«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сотына сенетін қоғам – дамыған қоғам

0 23

Мынау кежегесі кері тартқан қоғамда әділдік, шындық, рақым іздеушілер саны жетіп артылады. Әрине, күлдіріп тұрып жылататын, көтеріп тұрып құлататын өмір жолында басын тауға да, тасқа да соққан сан қилы тағдыр иесі бар екені рас. Кездейсоқ тауқымет тартып, тауы шағылып, шақшадай басы шарадай болған пенде әділдік іздеп сотқа жүгініп жатады. Бәз өмірде от басып аузы күйгендер, басқа да себеппен қылмыстың торына іліккендер тағдыры сот таразысына түсіп жатады.

Алаш ардақтысы Ә.Бөкейханұлының «Биді кім болса содан қорықпайтындай, біреудің бетінің қызылына немесе біреудің жақсы жағасына қарамайтындай жағдайға қою шарт» деген тәмсілі әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Уақыт өтіп, күн еңкейген сайын сот жүйесін жандандыру, жақсарту жолында дәйекті жобаларды жүзеге асыруға талпынып жатқанымыз да рас.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды тұғырнамасында «Менің қағидаларым: Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу. Әділдік – мәдениетіміздің ажырамас бөлігі және ғасырлар бойы қалыптасқан құндылығымыз. Ұлтына, діни нанымына, мүліктік жағдайына қарамастан барлық азаматтардың құқығының теңдігі туралы Конституция қағидасы – менің жұмысымның басты бағдары. Менің міндетім – әр отандасымыздың жеке табысқа жетуіне және өзінің әл-ауқатын көтеруіне жаңа мүмкіндіктер туғызу» деген болатын.
Рас, сапалы сот төрелігін жүзеге асыру – үлкен кәсіби жауапкершілік. ҚР Жоғарғы Соты судьялардың өндірісіндегі артық істерді алып тастау, жүктемесін азайту және сот төрелігін сапалы жүзеге асырудың тиімділігін арттыруға нақты шаралар жасап жатыр. Осы бағытта едәуір жұмыстар жүргізілді, заңдарға өзгерістер де енгізілді. Соның бір дәлелі даулы мәселе көтермейтін істерді қарау соттардың құзыретінен алып тасталынды. Нәтижесінде бірінші сатыдағы соттардың иығынан біраз жүк түсіп, сапалы жұмыс жасауға мүмкіндік берді. Оны біз елордамыздың қалалық сотының жұмысынан-ақ көріп отырмыз. Нұр-Сұлтан қалалық сотының төрағасы Тілектес Бәрпібаев алғашқы жарты жылдықты қорытындылауға байланысты өткізілген кеңейтілген мәжілісте бірінші сатыдағы соттарға алты айдың ішінде 61728 іс және 298023 материал келіп түскенін тілге тиек етті. Оның ішінде азаматтық – 42925, қылмыстық – 1399, әкімшілік – 17538 іс. Азаматтық істердің 78 пайызы, қылмыстық істердің 11 пайызы электрондық әдіспен қаралған көрінеді. Азаматтық сот алқасы бірінші жартыжылдықта 4098 істі өндіріске енгізген, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 900 іске көп екен. Ал инвестиция­лық дауларға қатысты 134 іс қаралып, оның 32,8 пайызы (44 іс) бойынша шешім шығарылса, азаматтық іс жүргізу бойынша түскен арыз-шағымдар өткен жылмен салыстырғанда 8,2 пайыз (3607 іске) азайған екен.
Соттар қызметінің сапасын жақсарту мақсатында біраз игілікті іс қолға алынды. Айталық, бұзылған сот актілері бірінші сатыға қайта қарауға тек заңда көзделген негіздермен және апелляциялық сатыда жіберілген кемшілікті түзету мүмкін болмаған жағдайда ғана жолданса, басқа жағдайда бірінші сатыдағы соттардың жіберген қателері апелляциялық сатыда жойылатын болып шешілді. Және де азаматтық істер қарайтын аудандық соттардың санына қарай сот актілерін дайындау сапасын талдау жөніндегі топтар құрылып, олар апта сайын аудандық соттарда шығарылған бүкіл сот актілеріне мониторинг жүргізіп, талдау жасап, нәтижесі бойынша шара қолдану туралы ұсыныс жасайтын болып келісілді. Консультативтік кеңесте күрделі істер мен сот практикасынан тыс даулы сұрақтар талқыланып, аудандық соттарға ұсынымдық негізде бағыт-бағдар беріледі. Жұмыс барысында қолдану үшін кеңестің хаттамасы аудандық соттарға жолданып отырады.
Апелляциялық алқа судьяларының арасынан аудандық соттарға кураторлар тағайындалып, сот ісінде қиындық туғызатын және біркелкі сот тәжірибесін қалыптастыруға байланысты мәселелер апта сайын талқыланса, бұзылған және өзгертілген сот актілерінің себептері апелляциялық сот алқасының жедел жиналысында бірінші сатыдағы соттардың қатысуымен үнемі талқыға салынады.
Жақында 19 судьяның жіберген кемшіліктері мен қателіктері талқылануы – осыған айғақ. Төрағаның өкіміне сәйкес күші жойылған істерді сот төрағалары қарап, бұл мәселе төрағаның тікелей қадағалауына алынған.
Тағы бір айта кетерлік өзекті тұсы – сот төрелігін іске асыруға отставкадағы судьялар тартылып, сот төрелігін іске асыру сапасын жақсарту мақсатында көрсеткіштері төмен судьяларға біліктілігін нығайту үшін қосымша дәріс беріледі. Өрескел заң бұзушылыққа жол берген судьялар мәселесі алқа жиналысында талқыға салынып, тиісті шаралар қолданылады.
Сонымен қатар ай сайын сот алқасында сот практикасы бойынша талдау, шолу жүргізіліп, қорытындысы жиналыста талқыланғаннан кейін, аудандық соттың судьяларына жіберіледі. Одан қалды 10 аудандық соттың судьясы біліктілігін, білімін арттыру мақсатында қалалық сотта тәжірибелі судьяларда тағылымдамадан өтті. Міне, осындай ауыз толтырып айтарлықтай келелі шаралар қолға алынған.
Негізі, кемел мемлекет құрудың басты факторының бірі – сот төрелігінің әділдігі мен жедел әрі толық орындалуы болып табылады. Өйткені сот жүйесінің дамуы тоқтап қалатын құбылыс емес, үздіксіз жетілдіріп отыруды қажет етеді. Нұр-Сұлтан қаласының соты бұл бағыттағы жұмыстарды толассыз жалғастыруды мұрат тұтқан. Мәселен, судьялар жұмысын жеңілдету, дауларды сотқа дейін шешу, татуластыру институтын дамыту мақсатында мынадай қанатқақты жобалар өмірге келіп, тиісті нәтижесін де беруде.
«Татуластырушы-судья» жобасымен азаматтық істің – 60%-ы, қылмыстық істің 55%-ы татуласумен аяқталды. Бұл өткен жылмен салыс­тырғанда екі есеге көп.
«Фронт-офис» жобасы аясында барлық қажеттімен жабдықталған 7 аудандық соты фронт-офиспен қамтамасыз етілді. Егер қаржы мәселесі шешілген жағдайда тағы да үш сотты фронт-офиспен қамтамасыз ету жоспарда тұр.
«Түнгі сот» жобасы өткен жылдың 4 маусымынан бері жұмыс істеп келеді. Биылғы әкімшілік істердің 19 пайызы – «Түнгі сот» еншісінде. Мұнда 6748 адамға қатысты 3074 әкімшілік материал қаралды.
Жоба ойдағыдай іске асуының арқасында адамдардың әрі-бері сабылып, әуре-сарсаңға түсуі жойылды, сақтандыру төлемдері де жедел төленетін болды.
«Отбасылық сот» жобасы Алматы аудандық, ювеналдық және әкімшілік соттарда жүзеге асырылып, 40%-ы оң нәтиже бергенін айта кеткен жөн.
Десек те, осы жоба аясында некені бұзушылық саны азаюдың орнына, 18%-ға артқаны алаңдатушылық тудыруда. Мәселенің бұлай күрделене түсуінің бір ұшығы астанадағы халық санының өсуі, әйелдердің жәрдемақы алуға, әрі тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркелу үшін әрекет жасауларына байланысты деген тұжырымға саяды.
Елордалық судьялар бас қосқан алқа мәжілісінде ҚР Жоғарғы Соты «Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының» төрағасы Мейрамбек Таймерденұлы елорда соттары өзге әріптестеріне үлгі болуы керектігін, әрбір судья өзін кәсіби жетілдіруді талап етуін, және шығарылған шешім үшін жеке жауапкершілік алып жүретінін жадыда ұстауын атап өтті.

Бейбіт ОСПАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды