«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Табыс пен өмір сапасы – мемлекет дамуының басты критерийі

0 57

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. Күн тәртібінде еліміздің 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары шығарылып, 2019 жылға арналған даму жоспары талқыланды.


Баспананы үйі жоқтар алуы керек

Отырысты ашқан Елбасы өткен жылы экономиканың өсімі 4 пайызды, инфляция деңгейі 5,3 пайызды құрағанын мәлімдеді. Ол барлық көрсеткіштер халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын жеткізді. Одан кейін Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев, Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шүкеев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов пен Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов баяндама жасады. Үш сағатқа созылған алқалы жиында көптеген түйткілді мәселелер әңгіме өзегіне айналды. Соның ішінен бірнешеуін ғана жариялауды жөн көрдік.
Мәселен, Е.Досаев «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» бойынша «7-20-25» бағдарламасы аясында бүгінге дейін 43,7 млрд теңгеге 3700-ден аса несие берілгенін айтты. Данияр Ақышевтің айтуынша, «7-20-25» бағдарламасы 8 банк арқылы іске асырылуда. «Алдағы уақытта өңірлер бұл бағдарламаның талаптарына сай келетін үйлерді көптеп ұсынатынына сенімдіміз» деді ол.
Алайда Президент Нұрсұлтан Назарбаев басында баспанасы барларға «7-20-25» бағдарламасы арқылы несие берейік деген ұсынысты қолдаған жоқ. «7-20-25» бағдарламасы бойынша 3,7 мыңнан аса қазақстандықтар жаңа үйге қоныстанған. Сонымен қатар, барлық санаттағы азаматтар әртүрлі факторлардың әсерінен бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдалана алмайды. Табысының аздығы, салынып жатқан үйлердің тапшылығы және тағы басқа мәселелер бар. Қазір мынадай мәселе туып отыр: мен «7-20-25» бағдарламасы бойынша мүлдем баспанасы жоқ адамдарға қарыз берілсін дедім. Ал әкімдер «қарызды тұрғын үй жағдайларын жақсартқысы келетіндерге берейік» дейді. Бірақ олай жасасақ, көп адамдар осымен айналысады. Мен мұның кеңейтілгенін қаламаймын. Одан да аз берсек те, баспанасы жоқтарға бере­йік. Әсіресе, үйі жоқ жастарға берейік. Әйтпесе, үйі барлар мұны арзанға сатып алып, жалға тапсырып, ақша табады» деп түсіндірді Елбасы.
Оның пайымдауынша, халыққа бағдарламаның артықшылығын дұрыс түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн. «Егер отбасында екі адам бірдей жұмыс істесе, онда пәтер сатып алу жеңіл болады. Сондықтан тұрғын үйге қатысты бағдарламаларды тағы бір талдап, әлемдік тәжірибені ескере отырып, халықтың басым бөлігіне қолжетімділігін арттыруды қамтамасыз етейік» деп түйіндеді сөзін Президент.

«7-20-25» тәжірибесі автокөлікті несиелеуге қолданылады

Үкімет «7-20-25» бағдарламасының тәжірибесі негізінде алдағы уақытта автокөліктерді несиеге беру тетігін қарастырады. Үкіметтегі жиында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев осындай жаңалықпен бөлісті. Бас банкирдің па­йымдауынша, мұндай қадам ел экономикасына мультипликативті әсер береді. «2019 жылы Ұлттық банк қазақстандықтардың отандық автокөліктерді сатып алуы үшін несие беретін бағдарламаны жедел түрде дайындауға және қаржыландыруға дайын. Бағдарлама «7-20-25» негізінде және инфрақұрылымы базасында банктер арқылы нарық қағидаттары бойынша несиелерді секьюриттеу тетігімен іске асырылады» деп мәлімдеді ол.
Автокөлік құрастыру өндірісі капитал қажет ететін сала болғандықтан, бұл істің ел экономикасына тигізетін пайдасы зор болмақ. Оған қоса, бұл бастама импорт алмастыруға жағымды ықпал етіп, импорттық тауарлардың өсу тенденциясын жоюға мүмкіндік береді. Автонесиелеу бағдарламасы идеясын Елбасы да мақұлдап: «Бұл бастама автокөлік өндірісі жұмыстарын жандандыра түседі» деген ойын жеткізді. Данияр Ақышев жергілікті тауарға деген сұранысты арттыратын бастама өміршең екенін айта келе, ұсынысты Үкіметпен бірлесіп, қысқа мерзімде атқаратынын айтты.

Адамдарға арналған экономикаға көшеміз

Мемлекет басшысы әлеуметтік саясаттың түпқазығы қарапайым адамдардың табысын арттыру мен өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталатынын мәлімдеді. «Өткен жылы мемлекеттік және әлеуметтік саясатты жүйелі түрде қайта қарай бастадым. Алғашқы қадам жасалды. Бұл – Бес әлеуметтік бастама, таяудағы Жолдау мен жастарға арналған әлеуметтік жеңілдіктер барлық қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталады. Бүгінде кез келген ел бірдей мұндай әлеуметтік шығындарын өсіріп, біз жүргізіп отырған жұмыстарды атқара алмауы мүмкін. Сондықтан барлық мемлекеттік қаражат барынша тиімді пайдаланылуы тиіс, оларға бақылау болуы қажет, – деді Елбасы. – Кіріс пен өмір сапасы сынды екі көрсеткішті мемлекет дамуының басты критерийі деп жариялаймын. Барлық экономика және біз атқарып жатқан жұмыстардың барлығы, түптеп келгенде, адамдарға арналған. Әрбір министр мен әкімнің жұмысын осы көрсеткіштерді жүзеге асыруы бойынша бағалау керек» деді Нұрсұлтан ­Назарбаев.
Елбасы 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап еңбекке жарамсыз болып қалған, асыраушысынан айырылған адамдарға мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің көлемін 30 пайызға өсіруге Үкіметке тапсырма берді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова аталған мәселеге қатысты заң жобасы дайындалғанын, алдағы наурыз айында Парламентке енгізілетінін хабарлады. Нұрсұлтан Назарбаев жиын соңынан 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарға сәйкес, Үкіметке екі нақты тапсырма жүктеді. Біріншісі – экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ету. Бүгінгі 4 пайыздан кем дегенде 5 пайызға жеткізу арқылы дамыған елдердің отыздығына қосыламыз деді. Екіншісі – ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесін биыл 28,2 пайызға жеткізу. Елбасының пікірінше, бұған мүмкіндік мол. «Шикізаттық емес тауарлар мен қызметтер көлемінің өсімін 27,7 млрд долларға, еңбек өнімділігін 12,3 пайызға, инвестиция тартуды ЖІӨ-нің 16,8 пайызына дейін жеткізуді тапсырамын» деп түйіндеді сөзін Президент.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды