«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тайтөбе – елорданың түп тұғыры

0 18

Елордамыздың іргетасы патшалық Ресей тұсында, дәлірек айтсақ, Екатерина ІІ патшайым заманында Ақмола атауымен 1830 жылы қаланғаны, 1862 жылы қала мәртебесі берілгені – кешегі тарих. Сол заманда жаңа қалаға берер жаңа ат таппады ма екен? Неге Ақмола есімі таңдалды? Бұған бұлтартпас дәлел – коммунистердің мысын басқан бабалар рухы болар. Ақмола атауы бұдан 2000 жыл алдында дәл осы өңірде ғұн бабаларымыз тұрғызған қамалға берілген ат екенін бүгіндері білетіндерден білмейтіндер көп. Нақты айтсақ, ғұндар дәуірінде бүкіл Дешті Қыпшақтың ұлан-ғайыр даласын бабаларымыз дархан даланың дәл кіндігіндегі Тайтөбе беліне салынған Ақмола қамалынан бақылағанын тарих дәлелдейді.

Ақмола» атауының түп төркіні көне ғұн заманындағы көне түркі тіліндегі «Ақ» – батыс, «мола» – қамал» ұғымын білдіретінін бүгінгі ұрпақтың құлағына құюшы – жазушы, публицист Алдан Смайлов. Ол сонау бағзы замандағы Византия тарихын жазған Прокопий Кесарискийден бастап, Марко Поло, (1271-1295 ж.) Рубрук Виллем, И.Шангин, (1816 ж.) А.И.Левшин (1832 ж.) сынды зерттеушілер мен бүгінгі заманғы ғалымымыз Қайрат Ғабитханұлының еңбектеріне дейінгі кешегі Ақмола қамалы жайлы көнеден жеткен зерттеу мағлұматтарды онан-мұнан іздетпей әрі байытып жеткізді. Бастысы, ғұндар қорған тұрғызған Тайтөбе, Қараөткел, Қорғал­жын айналасында Бозоқ, Татағай (Бытығай) сынды қала болмаса да қамал, қор­ғандар сонау ғұн дәуірінен бері жалғасқанын, 1694 жылы Нұра өзені бойында Әз Тәуке ханның орда тігіп отырғанын білдік.
«Дәуірінде айбыны асып, қуаты тасып тұрған ғұн көсемдері Сарыарқаның төсінде төрт құбыланы то­ғыс­тырған жер ортасында Нұра мен Есіл өзендері арасында жатқан Тайтөбе белінің үстіне қамал салыпты, кеңдігінен бас айналатын, қарағанда көз сүрінбейтін ұлан даланы сол қамал күндіз-түні қалт еткізбей қарауылдаған» деп жазады.
Сөйтіп, көреген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кезіндегі Астана қаласының орнын Арқа төсінің дәл осы тұсынан таңдағаны бекерден-бекер еместігін көбіміз біле бермейміз. Ал көпшілік тегіс біліп, ел астанасының тарихын асқақтату үшін не істеуіміз керек?
Қасиетті құран кітабындай Мемлекеттің қағидаттар жинағы – «Жеті жарғыны» жазған Әз Тәуке бабамыздың бүгінгі елорданың іргесіндегі жазғы ордасы орнынан тарихи кешен тұрғызу, қаланың ортасынан Тайтөбеге тура апаратын даңғыл салу, көне «Ақмола» қамалы тұрған орынға архитектуралық зерттеу жүргізіп, ескі қамал пішінінде кешенді монумент орнату сияқты шаралар қолға алынуға уақытын тапқан сұранып тұрған иілікті іс.
Елордамыздың ескі жұрты бағзы бабалардан қалған «Ақмола» тас қамалынан бас­талса, осы заманғы Ақмола қаласының іргетасы қалан­ғанына келер жылы 190 жыл толғалы отыр. Тайтөбе беліндегі «Ақмола» қамалының тарихы «менмұндалап» өзіне тартып тұрар болса, Нұрсұлтан қаласының ірге­тасын кемінде 2000 жылдың алдында ғұн бабаларымыз қалағанын ұрпақтың білері, сырт көздің сыр түйері анық. Жатжұрттықтар біздің өркениет бастауымыз әріде жатқан «Ұлы дала» елі екенімізді мо­йындары хақ.
Бұл күнде қанатын кеңге жайған елорда іргесіндегі Қараөткел, Күйгенжар, Көктал, Жібек жолы сияқты елді мекендер қала аумағына кіріп кетті. Өйтсе, бүгінгі елорданың іргетасы ежелгі «Ақмола» қамалы тұрған Тайтөбе одан да бері жатқан Қосшы ауылы неге елорданың, Нұрсұлтан қаласының құрамына енбей оқшау қалуға тиіс? Тарихи сабақтастық, рухани жаңғыру идеясы елордадан қол созым жерде тұрған Бытығайдан, іргесі астанаға тиіп тұрған Тайтөбеден, одан да жақын Целиноград – Қорғалжын тас жолын салу кезінде бұзып тастаған Бозоқ керуен сарайы орнын қайта тарихи орын ретінде жаңғыртудан басталуы керек. 1694 жылы Ресейден Әз Тәуке ханға келген елшілер Ф.Скибин, М.Трошиндер Бытығай қаласын ханның ерекше күтіп отырғанын таңдана жазған екен. Бізге сол үрдісті жаңғырту ләзім. Уақыт бізбен аяқталмайды, Нұр-Сұлтан қаласына алдағы жүздеген, тіпті, мыңдаған жылдардан кейін келген ше­телдіктер бізге де осылай таң­дануы, тамсануы керек.
Кеше ғана Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтановтың аузынан елорданы өркендетудің 5 жылдық жоспарына сәйкес бюджеттен шеткі аймақтарды дамытуға үш жылдық мерзімге 7,5 миллиард теңге бөлінгенін, бұл қомақты қаржыға «Көктал-2», «Ильинка», «Өндіріс», «Железнодорожный» тұрғын алаптарына инфрақұрылымдық құрылыстар салуға жұмсайтынын естідік. Осындай игілікті шаралардың шарапаты қасиетті орын Тайтөбеге де тисе деп ойлаймыз.
Тайтөбе ауылын Нұр-Сұлтанға қосу, алып монумент орнату идеясының жүзеге асуының бастамасы – қазір аяқталуға жақын тұрған елорданың солтүстік батысын көктей өтіп, Тайтөбе бауырымен Қосшы іргесіндегі Қабанбай даңғылына қосылатын тас жол құрылысы. Бұл тас жол Тайтөбені Нұр-Сұлтанға одан сайын жақындата түсері анық.
Реті келгенде айта кетейін, әлемдегі ең кедей елдердің бірі саналатын Моңғолия ата-бабалары Шыңғысхан аруағын Ұлан-Батыр қаласының іргесінде (Гиннес тізіміне кірген) көсемнің атүстіндегі тұлғасымен асқақтатты. Тайтөбені ұлықтауға қатысты ойымызды Моңғолиядағы тағы бір кешенді монументпен сабақтайық. Ұлан-Батыр қаласының оңтүстік іргесінде тұрған «Зайсан толгай» («Жайсаң төбе») атты төбенің басына 1945 жылғы жапондармен шайқаста ерлік көрсеткен моңғол-совет жауынгерлері құрметіне арналған танк ескерткішіне шыққан адам екі ел дос­тығынан гөрі Ұлан-­Батыр қаласының сұлулы­ғына тәнті болады. 500 бас­­­палдақпен төбе басына кө­­теріліп, Зайсан толгай биігіндегі ескерткішке тағзым ету­шілердің көз алдында Ұлан-Батыр қаласы жердегі жұлдыздай құжынап жатыр. Сол сияқты Тайтөбе басындағы бағзы Ғұн бабаларымыз тұрғызған қамал биігінен бүгінгі қазақ ұрпақтары тұрғызған сәулетті Нұр-Сұлтан қаласына көз тастаған әрбір адамның рухы да нұрға малынар еді. Бұл соншалықты бір қол жетпес қиял емес. Алып ЭКСПО шарын, «Хан шатыр» ғимаратын заңғардан асқақтатқан Қазақ еліне Тайтөбеге «Ақмола» қамалының монументін тұрғызу сөз бе, тәйірі! Тек ниет болса…

Бодаухан ТОҚАНҰЛЫ,
журналист

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды