«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сырттан ағылған «қоқысқа» тосқауыл қойылады

0 27

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов біздің техникалық талаптарға сәйкес сапаны растаудан өтпеген тауарларды елге кіргізуге тыйым салуды ұсынды. Ол еліміздегі сауда жүйесі дистрибьюторлыққа құрылғанын тілге тиек етті. «Алыпсатарлар, соның ішінде импорттаушылар өнімнің сапасына мүдделі емес, оларды тез табыс табу ғана қызықтырады. Олар сәйкестікті растау рәсімін бұзу арқылы құзырлы органдар берген заңсыз сертификаттарды немесе жалған құжаттарды пайдаланады» деп мәлімдеді министр кешегі Үкімет үйіндегі брифингте.


Министрдің айтуынша, мұндай жағдайға Doing business аясында енгізілген кедендегі тауарларды шартты шығару рәсімі мүмкіндік береді. Рәсімге сәйкес, тауар 2 ай ішінде рәсімделіп, сынақтан өтіп, сәйкестік сертификатын алады. Құзырлы министрлік басшысы: «Біз мұндай импорттық «қоқысқа» тосқауыл қоюды және алдын-ала сынақтан өтпеген тауарларды Қазақстан аумағына кіргізуге тыйым салуды ұсынамыз. Яғни импорттаушылар біздің нарыққа әкелгісі келетін тауарының сапасын, оның техталаптарға сәйкестігін толық растап, кейін оның шекарадан өтуіне құқық алғанын қалаймыз» деп түсіндірді істің мәнісін Б. Сұлтанов.
Күзгі және қысқы мезгілде еліміздегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ет, май, күріш, пияз, картоп, сәбіз және т.б.) бағасы күрт қымбаттап кететіні рас. Осыған орай «Министрлік азық-түлік тауарлары бағасының тұрақты болуына қаншалықты ықпал етеді? Бағаны тұрақты ұстап тұруға мүмкіндіктер бар ма?» деген сауалымызға министр: «Әрине, мүмкіндіктер мол. Біріншіден, өнім өндірушілердің өз инфрақұрылымы болуы шарт. Мемлекеттен алатын жәрдемақшасы тиімді болуы керек. Сонда әр тауардың өзіндік құны төмендейді. Екіншіден, алыпсатарлардың құрған жүйесін жоютын кез келді. Ол үшін облыс орталықтарында көтерме-бөлгіш орталықтар ашамыз. Өнім өндірушілерге ешқандай делдалсыз тасымалдау жүйесімен біріге отырып, тікелей тұтынушыға жеткізетін желілер ашамыз. Әрине, мұндай жұмыс­тар бағаны тұрақтандыруға, алыпсатарлардың жойылуына әкеледі» деп жауап қайырды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды