«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сұлтанмахмұтқа ота жасаған

0 38

Әбубәкір Бермұхамедұлы Алдияров 1879 жылы Торғай облысы, Николаев уезінің (қазіргі Қостанай облысы Қарабалық ауданы) Сарай болысында ауқатты отбасында өмірге келген. Әкесі Бермұхамед Қауменұлы осы аймаққа белгілі адам болған.

Жасынан зерек болып өскен ол қазақтың көрнекті педагог ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің алғашқы шәкірттерінің бірі болды. Әбубәкірдің Торғай қолөнер училищесінде оқыған 1889 жылы ұлы ұстазбен бірге түскен суреті сақталған. Ол 1891 жылы Орынбордағы ерлер гимназиясына түсіп, латын, неміс, француз тілі және басқа да пәндерді өте жақсы оқыған.
Гимназияны 1899 жылы сәтті бітіріп шығады. Аталған оқу ордасының оған берген мінездемесінде: «Оқушы Алдияров Торғай облысы Сарай болысындағы би, құрметті азаматтар тұқымының баласы, құдайға құлшылық етуші мұсылман қырғыздардан. Жасы 20-да, гимназияда 8 жыл оқыды…. гимназияда оқып жүргенде ол пансионда тұрды, Торғай облысы қырғыздарына арналған стипендияны пайдаланды…» деп жазылған. Әбубәкір гимназияға келгенге дейін де орыс тілін жақсы меңгерген.
1899 жылы біздің кейіпкеріміз Қазан императорлық университетінің медицина факультетіне түсіп, сонда оқып жүргенде генерал адъютант Крыжановский атындағы стипендияны алады. Жоғары оқу орнын 1904 жылы тәмамдап, Троицк қаласына келіп, мамандығы бо­йынша жұмыс істейді. Елге қолы жеңіл хирург ретінде танылып, жұртшылық арасында зор беделге ие болады.
Сол жылы ол қазақтың үлкен ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровқа күрделі ота жасайды. Бұл оқиға жайында ақын Дихан Әбілев өз естелігінде: «Қаладағы айтулы хирург Бәкір Алдияров пен терапевт Николай Пономарев Сұлтанмахмұттың сырқатын мұқият қарап шықты. Одан кейін Бәкір Сұлтанмахмұттың көзіне операция жасады…». – Құдай жарылқап, операция сәтті шықты! – Бәкір Алдиярович бұл жолы өз қабілетінен де асып түсті…» деді Николай Иванович… Оның дәл алдында ақ халатты жас дәрігер Бәкір қуаныштан күліп тұрды» деп жазған.
Сондай-ақ білікті дәрігерден емделген Г.Шоқаеваның 1913 жылы «Айқап» журналының сегізінші нөміріне жа­риялаған мақаласында Троицк ауру­ханасының дәрігері Ә.Алдияровтың хал үстінде жатқан адамды емдеп шығарғаны, медициналық көмек алу үшін жұрттың оған келуге құштар екендігі айтылған. 1916 жылы ол өз еркімен әскер қатарына алынып, Белоруссияның Пин деген батпақты аймағында ауыр жағдайда қызмет етіп жүрген қазақ солдаттарына дәрігерлік көмек көрсетеді. Әскерден Троицкіге қайта оралып, 1928 жылға дейін қызметін қайта жалғастырады. Одан кейін Өскемен, Қаракөл және Жамбыл қаласында тұрып, қаншама жанға арашы болды.
Сол қиын-қыстау жылдары қарлы­ғаштың қанатымен су сепкендей туған халқының өмірі мен денсаулығы үшін жан аямай қызмет еткен абзал тұлға 59 жасында өмірден өтті.

Мөлдір БАЙМАХАНБЕТОВА,
Ұлттық академиялық кітапхананың
«Кітап» мұражайы меңгерушісі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды