-->

ТАҒДЫРЛАР ТОҒЫСАДЫ ЕЛОРДА ЕНДІГІНДЕ

«Astana Musical» театры­ның кезекті премьерасы көрермендерге жол тартты. Бейбітшілік және келісім сарайында екі күн қатарынан жүрген «Астана – менің махаббатым» либреттосының авторлары – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков және композитор Артур Оренбургский. Қоюшы режиссері – Асхат Маемиров.

«Махаббат – ұлы күш» дейміз. Жаңа мюзикл қыз бен жігіттің арасындағы махаббат жайлы ғана емес, атамекенге деген сүйіспеншілік туралы, тағдырдың тәлкегімен туған жерінен жырақтап кеткен адамның сағынышы жөнінде сыр шертеді.
Оқиға негізгі төрт кейіпкер – бозбала кезінде Франция­ға жер ауып кеткен Хамит ақсақал (Сайлау Қамиев), Астанаға әншілер байқауына келіп, бас жүлде алған оның немересі Жанар (Мақпал Дүйсен), Жанарға ғашық болатын Нұржан (Саламат Мұқашев) және Нұржанның әжесі Халима (Айнұр Бермұхамбетова) арасында өрбиді. Сонымен қатар, Айдос және Айша атты қосалқы кейіпкерлер де қойылымда өзінің жүгін лайықты көтеріп отыр.
Мюзиклді тамашалап отырып, әйгілі режиссер, атақты актер Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» кинофильмін еске түсірдік. Алайда екі шығармада ұқсастықтармен қатар, айыр­машылықтар да бар. Фильм­де Тайлақтың анасы Тана ұлының ғашығы Айшаның әкесі Тайырды бойжеткен кезінен танитын болып шығады. Кезінде сәтсіз махаббатқа ұрынған Тана баласына кедергі болуға тырысады. Ақыр аяғында баласының таңдауына көніп, батасын береді.
Мюзикл желісі де Хамит пен Халима бір-бірін балалық шағынан білетіндей етіп құрылды. Тіпті екеуінде бірдей тұмар да болған екен. Тұмарларын олар ке­йіннен немерелеріне таққан. Осы жайт әуежайда кездес­кендерінде анықталады. Фильмнен айыр­машылығы, қарттардың екеуі де немерелерінің махаббаттарына қарсы болмай, баталарын береді. Ата мен әже сол жерде жастық шақтарын еске алысып, ұлы Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін шыр­қайды.
Сондай-ақ, мюзиклде Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ақтоты Райымқұлова, Хамит Шаңғалиевтің шығармалары орындалады. Шығармаға композитор Қайрат Баекенов жазған, Астанада құрылған алғашқы топ – «Бәйтеректің» репер­туарындағы бірқатар әндер де арқау болыпты.


Танымал әнші Алтынай Жорабаева танытқан композитор Махамбет Түгелбаевтың «Елімнің жүрегі – Астана» әні де мюзиклге әдемі кіріккен. Алайда осындай белгілі әндерден өзгесі есімізде қалмады. Әлемдік мюзиклдерді қарап отырсаңыз, оларда шырқалатын әндердің өзі кейіннен хитке айналып, жеке-дара өмір сүріп жатады. Мысалы, «Нотр-Дам де Пари» мюзикліндегі «Bellе» әні. Мюзикл жанры елімізде енді ғана өркен жайып келеді. Кім біледі, болашақта қазақ мюзиклінен де халық сү­йіп шырқайтын әндер шыға ­жатар.
Жалпы, «Astana Musical» театрының бұл – бесінші премьерасы. «Достар серті» мюзиклімен жарқ еткен ұжым одан кейін «Ертөстік», «Ромео мен Джульетта» мюзиклдерін, «Мюзикл әлеміне сая­хат» атты шоу бағдарламаны көрермендерге ұсынған болатын. Ал жаңа премьера туралы сөзімізді түйіндесек, «Астана – менің махаббатым» туындысында еліміздің елордасы сан тағдырларды тоғыстыратын, адамдардың асыл армандарын орындайтын қала ретінде сипатталады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*