Четверг, 29 Июнь 2017
-->

СҮЙІНБИКЕ КӨШЕСІ АШЫЛДЫ

Елорданың «Familу village» қалашығында түркі жұртына ортақ тұлға – Ханшайым Сүйінбике көшесі ашылды. Салтанатты шараға Татарстан президенті Рустам Минниханов пен қала әкімі Әсет Исекешев қатысты.

????????????????????????????????????

Сүйінбике ханшайымның кезінде Қазан хандығын отаршылардан қорғау үшін жан аямай қарсы тұрғанын тарихтан білеміз. Ұлттың ұлы даласын қорғаған қайсар арудың атына көше атауы берілуі – бүгінгі ұрпаққа өнеге.

«Қазақстан мен Ресей – стратегиялық әріптес. Бүгін Астана мен Қазанды жалғайтын маңыз­ды шараға куә болып отырмыз. Біз үшін Татарстан – бауырлас ел ғана емес, маңызды сауда-­экономикалық, саяси әріптес. Биыл екі ел арасындағы бауыр­ластық байланысқа 13 жыл толады. Екі жақты қарым-қатынас алдағы уақытта да жаңа қарқынмен жалғасады деп сенемін. Өткен жылдың қазан айында елордада Татарстан өкілдігінің ғимараты бой түзесе, бүгін Сүйінбике көшесінің ашылуы жалпы түркі халқының ортақ қазынасы деп білемін» деді Әсет Исекешев. Оның айтуынша, алдағы шілде айында «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде Татарстанның Астанадағы мәдени күндері өтеді.Өз кезегінде сөз алған Татарстан президенті Рустам Нұрғалиұлы Астана төрінде Сүйінбикедей аруға көше атауын берген Қазақ еліне алғысын айтты.

– Бұл – біздің ұлтымыз үшін айтулы оқиға. Бүгін екі елдің арасы тағы да жақындай түсті. Осындай шешім қабылдағандарыңызға рақмет. Сонымен қатар, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылуын биік абыроймен атқарғандарыңыз үшін құттықтаймын, – деді Татарстан басшысы.

Айта кетейік, көше атауын беруге атсалысқандардың қатарында «Сүйінбике» кітабының авторы, белгілі жазушы Шәрбану Бейсенова, ақын Жанат Әскербекқызы және бейнелеу өнерінің шабандозы Камиль Муллашевтер бар.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ 

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*