«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Судьяларға талап күшейді

0 43

Қазақстандағы сот жүйесін әлемдік стандарттарға барлық параметрлермен сәйкес келтіру мақсатында сот жүйесінде ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Осыған орай, судья лауазымына тағайындауға біліктілік талаптары күшейтіліп, үміткерлерді іріктеуден өткізу тетігі қатаңдатылды.

Судья – Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Сот жүйесі және судья­лардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңында белгiленген тәртiппен сот төрелiгiн іске асыру жөнiндегi өкiлеттiктер берiлген, өз мiндеттерiн тұрақты негiзде орындайтын және сот билiгiн жүргiзушi болатын мемлекеттің лауазымды қызметкері.
Қазіргі таңда, сот актілеріне де қойылатын талаптар күшейтілді. Ол шешім не үкім болсын, олар мазмұны бойынша оңай, жеңіл, түсінікті тілмен жазылуы қажет. Тараптардың әрбір уәждеріне сот актілерде жауап болуы міндеттелген. Сонымен қатар, сот актілері заңдылық не кәсіби түсініксіз терминдермен қамтылмауы қажет. Оны оқы­ғанда халық түсінетіндей қара­пайым тілмен жазу талап етіледі.
Сондықтан судьялар қатарында кездейсоқ адамдардың болмауы қажет. Олар заң саласында белгілі бір жетістікке жеткен, заң үстімдігін орнатып, әділ төрелікке кепіл бола алатын тұлғалар болуы тиіс.
Бұны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету аясында «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Заңға қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Атап айтқанда, үміткерге қойылатын талаптар бірнеше өлшемдер бойынша анықталады, бұл ретте аудандық соттың судьясы болып:
отыз жасқа толған, жоғары заң бiлiмi, жоғары моральдық-­адамгершілік қасиеттері, мiнсiз беделі және әдетте, сот оты­рысының хатшысы, сот кон­сультанты (көмекшісі), про­курор, адвокат ретінде кемінде бес жыл жұмыс өтілі не заң­герлік кәсібі бойынша кемiн­де он жыл жұмыс өтілі бар;
біліктілік емтиханын тап­сыр­ған (мамандандырылған магистратура бағдарламасын бітірген және біліктілік емтиханын тапсырған адам оқуын бітірген күннен бастап төрт жыл бойы емтихан тапсырудан босатылады);
медициналық куәландырудан өткен және судьяның кәсiби мiндеттерiн атқаруға кедергi келтiретiн ауруларының жоқ екендігін растаған;
негізгі жұмыс орнынан қол үзіп, сотта ақы төленетін бір жылдық тағылымдамадан ойдағыдай өткен және тағы­лымдама нәтижесі бойынша сот жалпы отырысының оң қорытындысын алған (мамандандырылған магистратура бағдарламасын бiтiрген және біліктілік емтиханын тапсырған адам оқуын бітірген күннен бастап төрт жыл бойы тағылымдамадан өтуден босатылады);
полиграфологиялық зерттеу­ден өткен Қазақстан Респуб­ликасының азаматы тағайындала алады.
Қазіргі таңда, жаңа талаптар­ға сай судьялыққа кандидаттарды іріктеудің тетіктері күшейтіліп, судья лауазымына үміткер атану үшін бірнеше кезеңнен тұратын жан-жақты сынақтан өту қарастырылған. Олар:
– психологиялық тестілеу;
– эссе жазу;
– заңнаманы білуіне тес­тілеу;
– жағдаяттық тапсырмалар;
– сұхбат;
– полиграфологиялық зерттеу.
Әрқайсысына жеке тоқталсақ, үміткердің білімі мен оны дұрыс қолдану мүмкіндігін тек­серумен ғана шектелмей, оның стрестік жағдайларға қарсы иммунитетін және адам­дармен жұмыс істеу қабілетін айқындауға көмектесетін психологиялық тестілеу кезеңінен өткізу жолға қойылды.
Одан кейін, судьяға үміткердің эссе жазу міндеті көзделген. Мақсаты – үміткердің өз бетінше шығармашылық ойлауы мен ойларын жазбаша мазмұндау дағдыларын анықтау.
Содан соң, Қазақстан Респуб­ликасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінде бірнеше заңнаманы білуі тексеріледі.
Егер тест қорытындысы нәтижелі болғандар жағдаят­тық тапсырмаларды шешу кезеңінен өтеді. Бұдан үміткердің өз ойын анық және сауатты тұжырымдауын, негізгі ұғымдарды дұрыс қолдана отырып, себеп-салдар байланысын анықтап, өз қорытындыларын дәлелдей білуін айқындауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, үміткерлермен әлеуметтік-писхологиялық өзара әрекеттестікке негізделеген сұхбаттасу жүргізеді.
Соңғы кезең үміткердің сы­­бай­ластық жемқорлыққа көзқарасын тексереді. Онда оның қызметіне адалдығы мен әділдігін тексеру мақсатында полиграфология­лық зерттеуден өту көзделген.
Осы айтылғандар бойынша біліктілік емтиханын тапсыру рәсімі күрделеніп, олар бірнеше кезеңнен тұрады.
Осы сынақтардан нәтижелі көрсеткішке қол жеткізген үміткерлер ғана судьялыққа кандидат болып саналады және жергілікті соттарда жұмыстың ерекшеліктерін зерделеу, судья лауазымындағы жұмыс үшін қажетті практикалық және ұйымдастырушылық дағдыларды игеру мақсатында тұрғылықты жері бойынша тағылымдамадан өтуге жіберіледі. Тағылымдамадан өту мерзімі – 1 жыл, ол негізгі жұмыс орнынан қол үзе отырып, тұрақты негізде жүзеге асырылады. Тағылымдаман өтушіге негізгі жұмыс орнынан жалақысы сақталмайтын демалыс беріледі. Оларға тағылымдамадан өту кезеңінде 1 жылға дейінгі еңбек өтілі бар аудандық және оған теңестірілген сот судьясы лауазымдық айлықақысының 70%-ы мөлшерінде жалақының белгіленген сомасы төленеді. Тағылымдаманың басты мақсаты – кандидаттың іскерлік, кәсіби және адамгершілік қасиеттерін зерделеу және оның судья өкілеттіктерін жүзеге асыру перспективасын айқындау.

Бағлан ЫДЫРЫСОВ,
Астана қаласы
Байқоңыр ауданы
№ 2 сотының судьясы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды