«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

СУ ТАСҚЫНЫНАН ҚАУІП ЖОҚ

0 5

Биылғы көктемде елордаға су тасқынынан ешқандай қауіп жоқ. Бас қалада төтенше жағдайдың орын алуына жол бермейтін 202 тармақтан тұратын кешенді іс-шаралар жоспары жүзеге асырылады. Бұл туралы кеше Астана әкімдігінде өткен мәжілісте айтылды.

Қалалық коммуналдық шаруа­шылық басқармасының басшысы Төлеген Закарьяновтың айтуынша, кешенді жоспарды жүзеге асыруға әкімдікке бағынышты 22 құрылымдық бөлімшелер, министрліктердің 8 аумақтық органы мен олардың бөлімшелері, 2 коммуналдық кәсіпорын жауап береді. Төлеген Закарьянов өзінің баяндамасында «Көктал» тұрғын алабындағы аспалы жаяу жүргіншілер көпірінің мәселесіне тоқталды. «Біз жобалық-сметалық құжаттаманы дайындап қойдық. Аспалы көпірді биылғы 15 наурызға дейін қайта жөндеуден өткіземіз» деді ол.
Құзырлы басқарма жетекшісі көктемдегі су тасқынының көлемін болжау мақсатында «Қазгидромет»  РМК-мен бірлесе отырып, Мойылды өзені бассейні мен Есіл өзенінің жо­ғарғы алабын зерттеудің бағдарлық картасы жасалғанын хабарлады. Жиналған қардың көлемі жөнінде зерттеу және талдау жұмыстарын жүргізу үшін қаңтар айында мамандар өзен аңғарларына барған.
Қазіргі кезде қала аумағындағы қар дер кезінде тасылуда. Қысқы мерзімде сыртқа тасылған қардың көлемі 1,8 млн кубометрді құрады. Қала басшысы Әсет Исекешев Құрылыс, Сәулет, Білім беру, Денсаулық сақтау, Әлеуметтік даму басқармаларына және аудандық әкімдіктерге әлеу­меттік маңызы зор нысандардың  (балабақша, мектеп, орта және жоғары оқу орындары), құрылыс алаңдарының аумағын қардан тазартуды тапсырды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

бір × 1 =