СУДАН ДА ҚАУІП БАР

Жаз басталысымен суға шомылу маусымы да ашылды. Алайда, Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері суға түсуге әлі ертерек екенін ескертеді. 

Есіл өзеніндегі судың температурасы – әзірге небәрі +14 градус. Бұл көрсеткіш +20 градусқа теңескенде ғана шомылуға рұқсат етіледі. Өкінішке қарай, оны қаперіне ілмейтін елордалықтар да бар. «Суға кету фактілерінің ең көбі ағымдағы айға тиесілі. Өйткені, бұл уақытта күн ыстық болғанмен, судың асты онша жыли қоймайды. Сондықтан шомылған адамның сіңірі тартылып, тыныс алуы мен жүрек соғысы тоқтап қалуы мүмкін» дейді аталмыш департаменттің Төтенше жағдайларды жою бөлімі басшысы Эльдор Райымбеков. Осындай ережеге құлақ аспаудың кесірінен биылдың өзінде Астана қаласының 2 тұр­ғыны суға кетіп, қаза тапқан. Соңғысы жақында ғана Көктал кентінде болды. Ал былтыр шаһар бойынша 14 азамат тілсіз жаудан ажал құшыпты. Оның 2-еуі – көкөрім бала. Жалпы, суға кету оқиғаларының 70 па­йызы – мас күйде, 98 пайызы – тыйым салынған жерлерде шомылу себебінен болады екен.
Бүгінде елордада 16 суға түсу орны бар. Суда жүзу барысында қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында қыруар жұмыс атқарылды. Атап айтсақ, шомылу маусымының ашылуына орай автокөлік, жүзуге арналған саймандар, байланыс құралдары әзірленді. Сонымен қоса, төтенше жағ­дайлар кезінде жедел көмек көрсету үшін 2 сүңгуір топтың бір уақытта әрекет етуіне ың­ғай­ластырылған автомобиль, жеке құрамның 1 бөлімшесі, 7 құтқару шлюпкасы, 7 үрлемелі моторлы құтқару қайығы, 9 құтқару катері мен мотоқайық, резервтік бөлімше күн сайын сақадай сай тұрады. Бұдан бөлек, Есіл өзеніне түсетін барлық баспалдақ тұсына мемлекеттік және орыс тілінде тыйым салу тақтайшалары орнатылды. Қаладағы жоғары оқу орындарына, мектептерге, денсаулық сақтау мекемелеріне судағы төтенше жағдайлардың алдын алу туралы ақпараттық хабарламалар жіберілді. Оқушыларға суға шомылу тәртібі жайлы презентациялар көрсетіліп, интерактивті сабақтар ұйымдас­тырылды. Мұнымен бірге, Астана қаласындағы және Қоянды ауылындағы жағажайлардың, «Үш мөңке» демалыс орнының, қайықтар мен катамарандарды жалға беру базаларының әкімшіліктеріне Ішкі істер министрі бекіткен судағы қауіпсіздік ережелері жолданды.


Ереже демекші, қауіпті жағ­дайларда не істеу керегін әр­біріміз жақсы білуіміз тиіс. Мәселен, су ішінде аяқ-қолыңыз тартылып қалды делік. Онда дереу жүзу стилін өзгертіп, арқамен шалқалай жүзгеніңіз дұрыс. Егер қолыңыздың саусақтары тартылып жатса, бірден күшпен жұдырығыңызды түйіңіз де, сырт жаққа қарай қолыңызды сілтеп, жұдырығыңызды ашыңыз. Балтыр бұлшықетінің сіңірі тар­тылғанда, табаныңызды екі қолыңызбен ұстап, күшпен өзіңізге қарай тартыңыз. Жамбас бұлшықеті тартылғанда, аяқты жіліншіктен төмен сырт жағынан ұстап, тізені бүгіп, қолмен арқаға қарай тартыңыз. Түйреуіш, ине тәрізді үшкір заттың ұшын денеге сұғып алу да сізді құтқарады. Тыныс алу жолдарына су кіргенде, басты барынша жоғары көтеріп, қатты жөтелген жөн. Сосын тезірек жағаға шығыңыз. Иірімге кез болсаңыз, кеудені кере дем алып, судың астына сүңгіңіз. Су астында иірімнен алысырақ кетіп, жағаға қарай жүзіңіз. Балдырларға ілініп қалғанда, оқыс қимыл жасауға мүлдем болмайды. Арқаға жатып, ақырын, асықпай, келген бағытыңызға қарай жүзіп шығуға тырысыңыз. Егер балдырдан құтылу мүмкін болмаса, аяғыңызды көтеріп, қолыңызбен өсімдікті «шешіп тастаңыз».
Суға кеткен адамға жәрдем­десудің де бірнеше тәсілі бар. Біріншісі – құтқарушы суға батып бара жатқан адамды қол астынан ұстап, шалқасынан жүзе отырып сүйреп шығарады. Екіншісі – суға батушыны бір қолмен шашынан немесе жағасынан ұстап, басын су бетінде ұстауға тырысып, жағаға қарай жүзеді. Үшіншісі – суға батушының артынан екі қолынан ұстап артқа қарай тартып, өзі сол қолын оның қолының астынан арқасына өткізіп, екінші қолымен шынтағынан жоғары ұстап, бір қырымен жүзеді. Судан шығарғаннан кейін кісіні арқасынан ұстап, еңкейтіп, ішіндегі суды құстырады. Адам суға батқанда 0,5-2 литр су жұтып қояды. Одан соң, зардап шегушінің аузын құмнан, лайдан тазартады. Егер адам дем алмаса, «ауыздан ауызға» әдісімен жасанды дем алдыру жасайды. Басын шалқайтып, екі саусақпен мұрнын басып, минутына 18-20 рет жиілікпен аузына үрлейді. Жасанды дем берумен бір мезгілде жүрек сыртынан массаж жасауға болады. Төс сүйектің жоғары жағындағы үштен бір бөлігіне алақандарды айқастыра қойып минутына 70 рет жиілікпен басу қажет.
Тағы бір есте ұстайтын нәрсе, суға мас күйде түсуге, тыйым салынған жерлерде шомылуға болмайды. Келе жатқан кеме-катерлерге жақындап жүзбеңіз. Оларда ескіш винтіне тартып әкететін ағыс бар. Сондай-ақ, қатты ағысқа қарсы жүзуге, суға шомылатын орындарға қойылған қоршау белгілерінен асуға, суда аяқ-қолды ұстап, қимылды тежейтін ойындар ойнауға, тамаққа тойып алып, суға түсуге болмайды.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Сонымен қатар

САРЫАРҚА АУДАНЫНЫҢ 2017 ЖЫЛҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ҚОРЫТЫНДЫЛАР МЕН 2018 ЖЫЛДЫҢ ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ ТУРАЛЫ ЕСЕП

Ауданда әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда деңгейі ауқымды жұмыс жүзеге асырылды. Түрлі мемлекеттік реформалар мен бағдарламалар …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған