«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Спорт – ел намысы

0 208

Спорт – денсаулық кепілі, ел намысы. Сондықтан да, алдына Мәңгілік ел болу мұратын қойған егемен Қазақ елінде Елбасының өзі халықтың спортпен шұғылдануына айрықша көңіл бөліп келеді.
2009 жылғы Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылға қарай Қазақстан халқының 30 пайызы спортпен тұрақты айналысатындай жағдай жасалуын міндеттеді. Ал 2010 жылы 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Мұның бәрі, әрине, халықтың денсаулығын жақсартып, ұзақ өмір сүруіне алып баратын бастамалар. Ал дені сау халық – мемлекеттің байлығы.
Елімізде бұқараның спортқа ден қоюына түрткі боларлық игі қадамдар аз емес. Тұрақты атап өтіле бастаған Спорт күні мерекесі де соның дәлелі.
Мереке қарсаңында редакциямызда өткен «дөңгелек үстелге» шақырылған қонақтармен қала тұрғындарының спортқа қызығушылығы жайлы әңгіме қозғаған болатынбыз.

«Дөңгелек үстелге» қатысушылар:

Жомарт САБЫРЖАНҰЛЫ

 

Жомарт САБЫРЖАНҰЛЫ – Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Асық ату» федерациясының вице-президенті

 

СВЕТЛАНА ИМАНҚҰЛОВА

 

Светлана ИМАНҚҰЛОВА – Республикалық мәдениет, спорт және ақпаратқызметкерлерінің кәсіподақ кеңесінің төрайымы

 

ГҮЛНАЗ ОРАЗАЛИНА

 

Гүлназ ОРАЗАЛИНА – Астана қаласы Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының оқу және спорт бөлімі бастығы

 

ЖӘРДЕМБЕК ҚАБЫЛХАН

 

ЖәрдембекҚАБЫЛХАН – Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернаты директорының орынбасары

 

ЖОЛАМАН ТАБИҒАТ

 

Жоламан ТАБИҒАТ – «Астана» футбол клубы жастар командасының жартылайқорғаушысы

 

«Дөңгелекүстелді» жүргізушілер:
ҒалымҚОЖАБЕКОВ,
Назира БАЙЫРБЕК

Н.Байырбек: Баршаңызға мәлім, қазіргі күні қаламызда спорт мектептеріне қабылдау жүріп жатыр. Осы жағдайға қарап-ақ жастардың спортқа қызығушылығын шамалауға болады. Біз әңгімені осы тұстан бастасақ деп отырмыз. Балаларымыздың спорт мектептерінде оқысам деген ынтасы қандай?

Ж.Қабылхан: Біздің Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт мектеп-интернаты қазақ спортының ұстаханасы аталып жүргені тегін емес. Бұл оқу орны, білесіздер, Алматыдан көшіп келген. Бүгінгі қазақ спортының біраз саңлақтары осы мектептің түлегі екенін де көпшілік біледі. Сол себепті, біздің оқуға қабылдау уақытымызды, яғни жыл сайын тамыз айын ел тағатсыздана күтеді деп айта аламын.

25 тамыз күні республикамыздың түкпір-түкпірінен келген талапкерлер құжаттарын тапсырады. 26-сы күні жалпы дене дайындығынан қабылдау емтиханы өтеді. Ал 27-сінде арнайы дене дайындығынан емтихан тапсырады. Осы сынақтар бойынша жинаған ұпайларына қарай балалар конкурстық негізде бос орындарға оқуға қабылданады. Сөйтіп, 28-і күні нәтиже белгілі болып, мектеп алдындағы тақтайшада оқуға түскен балалардың тізімі ілінеді.

Н.Байырбек: Сіздерден шыққан танымал спортшыларды атап өтсеңіз ?

Ж.Қабылхан: Біздің мектептен, мысалы, Олимпиада ойындарының жеңімпазы, екі дүркін әлем чемпионы болған марқұм Шәміл Серіков, Одақ кезінде-ақ қазақ спортын алға сүйреген Дәулет Тұрлыханов, кешегі қайбір сайыстарда «мен қазақтың туын желбіретіп алып барып, желбіретіп алып келемін» деп уәде беріп, уәдесінде тұрған қайсар боксшымыз Ермахан Ыбырайымов шыққан. Сол секілді, олимпиада сындарында Ольга Шишигина, Мәулен Мамыров, Нұрбахыт Теңізбаев, тағы басқа түлектеріміз қазақтың намысын қорғаған. Бұл қатарды тізіп айта беруге болады, әрине. Бірақ оларды түгендеп шығу қиынырақ. Жалпы қазақ спортын өрге сүйреп, биіктерден көрініп жүрген таланттарымыздың тең жартысы осы біздің оқу орнымыздан шықты деуге болады.

Н.Байырбек: Бүгінде мектеп-интернатта қанша спортшы-оқушы тәрбиеленіп жүр?

Ж.Қабылхан: Екі жыл бұрын біздің мекеме мектеп-колледж болып өзгертілген. Демек, биыл үшінші жыл колледжге балалар қабылдап жатырмыз. Сонда жалпы 120 студент, 280 оқушы білім алады. Ал жалпы контингентіміз бойынша 420 баланы қамтамасыз ете аламыз. Бізде күнтәртібі бекітілген. Оқушылар мен студенттер күніне екі уақыт жаттығу жасайды, бес мезгіл тамақтанады. Олардың жүйелі түрде білім алып, өз қабілетін жүйелі дамытуға мүмкіндігі бар. Соның арқасында, осы мекеме спортқа да елеулі үлес қоса бастады. Мысалы, біздің мектеп алғаш Астанаға көшіп келгенде республикалық жарыстарда балаларымыз екі жүздің ар жақ-бер жағында ғана медаль алатын. Ал қазір біздің балалардың жетістігі көп. Мысалы, 2013 жылы чемпионаттарда 271 алтын, 171 күміс, 193 қола медаль иеленді. Отандық спортқа қосамыз деп, үлкен сайыстарға дайындап отырған спортшыларымыз да бар. Тағы бір қуаныштысы, республикалық үлкен додаларға бір емес, бірнеше жаттығу немесе бірнеше спорт түрі бойынша қатысуға бейім балаларымыз да бар.

Н.Байырбек: Талапкерлердің бәсекесі қалай?

Ж.Қабылхан: Бокс десе, күрес десе қаны қызбайтын қазақтың баласы жоқ, шынын айту керек. Сондықтан, бізде жекпе-жек түрлерінен, мысалы, еркін күрес, грек-рим күресі, бокста әсіресе бәсеке көп. 7-8 орын болса, соған 50-60 балаға дейін келіп жатады. Оларды қарап, іріктеп алу қиынға соғатын кездер болады. Бәрін бірдей қабылдай алмайсың, бекітілген орын шектеулі. Сол кейде өкіндіріп жатады.

Н.Байырбек: Осы тұста қалалық әкімдіктің өкілі ретінде Гүлназ Оразалинаға сұрақ қойғымыз келіп отыр. Мінеки, баланы спортқа беруге құлшыныс көп екені айтылып жатыр. Ал осы ретте басқарма тарапынан, әсіресе, балалар мен жасөспірімдердің спортпен айналысуына қандай жағдай жасалып жатыр?

Г.Оразалина: Қала бойынша бізде 25 спорттық мекеме бар. Олардың қатарында 10 арнайы спорт мектебі болса, алтауы – олимпиадалық резерв даярлау мектебі. Оларда 7000-ға тарта адам спорт шеберлігін шыңдауда. Бұл, әрине, өткен жылдармен салыстырғанда едәуір жоғары көрсеткіш. Жалпы, халықтың бұқаралық спортқа қызығушылығы жылдан жылға артып келе жатқаны байқалады. Осы орайда, Астана қаласының Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы бүгінгі таңдағы сұранысқа қарай әр түрлі спорттық шаралар ұйымдастырып, жаңа мүмкіндіктер қарастырылуда. Мысалы, биыл 17 тамызда, яғни Спорт күні қаладағы барлық спорт кешендерінде ашық есік өтеді. Одан бөлек көптеген спорттық-мәдени шаралар ұйымдастырылады. Ал балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулу үшін біздің басқарма қалалық Білім басқармасымен бірлесіп жос­парлы жұмыс істеуде.

Өздеріңіз білесіздер, қаламызда спорт кешендері, жаттығу залдары көбеюде. Сонымен қоса, аулаларда жаттығу құралдары орнатылып, жалпы бұқараның дене тәрбиесімен айналысуына жағдай жасауға баса мән беріледі.

Мұның сыртында жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында, Азия ойындарында бақ сынайтын спортшыларды іріктеп алу да – жауапты міндет. Біз бұл ретте халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын 50-ден астам үміткерді іріктеп, олардың тыңғылықты дайындалуына жағдай жасап отырмыз. Жалпы, Қазақстанның ұлттық құрамасына спорттық резерв да­йындау жағынан біз қазір он төрт облыс пен екі қала ішінен бесінші орындамыз.

Ғ.Қожабеков: Өте жақсы көрсеткіш екен. Енді, сол елордалық спортшыларымыз халықаралық жарыстарда сәтті өнер көрсетеді деп сеніммен қараймыз. Осы орайда Сіздердің еңбектеріңіздің жемісті болуына тілектеспіз.

Н.Байырбек: Жомарт аға, спорт мектептеріне қабылдауда бір орынға он шақты бала үміткер болып отыр екен. Сіз қалай ойлайсыз, спорт мектептері жалпыға бірдей мүмкіндік тудыруы керек пе, әлде мұндай арнаулы мектептерге болашақта әлемдік деңгейде қазақтың намысын қорғап, туын желбірететін балалар іріктеп алынуға тиіс пе?

Ж.Сабыржанұлы: Спорттағы дарындылар мектебі болғаннан кейін бұл оқу орнына еліміздің түкпір-түкпіріндегі ең қабілетті, дарынды балалар іріктеліп алынуы керек. Өзіміз осы оқу орнында қызмет еткен жылдары елді аралап жүріп, бойы 1 метр 75 сантиметр балаларды іздегенбіз. Салмағы 74 келіден асатын балаларды көрсек, үгіттеп, оқуға әкелуге тырысатынбыз. Менің есімде, елдің бір түкпіріндегі бір совхозда суға сүңгіп жүрген бір қызды көріп, осында алып келдік. Ол қыз алтыншы класта оқитын еді. Алтыдан соң бізде қабылданбайды, сонан соң, бір жыл қалада оқытып, кейін спорт мектебіне түсірдік. Аты Фариза Сабитова болатын. Сол қыз екі-ақ жыл айналысып, спорт шебері нормативін орындады. Сол секілді, жеңіл атлетикаға бейім бір баланы әкеліп, оқыттық. Тағы бір қызылордалық Жасұлан деген баланы әкелдік, ол да садақ атудан екі жылда спорт шеберлігіне қол жеткізді. Жалпы, осылай таланттарды іздеу керек. Ондайлар Астана қаласындағы мектептерде де толып жатыр. Соларды таңдап, таба білу керек. Содан кейін спорт мектептерінде әр баланың қабілетіне қарай дамуын қадағалау керек. Мысалы, Германияда былай істейді. Алғашқы екі жыл баланың бәрін жалпы спортқа дайындайды да, соларды артынан қабілетіне қарай бөледі. Бір сала бойынша дамытады. Ал бізде болса, жүз баланы жинап алады да, «сен боксшы болсаң да боласың, болмасаң да боласың» деп, тұсаулап тастайды. Сол дұрыс емес. Одан кейін жаттықтырушы, ұстаздар жалпы спортқа бейім бала көрсе, соны өзіне тартып, жібергісі келмейді. Ал шын мәнінде баланың бағын ашу үшін, талантты қазақтың намысын қорғауға дайындау үшін, ол неге бейім, соған жіберу керек.

Бірақ қазір, құдайға шүкір, көзқарас түзеліп қалды. Спорт деген тек қана жүгіру, алып ұру, жұдырықтау емес, ол еліміздің саясатына айналып келе жатыр. Спорт, расында, елдің саясаты, елдің денсаулығы, тіпті экономикасы деп айтуға болады. Неге десеңіз, денсаулық дұрыс болса, көп шығын шашылмайды. Дұрыс жұмыс істеледі.

Ғ.Қожабеков: Мен жиырма жылдан бері негізінен спорт тақырыбына қалам тартып келемін. Сондағы түйгенім: бүкіл әлемде спорт индустрияға айналып отыр. Мәселен, кейбір футболшының қаржылай құны бір-бір фабрика немесе зауыттың бағасынан да асып түседі. Сондықтан біздің елімізде де спорт саласына индустриялық көзқарас қалыптастыру қажет-ақ.

Ж.Сабыржанұлы: Иә, оныңыз шындық. Бүкіл әлемде спорт дегеніңіз бүгінде кәдімгідей саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани құбылыс болып отыр. Біз де бұл көштен қалмауға тиіспіз. Осы бағытта қазіргі жағдайымыз жаман емес. Олимпиада ойындарындағы көрсеткіштеріміз сол өрлеудің айғағы емес пе?! Бәріміздің тілеуіміз сол – қазақ спортының өркендеп-өскенін қалаймыз.

Ғ.Қожабеков: Бүгінде көптеген елдерде спортшыларды кәсіподақ жағынан қолдаудың ерекше формасы қалыптасқан. Бізде осы мәселе қалай? Соны білгіміз келеді.

С.Иманқұлова: Жаңа Жомарт Сабыржанұлы «кезінде ауылды жерлерден іздеп жүріп спортқа бейім жастарды алып келетінбіз» деп отыр ғой. Менің ойымша, бізге сол дәстүрді қайта жаңғырту керек. Негізі, қай мемлекетке барсаң да, сол мемлекеттің бет-бейнесі мәдениеті мен спорты арқылы танылады. Сондықтан, бұл саланың жауаптылығын, маңыздылығын есте ұстағанымыз абзал. Ал енді бүгінгі мәселеге келетін болсақ, Қ.Мұңайтпасов мектебі біздің кәсіподақ құрамына енген. Гүлмира Шаманова осы мектептің өкілі ретінде бізбен тұрақты жұмыс істеп келеді. Бір рет мынадай жағдай болды, осы мектептен бір баланы Германияға апарып емдету үшін 40 000 $ көлемінде ақша қажет болған. Бірақ, біздің ондай қаражат шығаратын мүмкіндігіміз жоқ еді. Сол себепті ортадан шығарып, жинап, 1 000 $ көлемінде қаражат тауып көмектестік. Кәсіподақ осылай өз шамасына қарай қолдау көрсетіп отырады. Қосымша кіріс көзі болмағандықтан, спорт саласындағы қызметкерлерге де біз, мысалы, шипажайға бару ақысының 10-20 пайызын өтеп беру секілді көмегімізді тигізіп тұрамыз.

Бір айта кетерлігі, осы жылы шілде айында «Кәсіподақ туралы» заң жаңартылды. Біз оның алдында жиырма бір жыл бойы ескі заңмен жұмыс істедік. Енді осы қабылданған жаңа заңда жас спортшыларға мемлекет тарапынан ақша бөлінсін деген бап енгізіліп отыр. Енді осы құжат күшіне енеді. Біз осы заңды жүзеге асыру мақсатында жұмыс істеп отырмыз.

Бір байқалатыны, спорт саласындағы кәсіподақтар өз алдына бөлініп-бөлініп кеткен. Дербес жұмыс істегісі келеді. Бірақ біз бір мақсат, бір мүдде деген қағидамен Елбасымыздың тапсырмасы аясында жаңа бастамалар көтеріп жатырмыз. Оған ҚР Кәсіподақ ұйымы көп еңбек сіңіріп отыр. Жалпы, қазір кәсіподақ қызметі спорт саласындағы тұлғаларға қолдау көрсету үшін де жаңа жүйені енгізуге күш салудамыз.

Шет мемлекеттерде министрлер дұрыс жұмыс істемей, әлдекімді орынсыз жұмыстан шығарып, қысымға алып, өз құқын асыра пайдаланып кетсе, кәсіподақ ұйымдарының басшылары, депутаттар – бәрі бірігіп, заңды белінен басқан министрдің өзін жұмыстан шығарып жіберуге хақылы екен. Бізде ондай құқық жоқ. Мықты бір спортшы немесе жаттықтырушы орынсыз жұмыстан шығарылып жатса да, араша түсе алмаймыз. Бірақ жаңа заңға сәйкес бізге де үлкен мүмкіндік қарастырылуда. Біз өзімізге артылған жауапкершіліктің арқасында алдағы уақытта спорт саласындағы қызметкерлер мен спортшыларға әлеуметтік, моральдық қолдау көрсетіп, көмек беруге қауқарлы бола бастаймыз деп ойлаймын.

Н.Байырбек: Кәсіподақ ұйымының өкілі ретінде біздегі спорт мектептеріндегі оқытушы-жаттықтырушылар мен спортшылардың мүддесін қорғау үшін алдымен қандай бас­тама көтеріп отырсыздар?

С.Иманқұлова: Ең басты мәселе, бұл мекемелердегі штатта медбикелер қарастырылмаған. Мұнда қазір дәрігерлер бар, бірақ олар таңертеңнен кешке дейін жұмыс істейді де, кетіп қалады. Ал кешкі, түннің уағында бір жағдай болса, кім қадағалайды? Мысалы, спортшылар кешке де жаттығу залында болады, қандай да бір жарақат алса, олар алғашқы көмекті кімнен алады? Осы жағын ескере отырып, мұндай мекемеде күндіз-түні дәрігерлік көмек атқаратын тұлғалар болуы керек деп ойлаймын.

Ж.Сабыржанұлы: Дұрыс айтасыз. Қазір неше түрлі жағдайлар болып жатыр. Дәрігер мен медбикелер міндетті түрде штатқа кіргізілуі керек.

Ж.Қабылхан: Бұл шынында да біздің күйіп тұрған мәселеміз. Бірақ қазірше штатты кеңейту өте қиын болып отыр. Ол жоғары жақтан бекітіледі.

С.Иманқұлова: Осы секілді, жалақыны сатылап өсіру, еңбек өтіліне қарай еңбекақысын өсіру мәселесі бойынша да бұрынғы қаулымен ғана жұмыс істеп отырғандар көп. Әсіресе, шет жақтарда жаңа қаулыны білмейді де. Мүлдем сауаты жоқ адамдар жұмыс істеп отыр. Одан кейінгі мәселе, осы мәдениет пен спорт саласында аттестациялау деңгейі өте төмен. Әр маманды істеген жұмысы мен жемісті еңбегіне қарай деңгейін анықтап отыру дұрыс жолға қойылмаған. Экономистер мен бухгалтерлердің кемшілігі – бұл. Елбасының өзі «еңбек адамының жағдайын жасау керек» деп отыр. Ал бізде еңбекті бағалау әлі дұрыс емес.

Ғ.Қожабеков: Баршаңызға белгілі, алдымызда биылғы қыркүйекте басталатын Азия ойындары және 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындары жақындап қалды. Осы жарыстарға Астана қаласынан үміткерлер бар ма?

Г.Оразалина: Өздеріңізге белгілі, өткен Олимпиада ойындарына Астана қаласынан 17 спортшы қатысқан еді. Нәтижесінде Марина Вольнова деген қызымыз бокс бәсекесінде қола жүлдегер атанды. Ал енді алдағы Азия ойындары мен Рио де Жанейро ойындарына үміткерлерді дайындау туралы құжаттар жуырда қабылданды. Іріктелген спортшылардың дайындығын қамтамасыз етуге барлық жағдай қарастырылған. Енді сол спортшыларымыздың жоғары нәтиже күтетін боламыз. Ал ел намысын қорғауға аттанатын үміттеріміздің атын қазірден атағым келмей отыр. Одан да олардың жеңісі туралы мақалалар оқитын болайық деп тілегім келеді.

Ғ.Қожабеков: Арамызда «Астана» футбол клубы жас­тар құрамасының жартылай қорғаушысы Жоламан Табиғат деген футболшымыз отыр. Сен футболға бала кезіңде келдің. Қазір өзің секілді жас футболшылардың әлеуметтік жағдайы қалай?

Ж.Табиғат: Әрине, үш-төрт жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда қазіргі күніміз жақсы. Мысалы, біз 3-4 сыныпта оқитын кезімізде, мысалы, спорттық киім-кешектермен жабдықтау, жарыстарға шығу өте қиын болатын. Жылына екі-үш жарысқа ғана шығатынбыз. Ал қазір жыл сайын эпикировкамыз, яғни формамыз жаңартылады. Жарыстарға да жиі шығамыз. Менің ойымша қазір балалар мен жасөспірімдер спортына қаражат жақсы бөлінетін сияқты. Ал ондай жағдай жасалған соң, талап та күшейтіледі. Сондықтан, біз де қолымыздан келгенше жеңіске жетуге, жүлделі орындар иеленуге тырысамыз.

Ғ.Қожабеков: Жоламан, саған осы уақытқа дейін қаламыздағы №8 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі қамқор болды, одан кейін «Астана» футбол клубы қарамағына алды. Биыл мектеп бітіріп отырсың. Әрі қарай спорттағы тағдырың қалай болмақ? Қандай мақсатың бар?

Ж.Табиғат: Баршаға белгілі, он сегіз жасқа дейін жастар командасында ойнатады, одан кейін оның қатарынан шығасың. Басқа клубтарға баруға тиіссің. Ондай жағдайда кәсіптік келісімшарт бойынша ойнайсың. Ол кәдімгі жұмыс істегенмен бірдей. Сондықтан, қазір менің мақсатым дубльға, яғни негізгі команданың қосалқы командасына түсу. Одан әрі қарай Қазақстанның ірі футбол клубтарының біріне өтіп, футболда үлкен карьера жасасам деймін.

***

Н.Байырбек: Халықаралық додаларда спортшылар өз елінің әнұранын естігенде рухтанып, делебесі қозып кетеді. Қайсыбір ойында Франция футболшыларының өздерінің гимні қойылғанда жеңіліп тұрған жерде ғаламат күшке, шеберлікке қол жеткізіп, жеңіс жеткені туралы көпшілік айтып жатады… Ендеше спортшыны тек қана спортпен тәрбиелеу керек пе әлде біліммен, ақылмен де тәрбиелеу керек пе? Ақыл, патриоттық сезім спортшының биіктен көрінуі үшін қандай маңызға ие болуы мүмкін?

Ж.Сабыржанұлы: Өте дұрыс. Спортшыларды патриоттық рухта тәрбиелеу керек. Әнұранды әрбір спортшы білуге міндетті. «Ел өспейді өнері қанат жаймаса» дейді халық. Мысалы, футболы арқылы қазір Бразилияны дүние жүзі біледі. Анау Англияны да біледі. Қазір біз де, құдайға шүкір, жақсы келе жатырмыз. Намысты, мықты жігіттеріміз шығып жатыр. Қай кезде де тәжірибеге сүйеніп, біліктілікті жетілдіріп отыру қажет. Бұған да көбіне мән бере бермейміз. Елбасымыз «Ұлттық салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз ұлтымыздың генетикалық коды» деп әдемі айтқан жоқ па?! Біз спорт саласында да осы тұжырымды ұстануымыз керек. Мен, мысалы, осы қалада бес жыл бойы асық ойынынан чемпионат өткізіп жүрдім. Оның өзі қалаға әкім болып келген Иманғали Тасмағамбетовтің қолдауымен қолға алынған болатын. Ал қазір осы чемпионат тоқтап қалды. Неге? Қазір бұрынғы заман емес, асық ойнағанға күлетіндей санасыз емеспіз. Кезінде өзім, мысалы, қазақ күресін жаңғырту үшін жүгіргенімде маған «ұлтшылсың» деп сөккендер болған. Ал қазір кім шектеу қойып жатыр?

Мен жуырда Германияға Еуропа қазақтарының кіші құрылтайына барып келдім. Сонда Данияның, Голландияның, Американың қазақтары жиналған болатын. Міне, солар: «Біз ұлттық ойындарымызды неге білмейміз? Бізге ата-бабамыз ұлттық құндылықтарыңның бірі асық ойыны, соны әрі қарай жетілдіру керек деп айтып кеткен» деді. Өздері асықты керемет ойнайды екен. Ал біздегілер неге ойнамайды? Намыстана ма? Сол секілді, мергендікті де дамыту керек. Асық ойыны, мергендік, тағы басқа да ұлттық спорттық ойынымызды жаңғыртып, содан үлкен сайыстар өткізіп отыру қажет. Мергендік өнер қазақ баласының бойында бар. Бұл ұлттық ойындарымыздың қай-қайсысы да балаларымыздың миына да, денсаулығына да пайдалы. Ал қазір балаларымыз не істеп жүр? Таңертеңнен кешке дейін компьютердің алдында отырады. Ол миопияға шалдықтырады. Миопия деген – көздің бұлшық еттері дамымай қалуы салдарынан болатын ауру, көз ауруы. Компьютерге тесіліп қарап отыра беру бұдан басқа да ауруларға әкеп соғады. Ал біз неге осыған мән бермейміз?

С.Иманқұлова: Мектепте спорттың түрлерін көбейту керек. Балаларымыздың азып-тозып компьютердің алдында отыруына шек қоюымыз керек. Мен де бұны өте өзекті проблема деп санаймын.

Н.Байырбек: Жалпы мектептегі дене шынықтыру пәнінде ұлттық спортқа бейімдеу қарастырылған ба?

Ж.Сабыржанұлы: Арнайы қарастырылмаған. Бірақ педагогтар кеңесінде осы мәселені қозғап, өздері енгізуге болады. Мысалы, кейбір жерлерде сабақ шаңғы тебуге арналса, шаңғы жоқ болғандықтан, орнын ұлттық ойынмен толтыруға болады. Ол ұстаздардың өздерінің ынтасына байланысты.

С.Иманқұлова: Жалпы, қазір негізі спортқа жақсы көңіл бөлініп отыр ғой. Арнайы спорт арнасы ашылып отыр, басылымдар шығып жатыр. Спорт саласына арналған бағдарламалар да баршылық. Бірақ намыс мәселесі бірінші кезекте болуы керек. Мысалы, үлкен сайыстарға келгенде шет елдерге додаға баратын кезде «бармақ басты, көз қыстымен» адам жібергенді қою керек.

Ж.Сабыржанұлы: Иә, Жәрдембек інім білетін шығар, бізде ондай жағдай көп болады. Мектеп директоры болған кезімде депутаттардың өздері хабарласып, «пәленшені жібер, төленшені қолда» деп, жұмысыма араласып отыратын. Мұндайды қою керек. Сананы өзгерту керек. Намыс мәселесі бірінші тұруға тиісті.

Ж.Қабылхан: Мен басында көп сөйлемейін деп, қысқаша баяндаған едім. Бірінші айтқым келіп отырғаны, біздің мектепке балаларды іріктеп алу мәселесіне әлі де мән беріп отырмыз. Біздің де іріктеп, аймақтардан таңдап алып келген балаларымыз жақсы жетістіктерге жетіп жатыр. Жаңа Жомарт ағамыз айтқандай, келе салып, алғашқы бір-екі жылдан кейін-ақ спорт шебері атанып, үлкен жүлделерге ие болып жатқандар да бар. Ал мұның сыры неде десеңіз, ең бастысы отансүйгіштікте. Қазақта хадистен алынған сөз бар: «отанды сүю – иманнан» дейді. Егер сіздің бойыңызда отансүйгіштігіңіз болмаса, Көк Туды көрген кезде жылқымінезденіп, кісінеп шықпасаңыз, онда дүние қараң қалады. Кеше Сиднейде өткен олимпиадада Мұхтар ініміз киімі су болып кетті ме, еңкейіңкіреп қалды. Сонда ана бапкердің сөзі естіліп тұрды эфирде. Оны бүкіл қазақ естіген шығар, көзіне жас алған да шығар: «Ей, тұр, еңсеңді көтер! Қазақ емессің бе!» деді бапкер… Міне, біз өзіміздегі 280 баланы жинап алып, осыны айтып отырамыз. «Айналайын, сен қазақтың баласысың. Ата-бабаң осынша жерді күрескерлігімен, мықтылығымен, өзінің мәдениетімен, күштілігімен сақтап қалған. Соны бізге аманат қылып қалдырған» дейміз. Еліміздің тарихын, Абылайханның алпыс жеті жасында қалмақтың батырымен жекпе-жекке өзі шығып, қалай жеңгенін, елді, жерді қалай қорғап қалғанын, қандай батырларымыз барын, кімнің қазаққа қандай еңбек сіңіргенін – бәрін-бәрін айтып отырамыз. Өзім дзюдо бойынша жаттықтырушымын. Бірақ менің шәкірттерім қара күштің ғана емес, ақылдың да иесі болуы керек деп есептеймін. Сондықтан, кез келген сайыста әлсіреп, жеңіліп жатқан кезде, аяғы тайып, құлағалы тұрғанда «мен қазақтың ұланымын» деген ұғым есіне түсіп, жігері тасып шыға келсе екен деймін. Қазақ деген сөзді қастерлеп, сол атқа лайық болмауды намыс тұтатын болса, сол намыс кез келген бала жеңіс шыңына таяғанда өрге сүйреп алып шығады. Рас, бізге жаңа келген балалар «Хандарды неге білмейсің? Билерді неге білмейсің?» дегенде жылайтын кездері болады. Бірақ солай намысы қайралады.

Бізде оқитын 280 балаға бапкерлері жеке-жеке жоспар толтырып отырады. Соны өзім қадағалаймын. Сонда бір сұрақ міндетті түрде отансүйгіштікке баулуға арналуы керек. Яғни, болашақ спортшы балаларымыз мектеп жасынан мықты спортшы ғана емес, отансүйгіш, саналы спортшы болып шығуға тиіс. Ағаштың да өзегі болады. Отансүйгіштік қасиет, отанға деген махаббат кез келген өнер иесінің, кез келген тұлғаның өзегі болып тұруы керек. Не үшін біз спортты дамытып жатырмыз? Ұлт үшін! Еліміздің намысы үшін!

Ж.Сабыржанұлы: Былтыр Еуропа елдерінен, соның ішінде Германия мен Бельгиядан делегаттар келді. Сондағы семинарда мен сөзімді былай бастағанмын: «Біздің ұлан-байтақ жеріміз дүние жүзі бойынша тоғызыншы орын алады. Сегіз Германия сыяды екен бізге. 52 Голландия сыяды екен. Соны біз қалай сақтап қалдық? Жекпе-жекті, қазақша күресті дамытып отырып, сақтадық. Күреспен тірескенді алып ұрдық. Мергендікпен қашқанның арқасына оқ тигіздік. Сосын миымызды тоғыз құмалақ ойнап, дамыттық. Асық ойнап, айласын таптық» дедім. Сөйтсем, әлгілер күледі… Сол секілді, біз осы ұлан-байтақ жерімізді ұлттық ойындарымыздың арқасында сақтап қалғанбыз. Ата-бабамыз сонымен шынығып отырды.

Жалпы, қазір жағдайымыз жаман емес қой. Қазақ күресі, басқа да ойындар дамып жатыр. Спортшыларға тігілетін жүлделі сыйлықтар да жетерлік.

Ж.Қабылхан: Расында, жағдай қазір жаман емес. Үкіметтегі спорт мекемелерін басқаратын басшылар да бұл салаға жақсы көңіл бөліп отыр.

Бірақ, менің ойымша, спорт ғимараттары аймақтарда да көптеп ашылуы керек. Қазір ірі орталықтарда ғана бар. Бүгінде, мысалы, жалғыз мектептен 11 адам Азия ойындарына қатысайын деп отыр. Ал бізде әр облыстан 11 адам шықса, жақсы еді ғой. Ал әр облыстан мықтылар шығуы үшін, әр аймақтағы әкімдер спортқа дұрыс көңіл бөліп, дамыту керек.

Сол сияқты менің көкейімде бір арман бар. Бізде, Астанада қазір «Алау» мұз айдыны, «Астана велотрек», басқа да түрлі спорттық үлкен орталықтар бар. Бірақ неге ұлттық спорт түрлеріне арналған орталықтар жоқ? Неге күрес сарайы жоқ? Өмір бақи қазақты танытып келе жатқан боксқа арналған сарай неге жоқ? Біздің жанымызды сақтап келе жатқан осы жекпе-жектер ғой. Неге соларды дәріптемейміз?..

Маған кейде «сен қазақ спортының өкілі емессің, неге соны айта бересің» дейді. Неге айтпаймын? Біз қазақпыз ғой. Жомарт ағамыз сияқты мен де қазақтың ұлттық спорты десе, жайнап шыға келетін азаматтардың бірімін. Біз, қазақтың әрбір азаматы, қай салада жүрсек те бірінші міндетіміз қазақтың абыройын асқақтату екенін естен шығармасақ екен деймін. Біздің балалар, мысалы, қазір Абайды жатқа оқиды. Ән айтып, сахнаға да шыға алады. Солай рухы тәрбиеленіп, рухы шыңдалған балалар мықты болуға тиіс. Кешегі Біржан сал, Байғабыл, Сегіз сері, Балуан Шолақ – бәрі жеті өнердің иесі болған. Біз де спортшыларымызды солай, ұлттық рухта, жан-жақты тәрбиелесек деп отырмыз.

Өйткені, Жомарт ағамыз айтқандай, осындай әлем бойынша тоғызыншы орынды алатын кең жерімізді біз сегіз қырлы бір сырлы бабаларымыздың арқасында сақтап қалып отырмыз.

***

Ғ.Қожабеков: Құрметті қонақтар, редакциямыздың шақыруын ықыласпен қабылдап, «Бәйтерек» түбіндегі басқосуға белсене қатысқандарыңыз үшін алғысымызды айтып, кәсіби мерекелеріңіз – Спорт күнімен баршаңызды және сіздердің әріптестеріңізді де құттықтаймыз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды