«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

СУ ТАСҚЫНЫ – ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА

0 113

Астаналықтардың ауа райының тосын мінезіне тас-түйін дайын болуы, ең алдымен, көктемгі су тасқынының алдын алу – басты назарда. Сондықтан су басу қаупі бар тұрғын алаптары, әсіресе, жеке тұрғын үй секторлары ерекше қадағаланады.

erm_4110-kopirovat

Астана қаласы Коммуналдық шаруа­шылық басқармасы, Төтенше жағдайлар департаменті аудан әкімдіктерімен бірлесіп, проблемалық аймақтарды анықтап, ситуациялық сызба бойынша қызу жұмыс басталып кетті.

Тұрғындарға жекеменшігіндегі аумақты тасқыннан сақтандырудың қарапайым жолы аулаларындағы және үйлерінің шатырындағы қарды уақытылы тазарту екені қыс бойы түсіндіріліп келеді.

Елорданың су тасқыны қаупі тәулік бойы бақылауда тұр. Осыған дейін жазғанымыздай, Коммуналдық ша­руа­­шылық басқармасының су тас­қы­нына қарсы әрекет ету бойынша әзірлеген арнайы кешенді жоспары
жүйелі жүзеге асырылып жатыр. Әсіресе, Астананың су басу қаупі бар 37 учаскесі ерекше назарда. Нөсер кәрізі желілерін тазарту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Қаладағы барлық көшелер, мектеп аулалары, ден­саулық сақтау нысандарын қардан тазартып, еріген қар суларын сорғытуға әзірлеген техникалар тоқтаусыз жұмыс істеуде. Су тасқыны кезеңінен бастап 6 мыңнан астам инертті мате­риалдар дайындалды. Әр аудан бо­йын­­ша арнайы құрылған диспетчерлік қызмет те тұрғындардың өтінішін қабылдаумен күні-түні айналысады.

Бір тәулік ішінде аудандар бойынша 383 өтініш қабылданды. Оның ішінде Алматы ауданынан – 62, Сарыарқа ауданынан – 274, Есіл ауданынан 47 телефон қоңыраулары қабылданып, тұрғындар тарапынан келіп түскен өтініш, арыз-шағымдарына түгелдей дерлік жауап берілді. Арнайы АС машиналары бастаған МТЗ, автогрейдер, экскаватор сынды қажетті техникалармен арнайы бекітілген мамандар екі ауысымда қарқынды жұмыс жасауда. Бүгінгі ақпарат бойынша мұндай машиналардың Алматы ауданы бойынша 62-сі, Есіл ауданы бойынша 44-і, Сарыарқа ауданы бойынша 75-і іске қосылды. Жалпы, 181 техникалық көліктердің көмегімен бұл мәселенің де «іргесі сөгілуде». Басқарма мамандарының айтуынша, енді елордаға су тасқынынан келер қауіп жоқ. Жағдай тұрақты. Дегенмен көктемнің енді ғана басталғанын ескерсек, әлі талай шаруа атқарылуы керек. Астанада соңғы жылдары бұлай қар көп жаумаған. Өткен жылдың қарашасынан бергі қарды есептегенде 117,6 мм қар жау­ған. Осы себепті қаланың коммуналдық құрылымдары жұмысын күшейтіп отыр. Су тасқынына қарсы шараларға кететін шығындарды жабуға қала әкімдігінен 1,4 млрд теңге қарастырылған.

Гүлжан РАХМАН,
«Астана ақшамы»

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды