«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тьютор

Ерекше баланың ең жақын досы кім?

0 169

Тақырыптағы жалғыз ауыз сөздің ағылшынша емес, «тәлімгер» деген қазақша аудармасын қолдансақ, кейіпкеріміздің бейнесі ашылмай қалатындай көрінді. Өйткені аутизмі бар балалардың жанында жүріп сабағын үйрететін, қоғамға бейімдейтін, бойындағы қорқыныштардан құтқарып, эмоцияларын басқаруға баулитын жанашыр жанды бүкіл әлемде «тьютор» деген терминмен таниды. Елордадағы №71 мектеп-лицейде қызмет ететін Әли Ғазизов те – осынау қайырлы еңбекпен айналысып жүрген мамандардың бірі. Сұхбатымыз барысында ол бізге ерекше балалармен жұмыс істеу тәжірибесі жайлы соншалықты энтузиазммен әңгімелеп берді.

Аутизмге ауру ретінде қарауға қарсымын

Білім саласындағы тоғыз жылдық тәжірибемнің соңғы төрт жылында ерекше балалармен жұмыс істеп келемін. Бүгінде №71 және №84 мектептердегі екі оқушыға тьютормын. Жалпы мен аутизмге ауру ретінде қарауға қарсымын. Жүріс-тұрысы қалыпты адамдардікіне ұқсас болмағаны үшін ғана оларға осы анықтауышты тіркеуіміз мүлдем дұрыс емес. Оларда да бәріміздікі секілді эмоция бар, олар да біз білетін сезімдерді сезіне алады, тек соларды жеткізуінің жолы басқа. Мәселен, аутизмі бар бала шөлдегенінде су сұрай алмауы мүмкін. Есесіне айқайлау, жылау, ашулану арқылы қажеттілігін қанағаттандыруға тырысады. Біз, яғни тьюторлар осындай қарапайым жағдайдан бастап өздерін қалай ұстауы керектігін үйретеміз.

«Қолыңды дірілдетпе. Сен жынды емессің ғой…»

Бір шәкіртімнің есімі – ­Ерсұлтан. Біз онымен төртінші жыл қатарынан бірге келе жатырмыз. Бастап­қыда тіл табысып кету әжептәуір қиын болды. Мені тыңдағысы келмеді, бәлкім, қорыққан да болар. Қолын дірілдете беретін. Мұны аутизмдегі «стимминг» немесе «самостимуляция» дейді. Сәлден соң мен де солай істеуге көштім. «Сен не істеп жатырсың? Тоқтат, болды. Жындысың ба? – деп сұрайды менен. – Жоқ, жынды емеспін. Ал сен ше? – Жоқ, мен де жынды емеспін». Артынша ол да қолын дірілдетуді тоқтатады. Алайда мұндай әдеттерін толықтай жойып жіберу де қауіпті. Бұдан арылған соң басқа, бұдан жаман әдетті тауып алуы мүмкін. Аутизмі бар балалар үшін стимминг – өзін-өзі тыныштандырудың бір әдісі. Қазір мынаған көштік. Мен оған көшеде, қоғамдық орында немесе сыныпта отырғанда қол дірілдетуге болмайтынын айттым, есесіне дәретханада немесе ешкім көрмейтін оңаша жерде рұқсат. Ол да осыған үйреніп алған: кейде айналасына қарайды да, өзге адамдар болмаса, тез-тез әлгі әрекетін қайталап, ішіндегі стресін шығарып ала қояды.

Жасөспірімдер ғашық болып қалуы мүмкін

Біздің мектепте 13 тьютор және соларға бекітілген 15 ерекше бала бар. Кейде өзара ауысуға тура келеді. Мұны ротация дейміз. Оның себебі мынада: бала тек саған үйреніп қалмауы керек, әйтпесе сенсіз ортада оған қиын болады. Бірақ тьютор ауыстырарда әр оқушының жастық және жыныстық ерекшеліктерін ескереміз. Тьюторлардың арасында жас қыз-келіншектер де кездеседі. Жасөспірім ұлдар оларға ғашық болып қалуы мүмкін. Ертеңгі күні тьютормен айы­рыласарда кәдімгідей жан жарасына душар болады. Сол секілді, қыз балалармен де мүмкіндігінше ер тьюторлар айналыспағаны абзал. Кейбір оқушылармен әжетханаға дейін бірге бару қажет, ал қыз бала жыныстық жағынан жетіліп келе жатқанда, бұл нәрсе, әлбетте, әбес. Әрі-беріден соң тьютордың өзі үшін де баламен тіл табысудың ыңғайлы техникалары болады. Мысалы, мен тьюторлық ететін екі ұл бала сабақтан шаршағанда немесе әлденеге зейіні төмендегенде, үшеуміз спортзалдағы матрастардың үстінде әбден алысып, күресіп аламыз. Оларға моторика қатты ұнайды. Осыдан соң көтеріңкі көңіл-күймен қайтадан сыныптарына кіріп, тырп етпестен екі сағат бойы сабақ тыңдайды. Ал қыз балаларға ондай әдісті жасай алмайсың. Олардың тілін әйел тьюторлар жақсырақ табады деп ойлаймын.

Тьюторлардың жұмысы «Болашақ» қауымдастығының «Әр бала мектепке лайық» жобасы аясында жүзеге асуда. Оларға қауымдастықтағы кураторлар нұсқау­лық беріп отырады. Қазіргі таңда аталған ұйымның қолдауымен астанадағы бірнеше білім ошағында, атап айтсақ, №40, 83, 85, 37, 71 мектептерде инклюзия сыныптары ашылған.

Кімдерді құшақтауға болады?

Жасөспірім шаққа аяқ басқан ерекше ұл балалар кейде сыныптас қыздарын құшақтағысы келіп, оғаш қылықтар көрсетеді. Ондайда құрдастары «Ерсұлтан бізді құшақтай береді» деп шағым айтып келсе, «Ол жай сендерді жақсы көреді, дос болғысы келеді» деп әуе­лі соларды тыныштандырамын. Кім біледі, өздері немесе ата-аналары басқаша түсініп қалуы мүмкін ғой. Кейін оқу­шымды оңаша шақырып, екеуміз «Қарым-қатынас шеңберін» сызамыз. Онда бірінің сыртынан бірі айнала сызылған шеңберлердің дәл ортасына Ерсұлтанды орналастырамыз. Ерсұлтанға ең жақын шеңбердің бойына әке, ана, бауыр сияқты ең жақын адамдарды жазамыз. Бұл кісілерді құшақтауға, бетінен сүюге болады. Одан кейінгі шеңбердің бойына туысқан, көрші, дос сияқты жандарды тіземіз. Бұлармен қол алысуға рұқсат. Ал одан алысырақ шеңберге сыныптас, мұғалім, көрші сыныптың балалары кіреді. Олармен ешқандай физикалық байланыс жасамау керек, тек сәлемдессең жеткілікті. Ал ең сыртындағы шеңберде автобустағы адамдар, көшедегі бейтаныс кісілер бар. Олармен ешқандай қарым-қатынас жасамайсың. Бұл әдіс өте жемісті.

Пицца мен демалыс – жақсы мотивация

Ерекше балалармен тай­минг және мотивация тә­сілдері бойынша жұмыс істейміз. Мәселен, Ерсұлтан бірнеше сағат бойы тапжылмастан ермексаздан мүсін жасап отыра алады. Мүсіндері керемет. Динозавр­ды жасаса, тырнақтарына дейін айнытпай келістіреді. Детальға ерекше мән береді. Осыны істеп отырғанында оны орта жолдан тоқтатып, енді мына сабаққа көшейік десең, ашуланады. Сондықтан жанына таймер қоямын. Он минуттың ішінде жұмысты бітіруі керек екенін білген соң, ол да тезірек қимылдай бастайды. Кейде өзі ұнатпайтын сабақтарға барғысы келмей, қиқарланатыны да бар. Ондайда «қазір математиканы бітірген соң, асханаға барып пицца жейміз» немесе «пуфикке жатып сәл тынығып алсаң болады» деп ынталандырамын. Бірақ уәдеңді орындауың тиіс, баланы алдауға болмайды.

Асханадағы кезектен енді қорықпайды

Тьютор бірте-бірте баладан алыстауы қажет. Табиғи ортаға бейімдеу процесі ақырындап жүзеге асады. Мәселен, ең басында ­Ерсұлтан сыныптағы мұғалімнің айтқанын менің көрсетуім бойынша ғана орындап жүрді. Мұғалім балаларға «жазыңдар» десе, ол маған қарайды. Мен жаз деп белгі беремін. Уақыт өте келе бұлай ымдауымды доғардым. Ол маған иек қақса, мен теріс қараймын. Ондайда мұғалімі «сам» ­(Ерсұлтан орыс сыныбында оқиды – авт.) деген жазуы бар қағазды алдына қояды. Бара-бара жай ғана қағаздың орнын көрсетуге көшті. Осылайша сатылай дағдыландыру арқылы бүгінде тапсырманы ешқандай көмексіз өзі орындайтын халге жетті. Сол секілді, бастапқыда анасы Ерсұлтанды кабинетіме жетектеп алып келетін. Кейіннен өзі аула сыртында қалып, маған телефон шалатын болды. Мен оның келе жатқанын терезеден бақылап отырамын. Бірте-бірте анасының ескертуінсіз-ақ өзі мені тауып келетін болды. Жалпы, шәкіртімнің бойындағы өзгерістерді кәдімгідей байқаймын. Бұрын асханаға барғанда ұзын-сонар кезекті көрсе, тамағын ала алмай, күйгелектенетін. Қазір өзі де сол балалардың арасына кіріп кетіп, пицца мен суын сатып ала береді.

Ұрсуға болмайды деген тыйымды неге бұзамын?

Тьютор істеуге тыйым салынған әрекеттер бар. Мысалы, балаға ұрсуға болмайды. Бірақ мен Ерсұлтанға жайлап ұрсып та аламын. Мұны басқа мұғалімдер де, ата-анасы да біледі. Ондағы ойым – оқушымды барынша табиғи ортаға бейімдеу. Жұрттың бәрі оны айналып-толғанып жүрмейді. Аяқ астынан біреу оған дауыс көтеріп қалса, бұдан қатты шошынып, бала қайтадан бұрынғы томаға-тұ­йық қалпына түсіп кетуі ықтимал. Ондайда біздің қанша жыл бойғы еңбегіміз зая кетеді. Кейде осындай ситуацияларды қолдан жасаймыз. Мен Ерсұлтанды кейбір сабақтарға әдейі кешіктіріп апарамын, бірақ алдын ала мұғаліміне «Қазір Ерсұлтан кешігіп кіргенде, сәл ұрсыңыз» деп ескертіп қоямын. Ерсұлтанға да «Сен кешіккенің себепті мұғалімің ұрсуы мүмкін. Бірақ ол – қалыпты нәрсе. Мұғалім тек саған ғана емес, кешігіп келген кез келген балаға ұрсады» деп құлағына құйып жіберемін. Нәтижесінде ол ұрыс естудің аса қорқынышты емес екенін ұғады. Кешірім сұрау, алғыс айтуды да біледі. Әжетханаға ­қысылып бара жатса, міндетті түрде «Прошу прощения» деп тұрып сұранады.

P. S: Әңгіме барысында Әли ерекше балалардың бір-біріне ұқсамайтынын айтты. «Біздің арамызда «Егер сен бір аутисті танысаң, онда сен тек бір аутисті ғана танисың» деген сөз бар. Яғни әрқайсысы үшін жеке-дара амал керек» дейді тьютор. Кейіпкеріміздің бұл қағиданы соншалықты берік ұстанатынына еш күмәніміз қалмады. Шәкіртіне ұстаз ғана емес, дос, бауыр да бола білген ағайы өзінің осы ісінен керемет ләззат алады. Тьютор болудың шынайы мағынасы да осы болса керек.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды