СЫПАЙЫ МІНЕЗ – АДАМДЫҚТЫҢ СӘНІ

Мұқамбетқасым ШӘКЕНОВ,
қоғам қайраткері: СЫПАЙЫ МІНЕЗ – АДАМДЫҚТЫҢ СӘНІ

Осы жасыма дейін талай тама­ша жандармен танысып, етене ара­ласып, қызметтес болдым. Оңа­ша отырғанда, кейде сол күндер ойға оралады. Солар­дың жарқын мінез­дері, жарасымды әзіл-әңгі­мелері, асыл азаматтардың бейнелері көз алдымнан кетер емес. Солардың бірі Жамбыл облысында дүниеге ке­­ліп, байтақ Қазақстанның түрлі аймақтарында жемісті еңбек еткен, қазір аға буынның өкілі атанған Мұқам­бетқасым Қойшыбайұлы Шә­ке­нов дер едім. Мен өзім оның бойы­нан өзін де, өзгені де қадірлей біле­тін иманжүзділікті, жөн білетін қазақы тектілікті, сыпайылықты, үл­кенге жол берер, кішіні көңіл шыңына шы­ғарар, қатар құрбысын өзімен тең ұстар, ұлық болса да, кішіліктен танбас мырза пейілділікті байқадым. Бұл, сөзсіз, өмір бойы адалдық пен тазалықты негізгі мақсат еткен аза­маттың болмысы. Жақында Мұ­қаң­мен кездесіп, сұхбаттасып қайт­­қан едік.

Арман адамды алға жетелейді

– Соғыс басталған жыл­дары дүние есігін ашыпсыз. Сол кездегі хал­қымыз басынан кешкен жұ­пыны өмір белгілі. Қан­ды қырғынды көрген ұр­пақтың жоқшылық пен тар­шылықтың азабын тартқаны аян. Әке-шешеңіз, өскен ортаңыз туралы сыр тартсаңыз.
– Иә, біз сұрапыл соғыс жылы өмірге келген ұрпақ­пыз. Ата-анам құдай деген қарапайым кісілер болды. Шүкірлікпен ғұмыр кешті. Әкемнің аты –Қойшыбай Нақыпұлы. Шешемнің есімі – Мінай Сарыбайқызы. Сауат­тары аз болса да, дүние­таным­дары кең, қазақы мінезді, балалар тәрбиесіне, олар­дың оқып, білім алуларына зор көңіл бөлді. Анам дүниеге он төрт перзент әкелгенімен, солардың бесеуі ғана аман қалды. Ол бір ауыр жылдар еді ғой. Әкем бірдеңені сезгендей, әсіресе, екінші баласы Әбілқасымға қалған іні-қарындастарына бас-көз болуды, олардың білім алуларына жағдай жасауын аманат етті. Әбілқасым ағам әкемнің орнына әке болды. Жеңгем екеуі он бала тәрбиелеп өсірді. Маған және қарындастарыма жоғары білім алуға жағдай жасады. Әкелерінен ерте қалған немере інілерім Қалмен мен Оқанды, Әбдіқалықты ең­бекке баулып, мамандық әперді, үйлендірді. Өте мейірімді жан еді. Ағайын-жекжаттан қолдан келген жақсылығын аямайтын, жаны жомарт, кеңпейіл азамат болды.
Әбекең ешкімнің ала жібін аттамаушы еді. Меккеге қажылыққа барарда Алматы арқылы ұшты. Жолға керек болады деп жоралғысын жасап едім, алмай қойды. Бір әке-шешеден тусақ та: «Шариғат көтермейді, қажылыққа өз еңбегіммен тапқан қаражатыма баруым керек» деп көнбеді.
– Алғаш рет арманның «пырағына» қашан міндіңіз?
– Шіркін, арман мен қиял деген керемет қой! Ол сені кей уақытта мүмкіндігіңе қарамай асқақтатып жібе­реді, кейде күтпеген жерден жардан құлата салады. Арман адамды алға жетелейді. Сол арманның жетегімен сегізінші сыныптан кейін облыс орталығы – Жамбылдан бір-ақ шықтым. Шаһардан білім алсам деген ниетіме әке-шешем де қарсы болмады, қайта қолдады. «Жолы болар жігіттің жеңгесі алдынан шығады» дегендей, жолымда жолыққан адамдар кеңпейілді, ізгі ниетті адамдар болып шықты.
1957 жылы Жамбыл қала­сына келдім. Мектеп директоры Алдаберген Сәрсембаев ағайдан техникумға түсем деп құжаттарымды әзер алдым. Бейтаныс шаhарды аралап жүріп, Пушкин көшесінің бойындағы орыс мектебіне бас сұқтым. Директоры Павел Кузьмич Цой кілең беске толы құжаттарымды қарап шығып, сол мектепке қабылдады. Жатар орнымның жоқтығын біліп, Жамбыл атындағы қазақ орта мектебінің директоры Сейдуллаев деген ағаймен сөйлесіп, ондағы облыс аудандарынан келген балаларға арналған мектеп-интернатқа орналастырды. Осында оқып, тәрбие алуыма интернат директоры Әкім Садықбеков ағайдың көп шарапаты тиді.
Осылайша, он бес жасым­да қалаға келіп, жаңа ор­таға бейімделе бастадым, жинақылыққа үйреніп, білім­ге деген құштарлығым артты. Мектепте түрлі үйірмелерге қатысып, өмірге қажет болар деген мамандықтардың қыр-сырынан жеткілікті мәлімет алдым. Әсіресе, «әуесқой жүргізуші» куәлігінің пайдасын кейіннен мол көрдім.
– Мал шаруашылығына қалай барып жүрсіз?
– Әкемнің сөзі мен үшін жазылмаған заң болды. Не айтса да тік тұрамын. 1959 жылы орта мектепті ойда­ғыдай бітіргеннен кейін әкем­нің кеңесіне құлақ асып, Алматыдағы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтына оқуға түстім. Қызыққа толы студенттік өмірді бастан кештім. Шаршап-шалдығуды білмейміз. Жоғары оқу ор­нының қоғамдық жұмысына белсене атсалыстым, курс­тың комсоргы болып, түрлі марапаттарға ие болдым. Жалынды жастық шағымда болашақ жарым Шекерге жолығып, көп ұзамай ша­ңырақ көтердік.
– Қолға диплом ұстаған жас мамансыз. Алғашқы еңбек жолыңыз қалай бас­талды?
– Шалғайдағы бөлімшенің қатардағы мал дәрігері болып орналастым. Жас маманмын. Тәжірибем аз. Бірақ елдегі өмір көрген адамдардан тағылым алып, олардың ақыл-кеңестерін тыңдап, шаруашылықтың қыр-сырын үйрендім. Көпті көрген қа­риялар мені адалдық пен тазалыққа баулыды. Қан­дай жұмыста жүрсем де ұстамды, табанды, сабырлы болуға ұмтылдырды. Соның нәтижесінде әрбір істің тетігін тауып, шешімін әділ, тез шығаруға тырыс­тым. Елге сыйлы болдым. Абыройым өсті. Жастармен тығыз жұмыс істедім. Соны байқады ма, комсомол ұйымы қызметке шақырды. Жастар арасындағы жұ­мыст­ы Жамбыл облысы Жамбыл аудандық комсомол ко­ми­­тетінің ұйымдастыру бө­лімінің меңгерушісі қыз­метінен бастадым.

Өзбекәлінің өнегесін көрдім

– Кеңестік кезеңде жас­тардың мүддесін бір арнаға тоғыстырған комсомол ұйымы дүрілдеп тұрды. Одан талай қайраткерлер шыңдалып шықты. Сіз де сол жолдан өттіңіз.
– Ол кездегі комсомол ұйымы жастардың ақыл­шысы, қамқоршысы болды ғой. Жастар қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді. Жоғарыда айтқан бөлімде істеп жүргенде, мені Жамбыл аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы етіп сайлады. Содан жоғарылап, Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті комсомол ұйымдары бөлімінің нұсқаушысы, одан соң бөлім меңгерушісінің орынбасары етіп тағайындады. 1970 жылдан бастап Мәскеуге Бүкілодақтық ЛКЖО Орта­лық Комитеті ауыл жастары бөлімінің нұсқаушысы қызметіне ауыстым. Мұнда үш жыл ғана жұмыс істедім. Былайша айтқанда, комсомол маған үлкен мектеп болды. 1973 жылы Мәскеуде БЛКЖО Орталық Комитетінде жауапты қызмет атқарып жүр­ген Орталық Коми­тет­тің бірінші хатшысы Е.Тяжель­ников республика басшылығы жаңадан құрылған Жезқазған облы­сының жастар одағын бас­қару үшін мені шақырып жатқанын айтып, шығарып салды.
– Жезқазған жері Сізді қалай қарсы алды?
– Кеңес Одағы кезінде жастардың облыстық ұйы­мына жетекшілік ету үшін талай сындардан мүдірмей өтіп барып сайланатын. Жас­тар жетекшілері өздерін қабілет-қарымымен, ұйым­дастырушылық және іскерлік қасиетімен, білімділігімен, жұрт алдына шығып сөйлей алатын шешендігімен ірік­телетін.
Сол кезде Жезқазған облысында дамыған салалар түсті металлургия мен ауыл шаруашылығы болатын. Осы салаларды одан әрі дамыту үшін ондаған комсомол жас­тар бригадалары құрылып, жарыстар ұйымдастырылды.
Облыстық жастар ұйымы­ның игілікті бастамасына облыс басшылары үнемі қол­дау көрсетіп отырды. Жастарға қажетті өндірістік-әлеуметтік жағдай жасау қатаң бақылауға алынды. Тек бір ғана Ақтоғай ауданында 36 бригада құрылды. Көптеген жастар қой өсіруші жастар бригадаларына бару­ға тілек білдірді. Екі жыл жұ­мыс жасаған жастарға Жез­қазғанда ашылған инсти­тутқа түсуге жеңілдік берілді.
Мәдени салада жағымды өзгерістерге жол ашылды. Облыста кейін аты бүкіл елімізге жайылған «Ұлытау» атты жастар ансамблі құрылды. Жаңадан ашылған Жезқазған облысында парасат, пайымын алға тартуға болатын, өздерінің қажырлы еңбегімен талай-талай биіктерді бағын­дырған азаматтар аз болмады. Облыс басшылары қарымымды байқап, мені 1977 жылы халық депутаттары Ақтоғай аудандық атқару комитетінің төрағасы етіп тағайындады. Ақтоғай ауданында бір жыл істегеннен кейін Жаңаарқа аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына жоғарылатты.
Бұл киелі өңірде есімдері бүкіл Қазақстанға белгілі тарихи тұлғалар мен мемлекет және мәдениет қайраткерлері дүниеге келген. Аудан хал­қының әдебиет пен мәде­ниетке жақын болатыны да сондықтан болса керек. Партия комитетінің хатшысы ретінде ең алдымен ауданның өнері мен мәдениетіне ерек­ше назар аудардым. Бұрын­нан бері ауданның мал мен егін шаруашылықтары жаңа деңгейге көтерілді. Бүкіл­одақтық социалистік жарыста жеңімпаз атандық, озат малшылар мен дихандар үкіметтік марапаттарға ие болдық. Жалпы алғанда, Жезқазған облысында он бір жыл қызмет істедім.
– Сіздің маңдайыңызға кілең жаңа ашылған об­лыс­тарға қызмет істеуді жазған екен. Одан кейін Тор­ғай облыстық атқару коми­теті төрағасының орынбасары болыпсыз.
– Торғай даналардың, ба­тырлардың, ақындардың мекені ғой. Мұнда облыстың білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қам­тамасыз ету, кино, спорт, мұрағат салалары жұ­мыс­тарына жетекшілік жасадым. Көрші облыс­тармен әріптестік байла­ныс орнаттық. Соның нәти­жесінде Ақмола облысында басқармалардың басшыларын жинап, тәжірибе алмасу семинарын өткіздік. Облыс жабылғаннан кейін музыкалық-драма театр труппасын түгелдей Жез­қазған облысына көшіруге себепші болып, талантты жас әртістердің өнерден тыс қалмауына атсалыстым.
– Кезінде жалынды жас­тардың жетекшісі болған көрнекті қоғам қайраткері, ұлт мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Өзбекәлі ағамызды аузы­ңыздан тастамай айтып жүресіз.
– Шынында да, Өзекең сияқты ағалардың орны бөлек. Ол кісімен қоян-қолтық араласып, қызметтес болған қандай ғанибет! Ондай қайраткердің үйретері де, одан үйренерім де мол болды. Өзбекәлі Жәнібеков сабырлы, салмақты, көрегенділіктің үлгісі іспетті өте жайсаң жан еді. Ұлттың өнерін им­периялық саясат төніп тұр­са да, басқадан қызғыш құс­тай қорыды. Ол жүрген жерде кез келген іс жанданып кетеді. Қазақтың байырғы дәстүрі мен салтын жетік білетін. Өзағаң мен үшін мәдениеттіліктің, ұлағаттылықтың, кісіліктің, тектіліктің эталоны саналды. Әрбір іс-әрекеті салиқалы, сөзі дуалы, мінезі жатық, ешкімді жатырқамайтын, алаламайтын, қараңғыда жол көрсетер бағдаршам іспетті ұлтымызға өте қажет нағыз асыл азамат атанды. Әттең, тұғырлы тұлғаның қадірін аз білдік. Өмір жолымда Өзбекәлі ағадан көп өнеге алдым.

Алып ағаларымды сағынамын

– Бұдан кейінгі қызметіңіз оңтүстік өңірге ауысты. Бұрынғы Қызылқұм, қазіргі Отырар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болдыңыз. Бөтен жерді жатырқаған жоқсыз ба?
– Қазақтың қай жерінің де маған жаттығы жоқ. Ел мен елді ешқашан алалаған емеспін. Отырар – ұлттың рухани алтын ордасы, қазақ өркениетінің асыл діңгегі. Мысырдағы Александриядан кейінгі әлемдегі ең үлкен кітапхана осында болған. Киелі топырақта туып, ел үшін аянбай тер төккен, жұртына кеңінен танымал қайраткерлердің өзі бір төбе. Солардың біразымен қызметтес, сыйлас болдым. Сол кезде Қызылқұм ауданы республикадағы артта қалған 30 ауданның қатарында екен. Маған Жезқазған мен Торғай облысында жинаған тәжірибем көп көмектесті. Аудандағы әлеуметтік сала да көңіл көншітпейді. Сәбилердің шетінеу пайызы тым жоғары, оның үстіне өкпе ауруына шалдыққандар саны артпаса, кемитін түрі жоқ. Осының бәрін ой елегінен өткізіп, ауданға облыс пен Алматыдан тиісті мамандарды шақыртып, әлеуметтік және медициналық мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын іздестіріп, қажетті қаржы бөлінді. Бүкіл саяси ұйымдастыру жұмыстары тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағыт­талды. Аудан орталығына 530 малшыны үш күнге жинап, дәрігерлік тексеруден өткіздік. Ауданда артта қалған егін және мал шаруашылықтарын озаттар қатарына қосуға әбден болатынына көз жеткізгеннен кейін мамандарды өзім қызмет жасаған Торғай мен Жезқазған облыстарына жіберіп, сонда жүзеге асқан озық технологияларды меңгерудің жолдарымен таныстырдым. Шопандардың тұрмыстық жағдайын жақ­сартуға күш салдық. Әрине, тек шаруашылықты ғана емес, ауданның рухани өмірі де назардан тыс қалған жоқ. Қасиетті Арыстан баб кесенесінің төңірегін көркейту, көгалдандыру, кесенеге елеулі зиянын тигізе бастаған жерасты суын «жоғалту» мақсатында бірнеше шақырым дренаждар қазу, сондай-ақ, Арыстан баб әулие кешенін адамдар тәуіп ететін жерге айналдыру үшін тұрғынжайлар салдық. Қараусыз қалған Отырар төбе тарихи ескерткішін қоршадық. Дәл сол жылдары аудан атын «Отырарға», бұрынғы «Қызылқұм» газетін «Отырар алқабы» деп өзгерттік. Әбу Насыр әл-Фарабиге ескерткіш қойдық. Бұл да бір көңілімді марқайтып жүретін игілікті іс болды деп ойлаймын.
– Халқымыз «Қызмет – қолдың кірі» деп айтады. Сіз жас күніңізден атқа мініп, түрлі басшылық қызмет атқардыңыз. Осы түсінікті қалай қабылдайсыз?
– Халық айтса, қалп айтпайды ғой. Мәселе – қызметті қалай атқаруда. Ел деп, жер деп жан салып жұмыс істесеңіз, жұрт сізді бағалайды. Аспанға көтереді. Ондай қызмет «қолдың кірі» болмайды. Менің ойымша, ел мүддесі бәрінен биік тұру керек. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдардың басында рес­публика басшылығы мені Қазақтың тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы орталық кеңесі президиумының төрағасы етіп сайлады. Бұл Кеңес Одағының қабырғасы сөгіліп, берекесі кетіп бара жатқан өліара кезеңі болатын. Сол жылдарға дейін еліміздің көптеген құнды ескерткіштері еленбей, тарихи жәдігерлеріміздің көбі кім көрінгеннің қолында кеткен еді. Енді соларды түгендеп, халық кәдесіне жаратуды қолға алдым. Бірталай жұмыстар атқарылды. Одан кейін ҚР Үкіметі аппа­ратының аймақтық даму бөлімі меңгерушісінің орын­­басары, содан соң бас инспекторы қызметін атқардым. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де «KEGOC» компа­ниясында еңбек ет­тім. Білгенімді, өмірден түйгенімді кейінгі жастарға үйреттім. Қарап отырсам, ғұмырымның саналы жылдары мемлекеттік қызметке арналыпты. «Сыпайы мінез – адамдықтың сәні» дейді ғой біздің қазақ. Осы мінезімнің арқасында халқымыздың талай тау тұлғаларымен дос болдым, аралас-құралас жүрдік. Әсіресе, Өзбекәлі Жәнібеков, Нұртаза Ибраев, Әбіш Кекілбаев, Қуаныш Сұлтанов, Серік Үмбетов, Сиязбек Мұқашев, Илья Жақанов, Қойшығара Салғарин, Ақселеу Сейдімбек, Кәрібай Ахметбеков, Алмасадам Сейтқалиев, Тасболат Байқалиев, Қуаныш Алпысбеков секілді талай сыйлас азаматтарды кездестірдім. Қазақтың біртуар ұлы, ірі қайраткер Кәкімбек Салықов ағамызбен туған бауырындай араластым. Қазір өмірден өтіп кеткен алып ағаларымды сағынамын. Сол жолмен мен де жүріп келемін.
– Мұқа, шынайы әңгі­меңіз­ге көп рақмет!

Сұхбаттасқан
Мейрам БАЙҒАЗИН,
журналист

Сонымен қатар

БАЙ МЕН КЕДЕЙДІҢ АРАСЫ АЛШАҚТАП БАРАДЫ

Қуаныш аға суы бал татыған ұлттық қайнардан нәр алған азамат. Содан ба, оның бойынан қазақы …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған