-->

ТАБЫСТЫ ЖҮЗЕГЕ АСҚАН ЖОБА

Елордада «Көше саудасына арналған 1000 орын» бағдарламасын іске асыруда екі жыл ішінде 400 кәсіпкер тұрақты түрде жұмыс істеуге мүмкіндік алған.

Бүгінде бағдарламаны Астана қалалық Кәсіпкерлер палатасы жүзеге асыруда. «Бағдарлама шағын және орта бизнесті дамытуға арналған. Оны іске асыру бас қала басшысының қолдауының арқасында мүмкін болды. Елорда әкімдігімен бірлескен жұмыс нәтижесінде бұрынғы 276 сауда орнының орнына 1000 орын келісіліп, өткізілетін өнім түрлерінің саны ұлғайтылды» дейді Астана қаласы РКП директорының орынбасары Бауыржан Бейсенов.
Қазіргі күнде сауда орындарын бөлумен арнайы құрылған комиссия айналысады. Оның құрамына мемлекеттік органдар мен бизнес және Кәсіпкерлер палатасының өкілдері кірген.
Жалпы, көше саудасымен айналысуға көп құжат дайындап қажет емес. Берілген тізім бойынша әзірлейсіз. Көшедегі сауда орнын 7 жылға дейінгі мерзімге жалға аласыз. Бұл – кәсіпкерлікпен шұғылданамын дегенге зор мүмкіндік. Бүгінге де­йін көшедегі сауда орындарын алуға арналған өтінімдерді қабылдаудың үш кезеңі жүргізілді. Біріншісі – өткен жылдың сәуірінде, одан ке­йін – мау­сымда, ал үшіншісі биыл қаңтарда болды. Шаһардағы 862 сауда орнына 3500-ден аса өтінім түскен. Бұл жұртшылықтың бизнеске деген сұранысын көрсетті. Нәтижесінде «Астана» ӘКК» 425 жер учаскесі бойынша кәсіпкерлермен қосалқы жалға алудың алдын ала шарттарын жасасқан. Биыл «Астана» ӘКК» АҚ жер учаскелерін бөлуде көпшілікке тиімді болу үшін өзгерістер енгізген. Ол төрт тәсіл бойынша жүзеге аспақ. Бірінші – аукцион жүргізу жолымен, екінші – комиссиялық іріктеу жолымен, үшінші – уәкілетті мемлекеттік органның жер учаскесін жалға тапсыру туралы одан бұрынғы қолданыстағы шешімі негізінде басым құқық берілген қатысушымен бірге тікелей келісім жолымен, төртінші – 10 және одан да көп жер учаскесін қосалқы жалға алудың желілік шартын жасау жолымен.
Ағымдағы жылдың 7-25 тамыз аралығында елордада көше саудасын жүргізуге павильондар орналастыру жобасы аясында жер учаскелерін алуға өтінімдерді қабылдау жүргізіліп, осы кезеңде 53 жер учаскесі дайындалды. Сондай-ақ, Сәулет және қала құрылысы басқармасының бүгінгі ақпараты бойынша сауда павильондарын орналастыруға арналған 192 бос жер учаскесі анықталған. Оның бәрі белгіленген тәртіпте өтпек.

Азамат Есенжол

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*