«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

СУИЦИД: себебі мен салдары

0 20

Қазіргі қоғамның дертіне айналған жасөспірімдер арасындағы суицид рухани қасірет қана емес, ел экономикасы үшін де үлкен шығын екені анық. Өйткені жас өскіннің өз-өзіне қол жұмсауы елдің болашақтағы белсенді азаматтарынан айырылып, оның демографияға салқыны тимей қоймайтыны белгілі.

Ресми деректерге сүйенсек, елімізде жыл сайын 200-ге жуық жасөспірім өз-өзіне қол жұмсайды екен. Бұл – тек тіркелген жағдайлар ғана. Ал тіркелмегені қаншама десеңізші…
Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз Жолдауында отбасы мен бала институтын қолдау мәселесіне ерекше тоқталды. Президент жекелеген мемлекеттік бағдарлама жасалуы керектігін айтты. Оған жан-жақты салалар бір кісідей атсалысуы керек. Оның ішінде педагогика саласы, білім мен мәдениет, сондай-ақ ішкі істер қызметкерлері, ата-аналар осы кеселге қарсы жұдырықтай жұмылуы тиіс. Яғни отбасының мәртебесін, институтын қолдау арқылы осы қауіпті кеселмен күресуге болатынын айтты Мемлекет басшысы.
ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің мәліметінше, былтыр елімізде 3542 суицид жасалса (оның 178-і – кәмелетке толмағандар), 4234 адам өзіне-өзі қол жұмсауға әрекет еткен. Статистикалық мәліметке сүйенсек, мұндай сұмдық жағдай бойынша өзге өңірлермен салыстырғанда елорда алғашқы орында екен. Мұнда биылдың өзінде 128 суицид орын алған. Бұл осыдан бір жыл бұрынғыға қарағанда 82 пайызға артқан.
Әлбетте, әр адамның өмірінде неше түрлі қиындықтардың болып тұратыны белгілі ғой. Өзіміз куә болған сондай жағдайдың бірі ҰБТ сынағынан екілік алған бала мұғалімінен қорыққанынан асылып қалғысы келген. Өкінішке қарай, суицидке баратындардың көпшілігі – осындай 18-ге толмаған жастар.
Әлеуметтанушы-ғалымдар суицид жасау қаупінің өсу деңгейіне өмірлік құндылықтар мен әлеуметтік жағдай ықпал етеді деп есептейді.
Қазақстандағы бұл дерттің көп болуы қоғамның өтпелі, транзиттік сипатымен байланысты екенін айтады әлеуметтанушылар. Жалпы, суицидті дер кезінде танып, осындай теріс жайттардың алдын алу үшін жан-жақты ақпарат беру, түсіндіру, мәселенің мәніне бойлау, талдау, сараптама жасау қажет. Осы тұрғыда елордада оқушылар мен студенттер арасында кішігірім сауалнама жүргіздік.
«Бос уақытта немен айналысасыз?» деген сауалға жастардың көпшілігі әлеуметтік желілерде өткізетіндерін айтты. Осыдан барып ата-анамен қарым-қатынас күрделенеді деп ойлаймын. Ал демалыс сәттерінде теледидар көретіндер, кітап оқитындарға қарап осының өзіне қуану керек сияқты. Бірақ спортпен айналысатындар, өкінішке қарай, тым аз болып шықты.
Келесі «Қиын жағдайға тап болсаңыз, кімнен ақыл-кеңес сұрайсыз?» деген сұраққа жа­уап берушілердің 50 пайызы ата-­анасынан ақыл сұрайтындарын, кейбірі достарының пікіріне жүгінетінін, енді бірі өз мәселесін өзі шешетінін жеткізді.
Суицидке барудың себебі неде дегенге жауап іздеп көрсек, оған эмоциялық күйзеліс пен отбасы мәселесі, қаржы тапшылығы, зорлық-зомбылық, мінез-құлықтың бұзылуы және тағы басқа да алғышарттардың болатыны анық. Психологтар жасөспірімдердің эмо­циялық жағдайына назар аударып, мінез-құлқын мұқият бақылап, қадағалап жүрсе, суицид белгілерін дер кезінде тануға, оның алдын алуға болады деп санайды.
«Асылында, ислам діні суицидті мүлдем құптамайды. Өйткені адамға жан аманат етіліп берілген. Нағыз мұсылман бақытқа кенелсе, «шүкір» деу керек. Қайғы-қасіретке тап келсе, «сабыр» деуі керек. Ендеше аты жаман бұл дерттен құтылудың бір жолы – балғындарды ерте бастан имани тәрбиемен сусындатқан абзал. Үнемі дастарқан басында сұхбаттасып, ұлттық тәрбиеден қол үзбеу» дейді имамдар.
Мемлекет басшысы да өз сөзінде: «Отбасы институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру, балалардың құқығын қорғау жұмысымыз­дың басты міндеті болуы керек. Жасөспірімдер арасындағы суицидтің көбеюі бізді алаңдатуы тиіс» деген болатын.

Жадыра МҰРАТБЕКОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды