Четверг, 17 Август 2017
-->

Су тасқынынан келетін қауіп жоқ

erm_0325-2-asli

Елордалық журналис­тер арнайы пресс-тур барысында қаланың су тас­қынына қарсы әзірленген кешенді шаралармен танысты.  Мамандардың айтуынша,  Есіл өзеніндегі көктемгі су жүру кезінде Астана су қоймасына шамамен 200-280 млн текше метрді құрайтын су жиналуы мүмкін.

Қар суын қабылдауға дайын

«Күн жылынса, қаланың кейбір аймақтары мен әуежай маңын су басуы мүмкін» деген ақпарат бұған дейін отандық ақпарат құралдарында жария­ланған еді. Астана қаласы әкімі­нің орынбасары Қосман Айт­мұ­хаметов бұл ақпараттың шын­дыққа жанаспайтынын айтты.
–Бұл – арзан жаңалық іздеген кейбір журналистердің ойлап тапқаны. Қазіргі уақытта барлық жағдай бақылауда. Халықтың алаңдайтын жөні жоқ. Біздің қорытындымыз нақты есепке негізделген, – дейді ол.
Қала басшылығы айтқандай, дәл қазіргі уақытта тасқынға қарсы арнаулы жұмыс тобы құрылған. Оның 2017 тармақтан тұратын кешенді жоспары әзірленген. Сол жоспарға сәй­кес, Астананың 37 учаскесі су басу қаупі бар аумаққа кірген.
–Ең алдымен, Есіл өзенінің жоғарғы ағысын зерттедік. Нәтижесінде қар қоры шамадан 20-30 %-ға көп екені анықталды. Ал қалыпты норма 50 мм болуы тиіс. Біздің мамандар Астана су қоймасына шамамен 200-280 млн текше метрді құрайтын су жиналуы мүмкін дейді. Астана гидроторабы ағымдағы мау­сымдағы қар суын өткізуге то­лықтай дайын, – деп түсіндірді қала әкімінің орынбасары.

Әуежай аймағында бөгеттер бар

Белгілі болғандай, «Астана қаласын Есіл өзенінің көктемгі қар суынан қорғау» нысанында бөгетті күшейту жұмыстары жүргізілген, екі апта бұрын аталмыш кешенде қар суын өткізу жұмыстары басталған. Ауа райы да қалалық құрылымдар үшін оңтайлы болып тұр. Әйт­песе, күн райының күрт жылынуы едәуір қиындық әкелетіні сөзсіз.
Су тасқынына қарсы құрылған жұмыс тобы Майбалық көлін бақылауға алған. Қазіргі уақытта оның деңгейі былтырғы жылмен салыстырғанда жарты метр-ге төмен. Ондағы су мөлшері дәл қазір 65 млн текше метрді құрайды. Бүгінде көлді тазалау жұмыстары жүргізіліп, әуежайдың ұшу-қону жолағына қауіп тумас үшін бөгеттер тұрғызылуда. Сонымен бірге, Есіл өзенінің арнасы кеңейтіліп, Кіші Талдыкөлдің аумағына жауапты мемлекеттік органдар мен құрылыс компаниялары жұмылдырылған.

Арнаулы техника алынды

Жалпы, су тасқынына қарсы шараларға кететін шығындарды жабуға қала әкімдігінен 1,4 млрд теңге қарастырылған. Шығын­ның мұндай көп болатын себебі – қардың әдеттегі мөлшерден екі есе көп жауғаны. Синоптиктердің айтуынша, өткен жылдың 13 қарашасынан биылғы жылдың 13 наурызына дейін 117,6 мм қар жауған. Бұл көрсеткіш қаланың комму­налдық құрылымдарының жұ­мысын күшейтуге ықпал етті. Бес айдың ішінде 5,100 млн текше метр қар шығарылған.
Пресс-тур аясында астаналық журналистер «Көктал-1» тұр­ғын алабындағы қар тазалау жұмыстарына куә болды. Мұнда күн сайын екі ауысыммен 7 бригада жұмыс істеуде. 100-ге жуық техник жұмылдырылған.
–Бүгін 1,5 текше метр болатын қарды сыртқа тасыдық. Әрине, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көп.
Қазіргі уақытта 366 көше қардан түгел тазаланды. Бұл ретте арнайы ұйымдастырылған сенбілік жұмыстары демеу болды. Қала тұрғындары белсене көмектесті. Сарыарқа ауданында шамамен 70-ке жуық су айдындары барын ескеру керек. Ең осал аймақтарға су сорғылары орнатылды. Біз су тасу қаупі бар аумақтарға ерекше назар аударамыз. Мұнда батпаққа жақын салынған үйлер аз емес. Сондықтан, көктемгі уақытта қолайсыздық туындайды, – дейді қар тазалау жұмыстары жөнінде айтып берген Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек.

erm_0271-2-asli

Шалшықтан құтылатын күн жақын

Айтпақшы, мамандар елорда тұрғындары мен қонақтарына ағымдағы жылдың көктемгі-күзгі маусымында жолдарда, жаяу жолдар мен көл жағаларында шалшық судың жиналмайтынын жеткізді. Себебі, қазіргі уақытта қалалық кәріз жүйесін қалпына келтіруге көп көңіл бөлінуде. «Астана тазалық» мекемесі осы мақсатта жаңадан екі техника сатып алған екен.
– Бұл көліктердің сыйымды­лығы – 9 текше метр. Ол су сорумен қатар балшық суларды жүргізеді, – дейді кәріз жүйесін пайдалану бойынша учаске бастығы Андрей Гершкул. «Астана тазалық» ЖШС бас директоры Боранбай Болатбековтың айтуынша, бүгінде қаланы қардан тазалау жұмыстары аяқталуға жақын.
– Қала бойынша тәулік бойы 1000-ға жуық техника тоқтаусыз жұмыс істейді. Қаланы қардан тазалау жұмыстары 20 наурызға дейін аяқталуы мүмкін. Еріген қар суларын тартып шығаруға сорғыштар, тракторлар және басқа да арнаулы техника­лар сақадай сай. Бұған қоса, тұр­ғындардың өтінішін қабыл­дайтын диспетчерлік қызмет құрылды, – дейді мекеме бастығы Боранбай Болатбеков.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*