«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тағылымды жүздесу

0 24

Астана қаласының Байқоңыр аудандық Ардагерлер кеңесінің бастамасымен «Жастарды патриоттық және рухани тәрбиелеудегі ардагерлердің рөлі» тақырыбында «дөңгелек үстел» шарасы өтті.

«Тұран» колледжінде ұйымдастырылған жиын барысында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмірзақ Озған­баев­, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов, «Нұр Отан» партия­сы Астана қалалық филиалының бөлім меңгерушісі Қазбек Қазкенов қоғам өміріндегі жастардың әлеуметтік мақсат-мүддесі жөнінде, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылды «Жастар жылы» деп жария­лауының мән-мағынасы жайында әңгімелеп берді.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, филология ғылымының докторы Дихан Қамзабекұлының жастарға қаратып айтқан сөзі жиынға қатысқан студенттер мен жұмысшы жастардың санасына серпін берді. «Тарихқа жүгінсек, сонау қилы-қилы кезеңде Смағұл Сәдуақасов, Ғани Мұратбаев сынды жалынды жастар ел мен жердің бірлігі мен берекесі үшін алдымен білім мен еңбекке сүйену керектігін айтып өткен. Олар сол заманда жап-жас бола тұра бүкіл тірліктің қайнар бұлағын жастардың белсенділігімен байланыстырған. Бағамдақ қарасақ, бұл мұраттар бүгінгі заманға да қатысты. Қазір жастар үшін жан-жақты жағдайлар жасалып отыр. Білім алуға да, еңбек етуге, әрбір жастың бойындағы талабы мен талантын ашуға мүмкіндік бар. Ал Елбасымыздың биылғы жылды «Жастар жылы» деп жария­лауы осы мүмкіндіктерді кеңінен пайдалануға жол ашады. Демек, сіздер үшін елдік мүддені ойлау, қызмет ету мұрат болу керек» деп сөзін түйіндеді.
Астана қаласы Қоғамдық даму істері басқармасының бөлім меңгерушісі Бақытжан Жүнісбеков бүгінгі таңда елордалық жастар үшін әкімдік тарапынан жан-жақты жағдай жасалып жатқанын, осы ретте қалада «Жастардың жол картасы» әзірленгенін, оның аясында 11 бағыт бойынша 153 жобаны жүзеге асыру көзделгенін жеткізді. Осы орайда Астана әкімдігі жастардың идеясын тыңдауға, жаңа бастамаларға қолдау беруге әзір екенін де айтып өтті. Астана жастары үшін жағымды жаңалықтың бірі қаладағы «Жастар» сарайында жастар хабы құрылып отыр. Енді мұнда кешенді іс-шараларды өткізуге, жұмыспен қамту, еріктілер қозғалысы, аулалар клубын дамыту жұмыс­тарын жүйелі жүргізуге мүмкіндік ашылмақ.
Жиын кезінде «Астана су арнасы» кәсіпорнының техникалық шеберхана бас­тығы Александр Бергер де өз ойын ортаға салып, жұмысшы жастардың кәсіби шеберлігін көтеру үшін жасалып жатқан жұмыстар жөнінде, сонымен қатар әлеуметтік мәселелерді де оңтайлы шешу керектігін айтты. Бұл ретте жұмысшы жастар үшін жатақханалар салу немесе тұрғын үй алудың жеңілдетілген жүйелері қажеттігін ұсыныс ретінде білдірді.
Ал аудандық Ардагерлер кеңесінің «Інжу» бастауыш ұйымының жетекшісі Имантай Әлпейісов алдағы уақытта ардагер қауыммен жастар арасындағы сабақтастықты жалғастыру мақсатында түрлі шаралар өткізуді жоспарлап отырғанын айтып, жиынға жиналған жастарға игі тілектерін айтып, батасын берді.
Жиын соңында Байқоңыр аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев осы басқосудың түйінін жасап, Астана қаласының атқарушы органдарына, сондай-ақ ардагерлер ұйымдарына ұсынымдар берілетінін жария етті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды