-->

ТАКСИ ҚЫЗМЕТІНЕ ТІРКЕЛУ оңай

Көлік қызметкерлері ассоциациясының төрағасы Медет Құрманов өз бетінше жолау­шылар тасымалымен айналысатын жүргізушілерді «Bus Lane» жолақтарына шыққаны үшін жауапқа тартылатынын ескертті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

– Біз қазір ресми тіркелмеген такси жүргізушілерінің «Bus Lane» арнайы жол жолақтарына жиі шығып кететінін байқап отырмыз. Бірақ олар бұдан былай жазасыз қалмайды. Себебі қыркүйек айынан бастап «Сергек» жүйесінің көмегімен жол жүру ережелерін бұзу фактілері, оның ішінде жеке тасымалмен айналысатын такси жүргізушілерінің «Bus Lane» жолақтарына шығуы әп-сәтте анықталып отырады, – деп хабарлады Медет Құрманов.
Елорданың көлік қызметкерлері ассоциациясы төрағасының мәлімдеуінше, қазіргі таңда қоғамдық көліктерден басқа «Bus Lane» жолағымен Астананың жолаушылар көлігі басқармасында ресми түрде тіркелген тасымалдаушылардың көліктері жүреді.
Қазір ресми түрде тіркелген тасымалдаушылардың санын арттыруға бағытталған шаралар қолға алынуда. Енді «Astana taxi» брендімен тек такси қызметін көрсетуші компаниялар ғана емес, жеке такси жүргізушілері де жұмыс істей алады.
Қазіргі таңда бірыңғай такси қызметі жүйесіне тіркелу қиын емес. Ол үшін таксомоторлы компаниялар қауымдастығына хабарласу қажет. Компанияның көлікке қоятын талаптары бар. Көлігіңіздің ескілігі 7 жылдан аспауы керек. Оның түсі ақ болғаны жөн.

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*