«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сот жүйесі және заманауи технология

0 30

Сот жүйесін одан әрі жетілдіріп, нығайтуда қазіргі заманғы технологияларды кеңінен қолдану бүгінгі күннің басты талабы болып отыр. Осыған орай, Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың бастамасымен алдағы үш жылға нақты бағдарлама жасалып, арыз-шағымдарды жедел, сапалы сараптаудың барлық мүмкіндіктерін қарастыратын «Жеті түйін» өмірге келген болатын. Енді осы қанатқақты жобалардың кейбіріне тоқталсақ.

Дүние жүзі озық елдерінің тә­жірибесіне негізделген жоба­лардың ішіндегі тиімділігі жағы­нан ауызға алғаш ілінетіні – IТ қызметі. Бірақ сервистердің тұ­рақсыз жұмыс істеуінен бұл қыз­метті толықтай қолданысқа ен­гізу мүмкін болмай келгенін жасыруға болмайды. Міне, осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Жоғарғы соттың кезек күттірмейтін бағдарламаларын іске асыру жөніндегі жұмыс то­бы құрылып, «Smart-сот» бағ­дарламасы қолға алынды. Бағ­дарлама қиындық туғызған мә­селелерді анықтап, оларды шешу жолындағы кешенді ша­раларды жүзеге асыруға ба­ғытталған. Әрі сот жүйесі ІТ қыз­метін сот про­цестерінде ке­ңінен қолдануды көз­­дейді.
Алғашқы болып ІТ өнімдерді қолдануға ыңғайлау және олардың аналитикалық әлеуетін арттыру мүмкіндіктері қарастырылды. Осы қатарға тұрғындар кеңінен қолданатын «Сот кабинеті» сервисін де жатқызуға болады. Бұл қызмет түрі адвокаттардың, судьялардың, сот мамандарының тиімді жұмыс істеуіне барынша жағдай жасайды. Сонымен қатар азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға, олардың өз конституциялық құқықтарын қорғауына оң ықпалын тигізеді. Бұл жобаға бүгінгі таңда сот ка­бинетінің жұмысын оң­тай­ландыру үшін азаматтық және қыл­­мыстық істер бойынша арыздар мен өтініштерді жөнелтудің 49 сервисі біріктірілген. Осы ба­ғыттағы жұмыстар одан әрі же­тілдіріле түсуде.
Бұдан бөлек, 2016 жылдан бері соттардағы құжат айналымы мен сот өндірісін толықтай автоматтандырған «Төрелік» жаңа ақпараттық жүйесі іске қосылды. Осы бағдарлама аясында сот ақпараттарын тез іздеуге мүмкіндік туып, «Судьяларға көмек» модулі жүзеге асырылды. Жаңа модульді енгізудегі негізгі мақсат – қылмыстық істерді қарау кезінде жергілікті сот судьялары тарапынан қателіктер жіберілмеуін, сондай-ақ жасалған қылмыс пен сотталушыға қатысты ақпараттарды талдау негізінде дұрыс жаза тағайындау.
Қазір Әділет министрлігінің «АХАТ» ақпараттық жүйесімен ықпалдастық күшейді. Соның нәтижесінде республика соттарына азаматтық хал актілері жазбаларын электронды түрде алуға қол жеткізілді.
2018 жылдың алғашқы жартысында «Сот кабинеті» дауларды сотқа дейін реттеу қызметін іске қосты. Сонымен бірге оны талап арызды тапсыру кезінде пайдалануға да болады. Енді бұл қызмет «е-Татуласу» атты дербес бөлімге айналды. Сүзгінің көмегімен бұл жерден қоғамдық ұйымды, өңірді, тегін, медиация жүргізілетін тілді, даулардың түрлері бойынша қажетті медиа­торды жылдам табуға болады. «е-Татуласу» – азаматтарға кейбір түйінді мәселелердің шешімін табуына көмектеседі. Мәселен, медиация жүргізілуі туралы шартты, медиация арқылы дауларды реттеу туралы келісімнің үлгілерін жүктеп алуға болады. Скайп арқылы онлайн келіссөздерге қатысты жаңғырту жүргізіліп, сайтқа жылдам кіру және пош­таға жөнелту, жіберілген онлайн өтініштерді тез қарауға да болады. Медиаторлардың түйіндемелерімен де таныса аласыз.
«Төрелік» ақпараттық жүйесі негізінде судьялар қаралып отырған сот істері аясында қаты­сушыларға қатысты 20-дан астам мемлекеттік органның дерекқорына электрондық сауалдар жіберіп, жауап ала алады. Ондағы әрбір сауал жүйеге тіркеліп, сауалдың уақыты, негіздемесі, жіберушісі туралы деректер жинақталады. Бұл бағдарламаның электронды нұсқаға көшуінен кейін де біршама ауқымды істер атқарылды. Атап айтсақ, жеңілдетілген өндірістің (жазбаша) істері 2018 жылдың 14 ақпанынан бастап электронды нұсқа қаралуда. Қазір сот ісін жүргізуді, яғни өтініштің берілген және тіркелген сатысынан бастап заңды күшіне енген сот актісін орындауға жібермес бұрын 100 пайыз электронды нұсқаға өткізу кірістіріліп жатыр. Нақтылай түссек, 9 айдың ішінде бұйрық шығарылу туралы 173226 арыз қабылданды. Оның ішінде 88 па­йызы немесе 153233-і электронды түрде түскен. Ал өндірістің жеңілдетілген түрі бойынша жолданған (жазбаша) 174757 талап арыздың 93 пайызы электронды нұсқада келген.
Сот істерін және соттың кеңселік блогын сандық нұсқаға көшіру бойынша атқарылған істердің тағы бірі – Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотында іске қосылған «Электронды кездесулер және кезек» қанатқақты жобасы. Қазіргі таңда сканерлі өз-өзіне қызмет көрсету терминалдары және құжаттарды қабылдау және беру автоматтандырылған бюросы жұмыс істеуде.
«Төрелік» бағдарламасы негізін­де азаматтық іс бойынша екіжақты шақыру қызметі сынақ түрінде іске қосылды. Бұл жоба «Сот ісінің аудио және бейне бекітулері» және «Электронды кездесулер және кезек» жүйесі арқылы жүзеге асырылды. Сот ісін электронды нұсқаға толықтай көшіретін мұндай қадамдар бір азаматтық істі қарастыруға кететін уақыттың орташа көрсеткішін қысқартып, сот отырысын ұйымдастыруға ке­тетін уақытты үнемдейді.
Сот жүйесіндегі соңғы міндет ІТ қызметтерінің қолжетімділік деңгейін арттыруды көздейді. Осының негізінде 2018 жылдың наурыз айынан бастап «Ұялы бейнеконференциялық байланыс» (виртуалдық сот) қанат­қақты жобасы да көпшіліктің көңілінен шығуда. Ұялы бейне­конференциялық байланыс iOS операциялық жүйесі бар смартфондарда қолданылуда. Бүгінде Android операциялық жүйесін де іске асыру көзделуде. Жоба басталған уақыттан бері ұялы бейнеконференция байланысы арқылы 574 сот отырысы өтті. Бұдан бөлек, «Сот кеңсесі» сервистік базасында бейнеконференция байланысының веб нұсқасы әзірленуде.
2018 жылдың тамыз айында «Сот актілерінің банкі» кеңейтілген іздестіру қызметіне жаңғырту енгізілді. Нақтырақ айтқанда, бөліп алу үдерісі бойынша іздестіру, ЖСН/БИН бойынша іздестіру және қорғаушы іздестіруді іске асыруды ұсынды. Орта есеппен бір күнде «Сот актілерінің банкіне» кем дегенде 1000 сұраныс түседі.
Істердің санаты бойынша іздестіру нәтижесін шы­ға­­руда Жоғарғы соттың нор­мативтік ережелеріне және сот тәжірибелерінің қоры­тын­­дыларына сілтемелер қо­сылды. Іздестіру қызметі қолда­нушылардың ауқымды бөлігіне соттың электронды сандық қолы қойылған сот актілерінің түпнұсқасына, сот тәжірибелерінің қорытындыларына және «Талдау» форумына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Міне, қоғам сұранысына сай сот жүйесі тарапынан жасалып жатқан жаңа жұмыстар легі осындай. ІТ қызметіне қолжетімділікті арттыратын кешенді шаралар толығымен орындалған уақытта, сот жүйесінің қызметіне жүгіну қазіргіден де жеңілдей түседі.

Нұржан МОЛДАҚОВ,
ҚР Жоғарғы соты жанындағы
ақпараттық технология және
ақпараттық ресурстарды
қорғау бөлімінің меңгерушісі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды