«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тағы 36 отбасы Екібастұзға көшті

0 19

«Нұрлы Ертіс» тұрғын үй бағдарламасы аясында Нұр-Сұлтан қаласынан Екібастұзға көпбалалы отбасылардың тоғызыншы легі, барлығы 36 отбасы қоныс аударды.Екібастұз қаласы Жұмыспен қамту орталығының маманы Айгүл Шабекованың айтуынша, бұл жолы 179 адам (66-сы жұмысқа жарамды ересектер, 113-і бала) көшті. Сонымен мамыр айынан бастап осы күндерге дейін аталмыш бағдарлама шеңберінде елордадан Екібастұзға көшкен отбасылар саны 205-ке жетіп, 1175 адамды құрады. Оның басым көпшілігі балалар, яғни 790 жеткіншек.
«Нұр-Сұлтан қаласынан Екібас­тұзға көшуге ниетті отбасылар көп. Менің телефоныма сондай отбасылардан күнде-күнде қоңыраулар түсіп жатады. Телефоныма тыным жоқ деп айтсам да болады. Шамам келгенше телефон арқылы кеңес беріп жатамын. Себебі алыс­та болғаннан кейін бәрін түсіндіру мүмкін емес. Жалпы, өзім осы жұмыспен елордаға жиі келіп тұрамын. Сосын Екібастұздағы мемлекеттік органдар елордадан қоныс аударушылар үшін салынған үйлерге жақын орналасқан. Олар алысқа бармай-ақ, сол мекемелерге барып, керек кеңестерін ала алады» дейді А. Шабекова.
Нұр-Сұлтан қаласының Тұрғын үй қоры мекемесінің мәліметінше, жалпы алғанда Екібастұз шаһарында елордадан қоныс аударатындар үшін 122 – үш бөлмелі және 100 – екі бөлмелі пәтерлер салынған.
«Екібастұзға көшкен отбасылардың бәрі Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған еді. Талаптардың бірі – бұл отбасыларда кем дегенде кәмелетке толмаған үш бала болуы керек. Бірақ Екібастұзда медицина қызметкерлерінің үлкен тапшылығы болғандықтан, олар бір баласы бар дәрігерлерді де қабылдап жатыр. Барған соң олар міндетті скринигтен өтеді. Осы уақытқа дейін Екібастұзға көшкен отбасылардың 70 пайызы жұмысқа тұрғызылып, балалары балабақша мен мектептерге орналастырылды. Берілген пәтерлерде олар бір жыл тегін тұрып, пәтерді жалға алу ақысын төлемей, коммуналдық төлемді жасамайды. Екінші жылы пәтер көлеміне сай ай сайын 6-9 мың теңге аралағында жалға алу құны мен коммуналдық төлемдерді төлей бастайды. Бес жылдан кейін пәтерді жекеменшікке түсіре алады» дейді Нұр-Сұлтан қаласының Тұрғын үй қоры мекемесінің директоры Нұрсұлу Қожахметова.
Осы жолы Екібастұзға көшуге ниет танытқан адамдардың бірі – үш баланың анасы Баян Жоламанова. Елордада пәтер кезегінде ол 10 жылдан бері тұрған.
«Он бір жасымда ата-анаммен елордаға Қарағанды облысынан көшіп келдім. Бой жеткен соң Қор­ғалжынның жігітіне тұрмысқа шықтым. Ата-енеммен ауылда бір жыл тұрған соң қайтадан астанаға қоныс аудардық. Содан бері осындамыз. Үлкен балам қазір он үш жаста. Мамандығым – жалпы тамақтану саласының инженер-технологы. Жұбайым – электр маманы.
Екібастұзда өзімді, жолдасымды жұмысқа тұрғызып, балаларымызды мектеп пен балабақшаға орналастырамыз, екі бөлмелі пәтер береміз деді. Соған қатты қуаныштымыз» дейді ол.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды