«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сұлушаш НҰРМАҒАМБЕТОВА: АСТАНАЛЫҚТАРҒА АРНАП КОНЦЕРТ БЕРЕМІН

0 113

DSC_2223

– Репертуарыңызда қазақпен қатар, қырғыз, қарақалпақ, орыс, түр­кімен халықтарының ән­дері бар. Басқа ұлттың әнін орындауға неге құмар болдыңыз?

Динара

– Кішкентай кезімде өте пысық болдым. Ташкенттен пошта арқылы Батыр, Луиза Закировтардың әнтабақтарын алдыртып, солардың әуендерін үйренетінмін. Болгарияның Лили Иванова деген эстрада жұлдызы болған. Соның әндерін орындағанды жақсы көретінмін. Оларды қан­ша­лықты, дұрыс айтып жат­қа­нымды, әрине, біл­мей­тінмін. Әйтеуір, әлгі әртіске өзімше еліктеп ыңылдап жүретінмін. Сөйтіп, сахнаға алып шықтым.

 

– Бүгінгі тіршілігіңіз жайында айтып берсеңіз… Шәкірттеріңіз бар ма?

Мақсат

– Бүгінгі өміріме көңілім толады. Өзімнің сүйікті ісіммен айналысып жүргенім үшін тағдырыма және отбасыма ризамын.

Айтулы іс-шараларға шақырылып тұрамын. Арнайы оқу орнында сабақ бермесем де, шәкірттерім бар. Көмек сұрап келген талантты жастардың бетін қайтарған емеспін, үнемі ақыл-кеңесімді айтып отырамын.

 

Қоғамда орын алып жатқан қан­дай мәселеге алаң­даулысыз?

Мирас

– Адам есейген соң, көңілшек боп кетеді екен. Туған жерім Нарынқолға барған сайын ол өңір­дің жадап-жүдеп кет­кенін көріп көңілім құлазиды. Осы жердің жағдайы жақ­сарса екен деймін.

 

– Кейінгі толқыннан қай әншіні сүйіп тыңдайсыз?

Лаура

– Қазіргі әншілердің көбісі ұнайды. Бүгінде сахнада ізденімпаз, еңбекқор әншілер көп. Оған қоса, олардың өздерін танытуына мүмкіндігі зор. Бір қызығы, біздің кезімізде халыққа танылу өте қиын болатын. Ол уақытта телевидение мүмкіндігі шектеулі еді. Қазіргі жас әншілер қорықпай-ақ салтанатты сарайларда концерттерін беріп жатады. Соған таңғаламын.

 

– Кезінде сіз шырқаған «Бала ғашық» әнін Мей­рамбек Беспаев орын­дап жүр. Қазіргі нұсқа­сына көңіліңіз тола ма?

Жазира

– Мейрамбек қай әнді орын­даса да, көрермендеріне жеткізе біледі. Үздіккен үні жаның­ды баурайды. Халық әртісі Нүке­тай Мышбаева апамыз: «Біздің Сұлушаш сахнада шошаң­­да­майды» деуші еді. Сол сияқты Мейрамбек те өзін бірқа­лыпты ұстайды. Кішкен­тайынан сахнаны көріп өскен бала ғой.

 

Қазір әншілердің компьютерленген дауыс­тарын бір-бірінен ажырата алмаймыз. Сіздің дауысыңыз несімен ерекше?

Жамал, қала тұрғыны

– Мақтанғаным емес, дауысымның өзгешелігі бар. Сол сияқты Нұрғали Нүсіпжанов, Мақпал Жүнісова, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева сынды сахна саңлақтарының дауыстары сазды, көңілге қонымды. Әндерін тыңдасаң, кәдімгідей демалып қаласың.

 

– Көгілдір экрандағы түрлі бағдарламаларға кілең жас әншілер шақы­рылады. Сонда аға буын өкілдеріне ұсыныс айтылмай ма?

Оралбек, қала тұрғыны

– Бұл сұрақты бізге емес, телевидение саласындағыларға қою керек.  Мәселен, Кеңес Одағынан келе жатқан ү­л­кендерді, мына бізді қосып бағдарлама дайындаса, кейінгі ұрпаққа мағыналы әнмен үлкен тәрбие көрсетуге болады. Әйтпесе, компьютермен жазылған «сүйдім, күйдім» деп сыбырлап-күбірлеп той деңгейінде концерт бе­реді. Сахна деген – киелі дүние. Халықты өнерімен таң­ғал­дыратын талғамды, кәсіби деңгейді қажет етеді.

 

– Тойға шақырылып тұрасыз ба?

Ақан

– Иә, тойға барып тұрамын. Халық әрқашан ыстық ықы­лас­пен қарсы алады.

 

– Астаналықтарға арнап концерт бересіз бе?

Тамара

– Елордалықтарға арнап, жаңа жыл қарсаңында концерт бермекшімін. Қазір соған мықтап дайындалып жатырмын.

– Астана тұрғындарына тілегіңіз…

– Көрермендеріміз бай, бақуатты тірлік кешсе, бейбіт­шілік баянды болса деймін!

 

Еркежан СӘТІМБЕК

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды