«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Табиғатқа тартып туған таутұлға

0 127

23 қаңтар күні «Астана» концерт залында Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың туғанына 80 жыл толуына арналған «Мен жалындап өтемін» атты әдеби-сазды кеш өтті. Кешті ұйымдастырған Астана қаласының мемлекеттік академиялық филармониясы ұжымы бұл күнді бекерден-бекер таңдамады. Дәл осы күні поэзия падишасының жалғанда татар дәм-тұзы таусылып, екінші ғұмыры басталды. Содан бері арада бес жыл сырғып өтті…

  

Кешті тамашалап отырып, осыдан он жыл бұрын осы залда болған көріністер көз алдымызға келе берді. Онда ақынның 70 жылдығына арналған шығармашылық кеш бар сән-салтанатымен өткен еді. Ортада құрмет-қошаметке бөленіп, өзі жарқырап отырды. Шабыттана өлең оқып, күй де төккен. Иә, көзін көргендер оның тәп-тәуір домбырашы да болғанын айтады. Сондықтан бұл жолғы кеште сахнаға филармонияның Қазақ оркестрі жайғасып, өнер көрсеткені өте жарасымды болды.

Айтқандай, оркестрдің бас дирижері-көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов Фариза ақынмен жақын араласып, өлеңдеріне «Жылыойға сәлем», «Махаббат оты сөнбейді», «Атырау – әнім» әндерін жазды. Фариза Оңғарсынова бұл шығармаларды естіп кетіп, композиторға батасын берді. Кеште аталған туындылармен қатар ақынның әнге айналған  «Айналайын, Оралым», «Қимастарым» сияқты шығармаларды Мәдениет саласының үздігі Нұрай Танабаев, Күнсұлу Тұрлыбек, Алтынбек Әбілда шырқады. Фариза апайдың рухына арналған Мәдениет қайраткері, күйші Нұрлан Бекеновтің «Толғам» күйі, ақын Айбатыр Сейтақ пен композитор Амангелді Сұлтанғалиевтің бірлестігінен туған «Мейірімді жан» әні жұртшылықтың алдында алғашқы рет орындалды.

Күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Секен Тұрысбек Төлеген Айбергеновтің «Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты, мен өлемін өзімнің биігімде» деген өлең жолдарын жаңғыртып, Фариза Оңғарсынованың тұлғасына бұл жолдар дәл келетінін айтты. Өзінің «Ақ жауын» және «Көңіл толқыны» күйлерін шертіп берді.

Көрнекті қаламгер Асқар Сүлейменов Фаризаны «Юбка киген Махамбет» деп атап кеткен еді. Кеш бағдарламасына енген Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет» күй-поэмасы орындалғанда жазушының осы сөзі еріксіз есімізге оралды.

Әрине, Фариза Оңғарсынова алдымен ақын болатын. Сондықтан поэзиясыз бұл кешті елестету мүмкін емес еді. Балабақша тәрбиеленушілерінен бастап, мектеп оқушылары, студенттер, астаналық филармония әртістері ақынның лирикалық өлеңдерің, отты жырларын оқыды.

Жастар – жара түспеген жанына әлі

Түсінгендей жанымды табынады;
Менің асқақ, әм мұнды жырларымды
Іздеуі хақ солардың, сағынары… – деп жырлаған ақынның бұл сөзі дәл келді. Мұны белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлының айтқанынан аңғардық. Фариза Оңғарсынова 1998 жылдан өмірден өткенше «Шабыт» жастардың халықаралық фестивалінің басы-қасында жүрді. Сонда жершілдікке, рушылдыққа салынбай талантты жастарды бауырына тартты, оларға қамқорлығын аямады.

«Фариза Оңғарсынованы сырттай білетіндер мінезі кіді, шапшаң, ашушаң, қатал адам деп есептейтін. Апамыз желтоқсан айының аяғында туғандықтан табиғатқа тартқан болуы керек, Астананың ақ түлей бораны сияқты аяқ астынан борандатып, дауылдатып кететін. Бірақ көп ұзамай Алматының көктемі секілді мөлдіреп шыға келетін. Сол кезде жанымызға жайлы самал жеткендей болатын.

Он бесінші, он сегізінші ғасырларда ызғып аққан Еділдің бойында, оның бергі жағында жосыла аққан Жайықтың бойында Сыпыра жырау, Шалкиіз, қарға бойлы Қазтуған, Асан қайғы, Доспамбет жыраулар, Мұхит пен Махамбет өткен. Сол өңірдегі Манаш деген тарихи жерде Фариза ақын дүниеге келді. Сондықтан адуынды ақын болмауға, Алла тағаланың берген құдыретін сезінбеуге хақысы жоқ еді» деп түйіндеді кешті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Өтеген Оралбайұлы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды