«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сым төс емес

0 120

Қазақ тілінде ойға орамды, көкейге қонымды тұрақты сөз тіркестері аз емес. Тіл-қазынамыздың маңызды байлығы саналатын мұндай тіркестерді күнделікті тұрмыста үнемі қолданып жүрміз. Өте-мөте ойымызды образды, сөзімізді салмақты етіп жеткізу үшін фразеологиялық тіркестерді көбірек пайдаланамыз. Сондай тіркестің бірі – «сымға тартқандай».

«Сымға тартқандай» – тілімізде көп қолданылатын тұрақты тіркестің бірі. Көбінде түзу, тал бойында міні жоқ деген мәнде қолданып жүрміз. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде де бұл тіркеске «тіп-тік, түзу, тал бойында міні жоқ» (760 бет, Алматы, 2008 жыл) деп анықтама берілген.
Бір қызығы, сымға тартқандай деген тіркесті қазіргі жастар тура мағынасында қолданғанымен, «сым» сөзінің мәнісін дөп басып түсінбейді, «тоқ сым сияқты түп-түзу» деген ұғым төңірегінде тұспалдауы мүмкін. Олай болса сым деген не? Қазақ тілінің аймақтық сөздігінде бұған «темір тескенде астына қойылатын ортасы тесік дөңгелек төс» деп анықтама берген. Бұл – ағат айтылған анықтама.
Сым ұсталар қолданатын балға, төс, егеу сияқты негізгі құралдың бірі екені рас. Бірақ оны ұсталар темір тесуге емес, балқыған күміс пен алтынды жіптей біркелкі шығару үшін қолданады. Сымның формасы әртүрлі (дөңгелек, төртбұрыш) болғанымен, рөлі бірдей. Яғни сым дегеніміз – күміс пен алтынды жіңішкерте созып сым дайындайтын, әртүрлі көлемдегі бірнеше жасуы (тесігі) бар темірден, болаттан құйылған қалып. Оның қалыңдығы – 0,5-1 см, ұзындығы – бір қарыс (15-20 см) мөлшерінде. Ұзына бойына бірте-бірте кішірейте түсетін қатар-қатар тесіктері бар. Оны жасу немесе көз деп атайды. Көздерінің саны 10-нан 40-қа дейін жетеді. Олардың үлкендігі де бір-біріне ұқсамайды, ең үлкені біздің білеуіндей болса, ең кішкентай жасуы шаш әрең өтетіндей тар болады. Ұсталар күмісті балқытып, созып алған соң, осы тесіктің үлкенінен бастап өткізіп тартып, күмісті жіптей қып шығарады. Мұны, негізінен, сырға соққанда, ер-тұрманға, алқа, білезікке әшекей салғанда істейді. Білезіктердің бетіндегі жіп сияқты оралып басылған әшекейді қазақ «сым жүргізіпті» деп жататындығының себебі осында. Сымды кейбір өңірлерде сымтартқыш, сымсозғыш, сымтемір, сымқалып деп те атайды. Бірақ төс деп атамаған. Ендеше, төс пен сымды шатастырмаған дұрыс.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды