Суббота, 19 Август 2017
-->

«СҮРІНГЕН СҮРБОЙДАҚТЫҢ» СЫРЫ

Астанадағы Қ. Қуанышбаев атын­дағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры өзінің мерейтойлық XXV маусымында көрермендердің назарына әр алуан сипаттағы жаңа қойы­лымдарды ұсынуда. Антон Чеховтың «Шие», Мұхтар Әуезов пен Қалихан Ысқақтың «Қараш-қараш», Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» романы мен «Жәмилә» повесі негізінде қойылған «Аққудың көз жасы» лирикалық драмасы сынды классикалық туындылардан бастап, «Жұт» сияқты қазақ халқының басынан өткен қасірет сырын шертетін шығармаларды сахналады.

IMG_7576

Өнер ордасы, тіпті, әр ай сайын көрермендерді жаңа кейіпкерлермен қауыштыруда. Мәселен, өткен айда көрермендер белгілі жазушы-драматург Роза Мұқанованың «Сарра» драмасын тамашалады. Ал өткен аптада қаллекиліктер өнер сүйер қауымға «Сүрінген сүрбойдақ» комедиясын тарту етті.
Театр – өмірлік сұрақтарға жауап іздейтін, адамның санасы мен рухын қозғайтын өнер. Белгілі режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков сахналаған «Сүрінген сүрбойдақ» қойылымы қоғамымызда қызу, әрі жиі талқыланатын өзекті проблеманың мәнісіне бойлата түсті. Әзіл-қалжыңның астарында ащы шыңдық жататындығы жалпақ жұртқа белгілі. Қойылым күлкі сыйлап қана қоймай, жүректі елжіретіп, жиналған қауымды ойлантып, көңілін босатты.
Жалғыздықты серік еткен, қызба мінезді Темикко орынсыз бір қателіктің оның өмірін түбегейлі өзгеруіне себеп боларын білді ме екен?! Қарапайым суретшінің күнделікті қоңырқай, біркелкі тіршілігіне сән кіргізген әйелге деген көзқарасы оның жан дүниесін сілкінтіп жіберді. Осы көрініс залдағы көрермендерді тебірентпей қоймады. Темикконың жаны нәзік Дзерассаға деген сүйіспеншілігі жүрегінде махаббат отын лаулатты. Иә, жалғыздық құдайға ғана жарасады…
Қызуқанды кавказ ұлтының темпераментін көрермен қауымға ерекше жеткізе білген театр актерлерінің шеберлігінде мін болмады. Әсіресе, езуге күлкі сыйлаған Сико рөлін сомдаған ҚР еңбек сіңірген қайраткері Боранбай Молдабаев езуге күлкі үйіріп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Еркеліктің, шынайы достықтың, адалдықтың, махаббаттың бейнесі айшықталған қойылымнан ұғынарымыз көп екенін бірден түсінуге болады. Басты рөлдердегі Ерлан Малаев, Гүлбаршын Қылышбай, Мейрам Қайсанов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жанат Чайкина, Асылбек Қапаев, Жасұлан Ерболат және Олжас Жақыпбек сынды әртістердің өнері де тәнті етпей қоймады. Сахнаның тақырыпқа сай безендірілуі, ойнақы әуен мен ұтымды әзіл көрермен қауымның талғамынан шықты.
Қойылымның авторы осетиялық драматург Асахмат Айларов. Оның «Келісімшарт бойынша қалыңдық» туындысын қазақ тіліне тәржімалаған Эльмира Мақашева. Қойылымды тамашалаған әрбір адам эмоция жетегіне еріп, сыртқы өмірден бірер сағатқа демалуға мүмкіндік алды. Көрермендерді алдағы уақытта қаллекиліктердің тағы бір премьерасы күтіп тұр. 17 маусым күні театрда Жабал Ерғалиевтің «Есігімді қаққан кім?» психологиялық драмасы қойылады. Режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов қазір соны сахналау әзірлігі үстінде.
Сондай-ақ, өнер сүйер қауым театрға қатысты үлкен мереке қарсаңында тұр. 20-26 мауысым аралығында елордада «Сахнадан сәлем» атты Театрлардың IV халықаралық фестивалі өтеді. Ендеше, театрда қауышқанша, ағайын.

Аяулым ҚАНАПИЯНОВА,
Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің 2 курс студенті

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*