«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тағы да – «Әлем барысы»

0 9

Қазақ күресінен өткен «Әлем барысында» жауырыны жерге тимеген Айбек Нұғымаров чемпион атағын қорғап қалды.

Әлемдік бәсеке Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті. Оған Қазақстаннан бөлек 29 елден бас-аяғы 33 балуан қатысты. Ал Қазақстан намысын 5 спортшы қорғады. Жарыс ережесіне сай бәрінің салмағы 90 келіден асты. Ал жаңазеландиялық Чико Реремоана Пембертон ең ауыр спортшы болды. Оның таразыдағы салмағы 161 келіні көрсетті.
Финалда Қазақстанның екі балуаны – Айбек Нұғымаров пен Ерсұлтан Мұзафаров күш сынасты. Ақтық бәсеке 4 минутқа созылды. Алғашқы минутта Айбек ескерту алып, Ерсұлтанның еншісіне бір ұпай жазылған еді. Осыны тиімді пайдаланған ол екінші минутта тағы бір ұпай алып, басымдығын арттырды. Алайда қарсыласын ұзаққа жібермеген Айбек үшінші минуттың ортасына таман есепті теңестіруге ұмтылып, жарыс көркін қыздыра түсті. Ал төртінші минутта Нұғымаров айласын асырып, таза жеңіске жетті. Осылайша ол «Әлем барысының» екі дүркін чемпионы атанды.

Жартылай финалда Ерсұлтан Мұзафаров ресейлік спортшы Роман Бобиковті жеңсе, Айбек Нұғымаров грузиялық Гурам Тушишвилиден басым түсті. Ал үшінші орынның жеңімпазы тез анықталды. Грузиялық балуан боз кілемге шығудан бас тартуына байланысты бұл орын ресейлік спортшыға берілді.
Биылғы жарыстың жалпы жүлде қоры 20 миллион теңгені құрады. Оның ішінде 10 миллионы жеңімпазға тиесілі. Тиісінше 6 миллион екінші, 3 миллион теңге үшінші орын иегеріне тапсырылды. Бұған қоса, алтын, күміс және қола белбеулер де қарастырылған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды