«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Спорт пен еңбек ұштасқан күн

0 27

Өткен сенбі күні Сарыарқа ауданының әкімдігі спорт пен еңбекті ұштастырды. Алдымен Үндістанның мәдени орталығымен бірге велошеру ұйымдастырып, артынша «Агроқалашық» тұрғын алабындағы №20 орта мектеп аумағында ағаш отырғызды.

Қос шараға аудан әкімі Ерғали Егемберді мен Үндістанның Қазақстандағы елшісі Прабхат Кумар қатыс­ты. Аудан басшысы таяуда Президент ­Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында барлық жастағы ел азаматтар арасында бұқаралық спортты дамыту маңызына ерекше тоқталғанын, бұл спортты өркендету үшін кешенді жоспар қабылдау бойынша тапсыр­ма бергенін атап өтіп, осындай шаралардың ұрпақ саулығына өте қажет екенін айтты. Ұлы Абайдың 175 жылдығы жақындап келе жатқанын, хакімнің қазақ өмірінде алатын ерекше орнына тоқталып, елшіге ақынның қара сөздері жинағын сыйға тартты. Өз ризашылығын білдірген елші Махатма Гандидің кітабы қазақ тіліне аударылатынын жеткізді.
Велошеру «Ырыскелді қажы» мешітінен басталып, 3 шақырымға созылды. Оған 100 адам, соның ішінде 20 бала қатысты. Спорттық шараға қатысушыларға «Velocity.kz» қоғамдық қоры қолдау көрсетіп, astana bike веложү­йесіндегі велосипедтерді ұсынды.
Ағаштарды отырғызуға аудан басшылары, белсенді тұрғындарымен қатар ата-аналар, балалар, қалалық мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» партиясы және «Жас Отан» жастар қанаты мүшелері қатыс­ты. Барлығы 190 түп ағаш отырғызылды. Бұйыртса, бірнеше жылдан кейін Оқжетпес және Қарталы көшелерінің бойында жасыл бақ жайқалады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды