылық бөлімі бар. Мұнда оқу­шылардың ғылыми-техникалық, инновациялық шығармашылы­ғын дамытамыз. Өзіңіз білесіз, ғылыми-техникалық жетістік­тер­дің қоғамдағы орны жеткіншектердің жаңа техно­логияларға деген қызығушылығын күн сайын арттыруда. Баланы техникалық шығармашылық бағытта тәрбиелей отырып, әртүрлі материалдармен және құрылғылармен жұмыс жасауды үйретудеміз. Бала осылайша еңбек мәдениетін меңгереді. Кәсіби және эстетикалық білім алады.
–Баланың техникалық шығар­машылығын дамыту үшін қанша жастан берген дұрыс?
–Бізде 1-4-сынып оқушыларына арналған «Бастапқы техникалық шы­ғармашылық» үйірмесі жұмыс жа­сайды. Онда балалар алғашқы гра­фикалық білімді меңгеріп, құ­рас­тырудың жолдарын игереді. «Ке­ме үлгісін жасау» спорттық -тех­ни­калық үйір­месінде 4-7-сы­нып оқу­шылары кеме­лердің стенд­тік үлгідегі түрлерін жасап, оны спорттық жарыстарға қатыс­тыра алады. Сабақ барысында олар көлік тарихымен танысып, құ­­рас­тыру­шылық ой қа­білетін же­тілдіреді. Техникалық спорт түрін кеңінен наси­хаттайды. Өндірістік-техни­калық «Робо­то­техника» және «Радио­­электро­ника» үйір­мелері әр­­түрлі тех­никалық құ­рас­ты­руларға қы­зы­ғушылық білді­ретін 6-11-сынып оқушыларын қабыл­дайды.
–Мұнда көпшілікке бейтаныс үйірмелер жұмыс істейді. Жасанды интеллект бөлімі туралы ке­ңінен айтып берсеңіз…
–Жасанды интеллект – бұл модель мен тиісті бағдарламалық құрал­дар жасайтын, ЭЕМ көмегімен шығармашылық міндеттерді шешуге мүмкіндік беретін ғылыми-зерттеу бағыты. Осы ретте айта кетейін, Астана бір жылдан астам уақытқа созылған бәйгеде әлемнің көптеген үміткер қалаларын арт­қа тастап, «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу құқығына ие болды. Қуан­та­тыны – ТМД мемлекеттер аума­ғында тұңғыш рет өткізіледі. Бұл сәтте, «Жасанды интеллект» бө­лі­мі де қалыс қалмай, өз үлесімізді қосуға дайын­быз. Келешекте біз IT маман­дардың арнайы тобын даяр­лайтын боламыз. Жасанды интеллект бөлімінде «Компьютерлік гра­­фика», «Программалау тіл­дері», «Интернет-жобалау», «Ин­дус­­трия­­ның IT және 3D жобалау» үйір­ме­лері жұмыс жасайды. Оқу­шы­­лар­ға тех­но­логияның ұшы-қиыры жоқ шексіз әлемін таныс­тыруға зор мүмкіндіктер жасалған.
–Медиаорталық – болашақ жур­налистер үшін таптырмас тә­жірибе алаңы. Оқушылар орта­лық­та қандай жұмыстармен ай­на­лы­сады?
–Біздің медиаорталық болашақ БАҚ өкілдеріне жастайынан осы саланы «көзімен көріп, қолымен ұс­тап көруіне» зор мүмкіндік туғы­зып отыр. Заманауи құрылғылар­мен жабдықталған орталықта білім мен тәрбие алу үйірмеге қатысушы жет­­кіншектердің шабытына ша­быт қо­сып, қанаттандыратыны хақ. Ба­ла­лар мен жасөспірімдердің баспа­сөз, телевизия, радио, кино, фото са­ла­­ларына деген қызығушылығын арт­­тырады. Бүгінде, «Жас журна­лист» үйірмесіне қатысушылар бі­лімді де білікті мамандардың кө­мегімен өздерін нағыз журна­лист сезініп, алғашқы тілшілік қыз­­мет­терін бастап та кетті. Олар «Ве­чер­няя Астана», «ИнфоЦес» га­зет­те­ріне мақалалар әзірлеп, «Ас­тана» радиосының әуе толқынындағы «Алақай» бағдар­лама­сының шы­ғуы­на ат салысуда. «Видеостудия» мен «Фотостудия» үйір­ме­­ле­­рі­­нің тәр­­биеленушілері болса, мекеме­де өтетін барлық мерекелік іс-шараларды кәсіби тұр­ғыда түсіріп, сол туындыларын мон­таж­дауда талпыныстары зор. Жас фото­сурет­шілер Оқушылар сарайын­дағы барлық үйірмелерге ар­найы фото­сессия жасады. Бола­шақ опера­торлар мен монтажерлар болса, 2012 жылдың желтоқсан айын­да Тұңғыш Президент күніне орай өткен «Видеомонтаж» бай­қауын­да жүлделі орыннан көрінді.
Аталмыш мерекеге орай медиа­орталық қызметкерлері «Елбасы ашқан елордадағы білім ордалары» атты бейнефильм әзірлеп, Ас­тана қаласы әкімдігінің Білім бас­қармасы тарапынан алғыс хатқа ие болды.
–Тележүргізушілерді де даярлайтын үйірме ашылғанын естідік…
–Өткен оқу жылының алғашқы тоқсанында тележүргізушілерді даярлайтын жаңа үйірме ашылды. 400-ден астам жеткіншек жүргі­зу­ші болу үшін бақтарын сынады. Сыннан сүрінбей өткендер Оқушылар сарайындағы және қала бойынша өтетін іс-шараларды жүргізуде. Медиаорталықта білікті мамандар еңбек етеді. Олар – Қа­зақстан Журналистер одағының мүшелері, республикалық радио қызметкерлері, көп жылдық педа­гогикалық тәжірибесі бар ұстаздар. Бұдан бөлек лингвистика, бейнелеу өнері, киім дизайны бөлімдері ашылған.


–Жас өрендердің талабы мен талантын қалай бағалайсыз?
– Оқушылар сарайында білім алып жатқан әрбір оқушы қазақ елінің ертеңгі үміті екені даусыз. Әр оқушының көзінен білімге деген құштарлықты байқайсың. Бір үйірмеден шығып, екінші үйірмеге асығып бара жатқандарын көргенде сүйсінесің. Жеткен жетістіктері де көп. Сегіз айдың ішінде алынған асулар қуантады, әрине. Оның бәрін жіпке тізіп беру қиын. Бастысы – күн өткен сайын білім алғысы келетін бүлдіршіндеріміздің қатары көбеюде. Бәрімізді таңқалдырған оқиғаны айта кетейін. Бір сәтте 15 үйірмеге қатар жазылған бала болды. Оның қызығушылығының артқаны сонша, сабағынан да, үйір­мелерден де қалған емес. Кез келген үйірме бала бойынан тапқырлық пен көп еңбекті талап етеді. Осы қасиеттер біздің балаларымыздың бойында бар.
–Оқушылар сарайы ашылғалы басқарып келесіз. Әйел баласына басшылық қызмет ауыр емес пе?
– Әрине, әр істің көтерер жүгі болады. Басшы кім болса да – әйел басшы болсын, әлде ер азамат болсын, мәселе оның қандай басшы екенінде. Қалай басқарғаны ма­ңызды. Қолынан іс келе ме, ұжым­ды алға сүйреуге қабілет-қа­ры­мы, білімі мен білігі жете ме, осы жағын ескеру керек. Ең бастысы, өз ісіңе жауапкершілікпен қарау керек. Басшы – құрғақ уәде, бос сөзден аулақ болып, өз біліктілігін нақты іспен көрсетуі тиіс деп ойлаймын. Уәде бердің бе, оны орындау керек. Екіншіден, әділдік пен адалдыққа нұқсан келтірмеуге міндетті. Басшы адам әркез есінде ұстайтын үшінші мәселе – қайырымдылыққа жақын болу. Меніңше, қазақ әйелдері бү­гінгі таңда қай саланы болса да басқара алатындығын дәлелдеген секілді.
–Осында шеберханаңыз бар деп естідік. Күрделі шаруалардың басында жүріп, сурет өнерін ақ­сатып алмайсыз ба?
–Шеберхана болған. Бірақ үйірме жұмыстарына кабинет қажет бол­ғаннан кейін, шеберханамды бердім. Алайда, сурет салудан қол үздім деп айта алмаймын. Шаршаған сәтте әріптестерімнің шеберханасы­на барып, сүйікті кәсібіммен айналысамын. Бір айда төрт картина салыппын. Мамандығым сурет­ші болғандықтан, білім ғимараты­ның әрбір бұрышына да көңіл бөлемін. Жаным сұлулыққа құмар болғандықтан шығар, үйде де, жұ­­мыс­та да, айналамда да бар­лық зат­тың әсем, әдемі болға­нын қа­лай­­­мын.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Сонымен қатар

Welcome to Astana – ШЕТЕЛДІК ТУРОПЕРАТОРЛАРДЫ АСТАНА ҚЫЗЫҚТЫРАДЫ

Астанаға Қытай, Иран және ТМД елдерінен 80 туроператор келіп, «Астана Конвеншн бюросының» ұйымдастыруымен өткен «Welcome …

One comment

  1. Кеме үлгісі үйірмесінің бекітілген бағдарламасын қалай алуға болады

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған