«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Судағы пластиктен – су жаңа киім

әлем қандай эко- трендтерді қолдайды?

0 30

Табиғатқа қамқорлық соңғы жылдары сәнге айналуда. Бұған әлемнің түкпір-түкпірінде танымал болып жатқан эко-трендтер дәлел.

 

 

Бостандықтағы тауықтың жұмыртқасы қымбат

Бүгінде батыстың біраз мемлекетінде дүкендегі азық-түліктің екі түрі бар. Мәселен, Ұлыбританияда жүргеніңізде жұмыртқа сатып алғыңыз келді делік. Плас­тик қорапқа салынған он жұмырт­қа небәрі 1,5 фунт стерлинг тұрады. Соның дәл жанындағы сөреде одан екі есе қымбат басқа жұмыртқаның түрі бар. Сыртқы қорабы қағаздан жасалған, ал ішіндегі жұмыртқа органикалық. Бұл дегеніміз – сол жұмыртқаны тапқан тауық тек табиғи өніммен қоректенген, оған себепсізден себепсіз антибиотиктер егілмеген, сонымен қоса басқа тауықтардай тор ішінде емес, кең аулада жүрген деген сөз. Бір қызығы, Unilever компаниясы 5 елдің 20 мың тұрғынына жүргізген зерттеуде респонденттердің үштен бірі бағасы қымбат болса да, қоршаған ортаға зияны тимейтін өнімдерді таңдайтынын айтқан.

Сыртқы қорабы жоқ сусабын

Кейінгі кездері әлемдік брендтердің көбісі өз өндірісінде плас­тик қолданысын неғұрлым азайтуға тырысуда. Coca Cola мен Procter & Gamble компания­лары 2025 жылға дейін бір реттік пластик бөтелкелерінен біржола құтылуға уәде берді. Қазірдің өзінде бұл брендтер табиғатты қорғау жолындағы қадамдарын бастап кеткен. Мысалы, біздің Қазақстанда Coca-Cola Icecek компаниясы өндіретін Bonaqua сусындарының бөтелкелері тым жұ­қа екенін байқаған боларсыз? Қайта өңдеу процесін жеңілдету үшін компания осындай іске көшкен.
Бұлардан бөлек, косме­тикалық тауарларды да ­сыртқы қаптамасыз шы­ғару белең алуда. Солардың бірі – Lush фирмасы қатты сусабын түрлерін ешқандай орамасыз өндіріп жатыр. Johnson&Johnson компаниясының статис­тикасына сүйенсек, жыл сайын америкалықтардың өзі 552 миллион сусабын бөтелкесін қоқысқа лақтырады екен.

Бөтелкеден тігілген кроссовка

Табиғатқа жанашырлық киім мен аяқ киім брендтері арасында да байқалады. Германия­лық Adidas былтыр йогамен айналысуға арналған коллекция­сын мұхитқа тасталған плас­тиктерді қайта өңдеу арқылы жасап шығарды. Бас-аяғы 42 өнімнен тұратын бұл коллекция құрамында қысқа топ, бомбер, шолақ шалбар, сөмке, кроссовка сияқты заттар бар. Кроссовканың әр жұбы үшін 11 пластик бөтелке жұмсалған. Америкалық The North Face бренді де өзінің ThermoBall Eco атты күртелерін тігерде табиғи материалдың орнына қайта өңделетін пластик талшықтарын қолданған.
Сондай-ақ соңғы уақытта киім-кешекті жалға беру үрдісі де дамып келеді. Жыл сайын шамамен 11 млн 793 мың 400 келідей киім-кешек қоқыс жәшігіне тасталады. Ал олардың басым бөлігі әлі де киюге жарамды жағдайда. Сіздің енді кигіңіз келмейтін жейдеңіз басқа біреуге ұнап қалуы мүмкін ғой. Осы мәселені ескерген энту­зиастар Tulerie секілді сайттарды жарыққа шығарды. Аталған сайт арқылы олар орынсыз консюмеризмге тосқауыл қоюды мақсат етеді.
Эко-трендтерді қол­дау­­дан қазақ­стандықтар да қалысар емес. Әсіресе, жастар жағы бұл құбылыс­ты асқан қы­зығушы­лық­пен қабылдауда. Соның бір дәлелі ретінде жуырда Назарбаев университетінде өткен Green Week («Жасыл апта») жобасын айтуға болады. Бұл іс-шара аясында студенттер эко-дебаттарда сөз сөйлеп, табиғат жайлы деректі фильмдер тамашалап, вегетариандық тамақтар жәрмеңкесін жасап, қоқысты сұрыптау бойынша шеберлік сыныптарына қатысып, плоггинг арқылы Бурабай аймағын қалдықтардан тазалады.
АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі ұйымдас­тырып жатқан 21 Days of Green («21 жасыл күн») жобасы да отандық жастар арасында жақсы танымал. Бұл жарыстың шарты бо­йынша қатысушыларға әлеуметтік желі арқылы күн сайын тапсырмалар беріледі. Олардың қатарында дүкенге өз сөмкең­мен бару, пестицидсіз өсірілген өнімдерді қолдау мақсатында ұсқынсыз жеміс-жидек сатып алу, электр энергиясын үнемдеу үшін кірді машинада салқын су режимінде жуу, бір күн бойы етсіз тамақтану секілді тапсырмалар бар.

Қағаз пакет проблеманы шешпейді

«Таяқтың екі ұшы болады» демекші, жаппай сәнге айналған эко-трендтер кейде табиғатты қорғау­дың орнына залалын ти­гізіп жататын кездері де жоқ емес. Мысалы, қа­зір полиэтилен пакеттің орнына қағаз пакетті ұсы­натын дүкендер таби­ғат­қа орасан зиян келтіріп жатқанынан хабарсыз. Дәл осының кесірінен былтыр Morrison атты британиялық супермаркеттер желісі елдегі Табиғатты қорғау агенттігі тарапынан үлкен сынға ұшырады. Бұл ұйым өкілдерінің айтуынша, тұтынушылар полиэтилен пакетті бірнеше қайтара қолдана алады, ал қағаз пакет тез жыртылып қалатындықтан, оны бір-ақ рет қана пайдаланады. Сәйкесінше адам дүкенге әр барған сайын жаңа пакет алуға мәжбүр. Бұл планетадағы қоқыс көлемін одан әрі көбейтпесе азайтпайтыны ақиқат. Мұнымен қатар, қағаз пакет өндірісінің белең алуы ағаштардың да көп кесілуіне әкеледі.
Осы орайда eco-friendly (табиғатқа жанашыр) тер­минінің шынайы мағынасын қоғам әлі де толықтай түсінбегенін көреміз. Эко-трендте болу дегеніміз – үйіңдегі барлық поли­этилен пакетті лақтырып тастап, қолдан дорба тігіп алу деген сөз емес. Керісінше, жаңа дорбаға материал жұмсамай, сол полиэтилен пакеттерді мейлінше көбірек керегіңе жаратсаң, қоршаған ортаға нағыз қамқорлық, міне, сол!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды