«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сұлулық пен сананы үйлестірген хореограф

0 24

Еңбектенбеген, таланты кем адамға жалын сипатпайтын бір өнер саласы бар. Ол – би өнері. Қандай сүйенішің, қанша дәулетің болса да, сен шын биші болмасаң елді мойындата алмайсың. Би – эстрада әні емес, фонограмма жаздырып, дауысыңды компьютермен әрлетіп, сахнаға жұлдыз болып шыға қоятын. Би – мансап емес, әкең-көкең ықпал етіп, әкеліп, сені креслоға отырғыза салатын. Ешкім сенің орныңа келіп сахнада билеп бермейді. Демек, бұл өнерде өрге жүзу үшін өзіңе, талантыңа ғана сүйенесің. Биыл «100 жаңа есім» жобасына еніп, елге таныла бастаған Анвара Садықова да қазіргі биігіне шынайы таланты мен еңбегі арқылы жеткен.

Анасы оны бала күнінен өздері тұратын Балқаш қаласындағы түрлі үйірмелерге қатыстырып, ұдайы өнерге, ұдайы дамуға бейім болуға баулыған екен. Өзі медбике болып қызмет етсе де, баланың санасына сәулесін түсіретінін сезді ме, апта сайын аймақтық мұражайға алып барып, тарих тамырына да көңілін бұрып отырған. Өйткені қызы, шынында, өнерге икемді еді.
Үйде кең етек көйлек киіп алып, шыр айналып билеп жүргенді ұнататын.
Анвара төрт-бес жасқа тол­ған­да Кеңес Одағының танымал бишісі Махмұд Эсамбаев Балқаш­қа келіп, концерт береді. Анвараны анасы сол кешке алып барды. Сахнада би орындалған соң қызының қолына гүл ұстатып сахнаға жібереді. Бүлдіршін қыз кішкентай қолдарымен бишіге гүл ұсынады. Оған көңілі марқайған биші қызды көтеріп алып, маңдайынан сүйеді… Бүгінде Анвараға анасы «сол күні Махмұд Эсамбаев саған батасын берген ғой» деп отырады екен.

* * *

Анвараның есімін естігенде таңырқағаным рас. Қазір көп қыздар өзінің әп-әдемі Айнұр деген есімін – Айнура, Әсел болса – Аселя, Гүлнұр болса Гульнура деп өзгертіп атағанды ұнатады. Мұның да сыры сонда шығар деп ойлағаным рас. Бірақ Анвара: «Көбі менің атымды түсінбей қалатыны рас. Бұл есімді маған әкем марқұм қойған. Ол Құраннан алынған сөз екен, қазақша «күннің шуағы» деген мағына береді. Негізі, түркі халықтарында адамның есімін айтқанда екпін соңғы дауысты дыбысқа түсуі керек қой. Менікі де солай. Бірақ мұны көбі білмейді. Менің атымды негізінде Дүйсенбек Нақыпов деген белгілі жазушы, хореограф ағамыз ғана дұрыс атайды» деді күліп.

* * *

«100 жаңа есімге» енгендер өз саласы бойынша ерекше еңбек сіңіріп келе жатқан, өз қолтаңбасы бар тұлға болуы шарт. Он сегіз жылдан бері ұлттық би, хореография өнерін насихаттауға үлес қосып, әсіресе соңғы он жылда зерттеу еңбектерімен айналысып, нағыз хореограф қызметін атқарып жүрген Анвара Садықованың осы қатарда болуы қисынды. Ол А.Селезнев атындағы Алматы хореография училищесін бітіріп, балет әртісі мамандығын алып шыққан. Оқуын аяқтаған соң Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында әртіс ретінде жұмыс істеп, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түседі. Кейін өзінің ұстаздық жолын өзі бітірген оқу орындарынан бастайды. Қоюшы хорео­граф ретінде Болат Аюхановтың басшылығымен Қазақстан Респуб­ликасының мемлекеттік академиялық би театрында қосымша жұмыс істейді. А.Селезнев атындағы Алматы хореография училищесі мұражайының меңгеруші қызметін ұстаздық қызметімен қатар алып жүреді. 2017 жылдан бастап Астана қаласындағы Қазақ ұлттық хореография академиясында аға оқытушы болып жұмыс істейтін Анвара – бүгінде Бішкектегі Ғылым академиясының ізденушісі. Он жылдан бері қазақ хореографиясы саласында ғылыми ізденіс жасап жүр. Айтпақшы, оның тақырыбын бекітіп, жалпы қазақ дәстүріне, тарихына бағыттаған ғылыми жетекшісі Людмила Жуйкова екен.
«Мен ғылыми ізденіске бет бұрмағанда хореограф бола алмайтын едім. Бұл ізденіс менің көзқарасымды шыңдады, маған өмірдің мәнін терең түсінуге мүмкіндік тудырды. Жалпы, қазақ биінде әр қимыл мағынаға толы екенін, соның сырын түсінсеңіз, оған деген құрметіңіз артады» дейді ол.
Анвара Садықова – дәстүрлі ұлттық би, классикалық би мен заманауи биді үндестіре білген өнер иесі. Алайда ол: «Бұл бағытта менен бұрын талай еңбек сіңірген тұлғалар бар. Д.Әбіров, Б.Аюханов, З.Райбаев,
Ж.Байдаралин сияқты басқа да кісілер ұлттық биді классикалық би, заманауи бимен үндестіріп, жол салып кеткен. Ал біз сол бағытта қызмет етушіміз» дейді алдыңғы тол­қын – аға буынға құрмет танытып.
Біздің кейіпке­ріміз қазақ биі саласында ізденіс жасау барысында «қазақ неохореографиясы» деген термин қалып­тас­тырған. Оның айтуынша, бұл термин «қазақ биінің жаңа түрі» емес, «қазақ биін жаңаша түрде жеткізу» дегенді білдіреді. Яғни ол қазақтың ертеден келе жатқан ұлттық биін, ұлттық мұраларын сақтап, жаңа заманға түрлендіріп жеткізуді мақсат етеді.

* * *

Қазақтың тілі қандай бай болса, қазақтың би тілі де сондай бай. «Бай болғаны сонша, қазақ биінде тек тұрмыстық қана емес, философиялық тақырыптарды ашуға мүмкіндік береді, – дейді кейіпкеріміз. – Онымен небір би, балет қойылымдарын жасауға болады».
Жалпы, біздің шығыс би үлгілеріне қарап түйген түсінігіміз бойынша би көңіл көтеру құралы сияқтанатын. Әсіресе, тарихи фильмдерде үлкен сарайда патшаның немесе бай мырзалардың алдында билеп жүрген бойжеткендерді көрген соң, сондай түсінік қалыптасуы заңды еді. Алайда Анвара Садықованың айтуынша, бидің бастапқы мақсаты көңіл көтеру, тіпті дене шынықтыру да емес, сезімді, ойды жеткізу болған. Би – ритулдық міндет атқарған. Мысалы, аңға шы­ғу, дабыл қағу, атқа қону, шабу, жаратқанға табыну, болмаса табиғатты, тұрмыс-салтты, қандай да бір әрекетті суреттеу сол би тақырыптарының қалыптасып, дамуына ықпал еткен. Дәстүрлі бидің тарихын сонау сақ дәуірінен бастап қарас­тыруға болады. Тіпті «бақсылардың тілі» де би тіліне жатады.
«Қазақта «айнала­йын» деген әдемі сөз бар. Ол ешбір тілге аударылмайды, тек қазақ тіліне тән. Сол сөз бақсылыққа байланысты шыққан. Бақсы науқас адамды айналып жүріп, оның жаман энергиясын өзіне алып, өзіндегі жақсыны соған береді. Осы мақсатта айналып қимыл-қозғалыс жасайды. Бертінде біздің үлкен әжелеріміз де баласын, немересін еркелетіп, еміренгенде «айналайын» деп отырады. Олар да баланың бойындағы жаманын алып, өзіндегі жақсысын берсем деген ниетін білдірді. Осындағы «бақсының тілі» – би тілі. Бұл, тереңіне үңілсеңіз, қызық дүние. Өзінің даналығын, тереңдігін тілімен ғана емес, би тілімен де жеткізе білген халқыңды ерекше жақсы көріп кетесің, мақтанып қаласың» деді Анвара.
Айтпақшы, біз қазақ биінде ең жиі қолданылатын қимыл «Қамажайдағыдай» саусақтарды жа­йып, айналдыру екенін білеміз. Ол биде қол қимылы «айналма» деп аталады екен. Кейіпкеріміз осы қимылдың сырын былай түсіндірді: «Қазақта әр тойда «тойбастар» беріледі. Ол «той тойға ұлассын» дегенді білдіреді. Би тілінде де сол түсінік бар. Яғни биде қазақтың дүниетанымы, философиясы жатыр. Бір нәрсенің соңы – келесі нәрсенің басы. Қолды айналдырып қимыл жасау, міне, сол. «Өмір тоқтап қалмайды, бір күн аяқталса, екінші күн басталады. Күзден соң қыс, одан соң көктем келеді, бәрі біріне-бірі жалғасып, айналып отырады» дегенді білдіреді» деді.
Шара Жиенқұлова қалдырған «қайнар бұлақ», саусақтардың ұшымен әдемі бейнелейтін – «толқын», қалыптар, жүрістер, т.б. көптеген қимылдың бәрін би мәнін түсіне білгендер тақырып бойынша қолданады. Олар бимен ой айтып, бір көріністі бейнелеп жеткізеді.

* * *

Бүгінгі таңда Анвара Садықова қызмет ететін Қазақ ұлттық хорео­графия академиясында  «Қазақ би лабораториясы» ашы­лыпты. Онда ҚР Еңбек сіңірген әртісі, профессор Тоған Ізім, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Балет» театрының балетмейстері Айгүл Тәти, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Күлбекова сынды тағы басқа мықты мамандар бірігіп қазақ биі терминологиясын, қимылдарын, бөлімдерін жүйелеп, ретке келтіруге үлкен еңбек атқарып жатқанын айтты.
«Қазақ би мектебінде бай тіл де, терминология да, тәжірибе де, зерттеу еңбектері де бар. Ертедегі көшпенділердің мәнерін, характерін жеткізетін керемет қимылдар, бидің философиясы – бәрі осы мектеп арқылы сақталып, кейінгі ұрпаққа жетеді. Маған ең ұнайтыны, мен өзімнің ойым­ды, еліме деген махаб­батымды қойылымдар арқылы көрерменге жеткізуге мүмкіндігім бар. Кейде сабақ үстінде шәкірттерімнен мынаны байқаймын: олар біздің алдымызға ұлттық би билей алатын дәрежеде болып келеді ғой. Бірақ мысалы, «айналма» қимылының мағынасы жайлы естіп, үйренгеннен кейін олардың «айналмасы» бұрынғыдан гөрі әдемі болып шығады. Олар қимылдың мағынасын түсінгеннен кейін оны ұғынып, ерекше ықыласпен жасайды. Соған қарап сүйсінемін» дейді кейіпкеріміз.

 P.S.  Иә, би – жалқауға жалын сипатпайтын өнер. Спортшы секілді олар да бірер күн жаттықпай, физикалық қимыл жасамай қалса, денесі икемге келмей, «асаулана» бастайды. Бишінің негізгі құралы денесі емес пе?!
Ал сыры мен сымбатына көз тоймайтын Анвара Садықова хореограф қана емес, терең тәлімгер, ұстаз да. Бүгінде оның шәкірттері түрлі отандық және халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі оралып жүр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды