«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сотқа деген сенім күшейеді

0 227

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының заң үстемдігін қамтамасыз ету бөлігін іске асыру барысында сот жүйесіне жүктелген 11 қадамның барлығы орындалды деуге болады.

Елбасы жүктеген міндеттерді жүзеге асыру барысында ағымдағы жылғы 1 қаңтардан бастап соттар үш сатылы сот төрелігі жүйесіне көшті, Жоғарғы Сот жанынан Сот төрелігі академиясы ашылды, Халықаралық кеңес пен мамандандырылған сот алқасы құрылды. Тергеу судьяларының құзыреті кеңейтілді. Одан басқа, судьялардың жаңа Әдеп кодексінің жобасы әзірленді. Жоба Жоғарғы Сот жанындағы халықаралық кеңестің отырысында мақұлданды.

Сот саласында жүріп жатқан тағы бір маңызды жұмыстардың бірі сот қызметінің ашықтығын жолға қою мәселесі болып отыр. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында сот істерінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында сот отырыстарын дыбыс-бейне жазумен қамтамасыз етуге айрықша мән беріліп, қазіргі уақытта барлық сот отырыстарында осы құрылғылар қолданылды. Бұл өз кезегінде судьялар есептілігінің күшеюіне, жұмыс істеп жүрген судьялардың біліктілігін мерзімдік бағалау, азаматтардың судья­лар әрекетіне қатысты сот жюриіне шағымдануына мүмкіндік бе­реді. Сондай-ақ, судьялардың кәсіби тәр­тібін нығайтуға, сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсартуға және осы­ның нәтижесінде тұрғындардың сот жүйесіне деген сенімін арттыруға ықпал етеді.

Сот жүйесінің ақпараттық ашықтығы мен айқындығы – Мемлекет басшысы айқындаған жұмыстың басым бағыты. Мұндағы маңызды міндет – сотқа құ­жаттар келіп түскеннен бастап шешім қабылданғанға дейінгі кезеңдегі сот жұмысын қоғамға дұрыс түсіндіру. Сон­дықтан соттардың қызметін ақпараттық сүйемелдеу бойынша арнайы жұмыс жоспары жасақталып орындалуда. Соның ішінде сот жүйесінің ақпараттық жұмыс бөлігіндегі кейбір жетістіктерге тоқталсақ, интернетте жүйелі жұмыс жолға қойылды. Сот кабинеті ақпараттық порталы іске қосылды.

«100 нақты қадам» – бұл біздің жаһандық және ішкі сын-қатерлерге, сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда 30 дамыған мемлекеттің қатарына ену жөніндегі жоспарымыз. Ал реформаларды жүзеге асыру – алда тұрған 10-15 жылдағы бірінші кезектегі жалпыұлттық міндет екендігін атап өткен Мемлекет басшысы елдің ішкі жағдайындағы сот саласы қызметін де жетілдіре түсу керектігін де ерекше айтты. Сондықтан да Ата Заңымыздың 75-бабындағы 2-тармақшасында атап көрсеткендей, «Сот билігі сотта іс жүргізудің азаматтық, қылмыстық және заңмен белгіленген өзге де нысандары арқылы орындалатынын» сеніммен айтуға болады.
Ұлт жоспарында алға қойылған мін­деттер Астана қаласы судьялары тарапынан табысты түрде жүзеге асуда. Әр азаматтың құқығын әділ қорғауға қабілетті сот билігінің имиджін көтеру бойынша белсенді түрде жұмыс жүр­гізілуде.
Осы жылдың қазан айында кезекті Қазақстан Судьяларының VII съезі өтеді. Әрбір іс-шара – Республиканың бүкіл судьялық қоғамдастығының қызметіндегі бір асу.
Алдағы съезд барысында елдің сот жүйесін әрі қарай жетілдірудің страте­гиялық маңызды мәселелері қаралады. Олар тек сот төрелігі өкілдерінің арасында ғана емес, бүкіл қоғам арасында талқыланады деген ойдамыз.

Қ.ТОБАҒАЛИҰЛЫ,
Астана қаласы Есіл ауданының
№2 аудандық сотының судьясы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды