-->

Спорт қаласына серпінді қадам

Алдағы жылдары Астананың даму бағыттарын «20 нақты бастама» айқындамақ. Елорданың 20 жылдығына қарай нық қадамдармен бастайтын ілкімді істер осы бастан қолға алынып жатыр. Осының аясында келесі апта салауатты өмір салты және бұқаралық спортты дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарын түсіндіруге арналды. Бұл жөнінде бізге Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Берік Маржықпаев кеңінен әңгімелеп берді.

0e1239fd1fd1d0680dedccada13ee1ce

Астана – 61-орында

– Сөзіміздің басында бүгінгі таңда дене шынықтыруды дағдыға айналдырған астаналықтардың үлесі жөнінен елорда қай деңгейде екеніне тоқталып өтсек. Бір анығы, бұл тұрғыда Алматы және тағы басқа қалалар біздің шаһардан көш ілгері.
– Өте орынды сұрақ. Британиялық агенттіктің сараптамасы бойынша спорт шеңберінде Астана 610 қаланың ішінде 61-орында тұр. Ал Алматы – 27-орында. Бұл көрсеткіште бізден Алматының бірнеше саты жоғары тұруына онда өткен дүниежүзілік, халықаралық додалардың ықпалы мол болды. Арғысын айтпағанда, жақында ғана алмалы қалада қысқы Универсиада аяқталды. Биыл біз Астанада салмақты 10 спорт шарасын өткіземіз. Бұлар, әрине, бұқаралық спорттың дамуына айтарлықтай септігін тигізеді. Сондықтан алдағы уақытта спорт қалаларының рейтингінде Астана 20 үздіктің қатарына енеді деп сенімді түрде айта аламын.
Спортты дамыту жұмыстары нақты қандай бағдарламаға негізделіп отыр? Және бастамалардың жүзеге асырылу уақыты қалай межеленген?
– Бұқаралық спортты дамыту бағдарламасын әзірлерде бұл саланы әбден зерттедік, білікті мамандармен ақылдастық, әлемдік тәжірибе де назарымыздан тыс қалған жоқ. Бұл жобаны елорда басшысы Әсет Исекешев мақұлдады. Бағдарлама 2020 жылға дейін іске асырылады. 2016 жылы спортқа бейім халықтың саны едәуір артқанын ескерсек, белгіленген межеге дейін дене шынықтыруға ден қойғандардың үлесі 30 пайыздан асып түседі. Бүгінде қалада спорт түрлерінен мектеп лигасы, студенттер және әуесқойлар біріншілігі тұрақты түрде өткізілуде.

Қолжетімді спорт нысандары

– Астана шет аймақсыз қала болуына баса мән берілуде. Осы тұрғыда қаланың кез келген тұсында футбол, хоккей және тағы да басқа спорт алаңдары қаншалықты қолжетімді болады?
– Астананың инфрақұрылымын 654 нысан құрайды. Оның 281-і – аулалардағы спорт алаңдары. Біз мұнымен қаланың шет аймақтарындағы жағдайдың бәрі ойдағыдай деп айта алмаймыз. Қазір барлық аудандарда спорт нысандары салынып жатыр. Мысалы, «Көктал» секілді тұрғын алаптарда жұмыс қарқынды жүргізілуде. Оған қоса, шаһардағы барлық 9 паркте қосымша шағын алаңдар пайда болады. Көптеген нысандар құрылысы үшін инвесторлар тартылады.
– Балалардың спортпен жүйелі түрде шұғылдануы үшін қандай жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, спорт секцияларына тегін баруға мүмкіндік бар ма?
– Астанада 10 спорт мектебі жұмыс істейді. Олардың бәрі халыққа ақысыз қызмет көрсетеді. Спорт мектептері 7055 спортшыны қамтып отыр. Балалардың спортқа бейімделуі үшін олардың қай түріне икемі бар екеніне көңіл бөлінеді. Сол үшін арнайы психологтар жұмыс істейді. Біздің спорт мектептерінен қаншама Олимпиа­да чемпиондары шықты.
– Астанада «Астана Арена», «Барыс Арена» стадиондары, «Алау» мұз айдыны сарайы, «Сарыарқа» велотрегі сияқты ірі спорт орталықтары бар. Осындай нысандарда қарапа­йым халықтың спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасалған ба?
– Былтыр қаламызға шетелден сарапшылар келіп, осы спорт нысандарымызды аралап, өте жоғары баға беріп кетті. Мысалы, «Алау» мұз айдыны сарайында көпшіліктің уақытын қызықты өткізуі үшін баға едәуір төмендетілген. Ал «Астана Арена» Еуропаның ең дүбірлі доп додалары Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының ойындары өтті. «Барыс Аренада» да солай. Елордалықтар Құрлықтық хоккей лигасының ең тартысты ойындарын тамашалап жүр. Мұның бәрі жұрттың спортқа деген қызығушылығын арттыратыны сөзсіз. Осындай орталықтарда ұйымдастырушылықты күшейту үшін басқа елдерден менеджерлер шақырту туралы мәселелердің бары рас. Егер ондай мамандар бізге келіп, бағдарламаны жүзеге асырудың тиімді жолдарын ұсынса, неге шақырмасқа?!
– Олимпиада ойындары болсын, басқа да әлемдік додалар болсын Қазақстан ұлттық құрамасы ешқайсысынан құр алақан қалған емес. Оның ішінде, әрине, астаналық спортшылар да бар. Болашақта осындай чемпиондарды тәрбиелеп шығару үшін, олардың жігерін жанып, бабын келістіру үшін қандай жұмыстар жасалып жатыр?
– Бразилиядағы Олимпиада біз үшін сәтті болды деп айтуға толық негіз бар. Ол дүбірлі додаға ел құрамасының сапында Астанадан 23 спортшы қатысты. Нәтижесінде тарихта тұңғыш рет елордадан чемпион шықты. Ол – боксшы Данияр Елеусінов. Оған қоса, Гүзел Манюрова мен Василий Левит күміс жүлдегер атанды. Келесі Олимпиада Токиода өтетінін белгілі. Соған біз жастарды барынша дайындап жатырмыз. Олардың қатарынан жаңа есімдер шығуы да әбден мүмкін. Жасөспірімдердің арасында дәл қазіргі уақытта Астанада үш чемпионымыз бар. Ендігі Олимпиада ойындарында елордалықтар осы алған үш медальдан кем алмаймыз деген үміт бар. Бапкерлердің біліктілігін арттыруға да баса көңіл бөлініп отыр. Сол үшін қала әкімдігі барлық жағдайды қарастырған.

«ЭКСПО» кезінде 13 ірі спорт шарасы өтеді

– Бұқаралық спорт шараларын жиі өткізу – осы саланы насихаттаудың басты бөлігі. Әңгімемізді түйіндерде алдағы жоспарларды бір пысықтап өтсеңіз. Мысалы, көптен бері ел аузында жүрген «ЭКСПО» көрмесінің басталар сәті таяп қалды. Осы халықаралық шараның аясында бұқараға бет бұрғызарлық қандай спорт шаралары ұйымдастырылмақ?
– «ЭКСПО» – Астананың ғана емес, еліміздің абыройын асыратын өте ірі шара. Мұндай айтулы көрменің кезінде жұрт қызыға тамашалайтын, белсене қатысатын спорт шаралары өтетіні айдан анық. Дәлірек айтсам, үш айдың ішінде 13 үлкен жарыс ұйымдастырылады. Олардың қатарында спорттың 13 түрінен Азия Кубогы, Әлем чемпионаты сияқты байрақты бәсекелер бар.


Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

«Астана ақшамы»

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*