«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Соны серпіліс әкеледі

0 15

Жолдаудың әр тармағы өзіндік ұсынар бағыт-бағдарымен дараланады. Анығырақ айтқанда, Жолдаумен танысу барысында бұрын-соңды ашық талқыланбаған түрлі өзекті мәселелерді байқаймыз.Менің ерекше назарымды аударып, көңіліме үміт ұялатып, ұрпақтың келешегіне сеніммен қарауыма білім аясында қозғалған тақырып себеп болды. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 4-тармақта білім сапасын жақсарту керектігін тайға таңба басқандай етіп, нақты түйткілдерді айшықтай көрсетті. Оның ең негізгісі – еңбек ресурсы, білімді мамандарды даярлау. Жалпы, есеп бойынша елімізде жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орнына түсе алмай қалады. Соның салдарынан мемлекеттен оқшауланған маргиналдар мен жұмыссыздар қатары көбейіп, қылмыстың және экстремистік ағымдардың ықпалына түсушілердің саны артады. Бұл мәселелердің шешімі қандай болмақ? Осы орайда біз әрбір оқушының қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар саясатына көшу арқылы ұлттық стандарттың негізін қалауымыз қажет.
Екіншіден, мәселе қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасының алшақтағы. Қазіргі таңда қай-қайсымыздың болмасын назарымызды аудартып, көңілімізге күмән туғызған түйткілді проблема. Бұл жайында білім сапасы рейтингінен-ақ байқай аламыз. Халықтың, ашығын айтқанда, баланың болашағына алаңдаушылықпен қарап жатқан ата-аналар дабыл қағуда. Бұл ненің салдарынан? Әрине, ауыл мектептеріндегі білікті педагог кадрлардың жетіпеушілігі. Бұл тұста Мемлекет басшысы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейту мен 20 миллиард теңге қаржы бөлуді, дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді Үкіметке тапсырып, проблеманы шешудің бір ұшын шығарды.
Келесі кезекте, Президент жоғары оқу орындарындағы білім сапасы туралы да айтты. Ол жайында білім беру орындарының тек 60 пайызы ғана өз түлектерін жұмыспен қамтып отырғанын, сонымен қатар диплом сатумен айналысып жүрген университеттердің де бар екендігін батырып айтты. Алдағы жылдары ондай университеттер санын шектеп, білім беру сапасын арттыруға күш салу турасында тапсырма берді.
Президент соңғы жылдары қоғамда қызу талқыланған оқулық мәселесіне де тоқталды. Нақтырақ айт­қанда, оқулық сапасының төмендігі. Бұл мәселеге құзырлы минис­­трліктер жауапты екендігін еске салды. Жолдауда мемлекеттік тіл, мемлекеттік қызмет, азаматтық қоғам, этносаралық татулық сияқты бірқатар мәселелер қозғалды. Келер жылы ел болып Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтетініміз мені ерекше қуантты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы мұғалімдердің мәселесін де назардан тыс қалдырмай, «Педагогтардың мәртебесі туралы» жаңа Заң қабылдау­ды тапсырғанын – барлық ұстаздар қауымы зор ықыласпен қолдады.
Біз Мемлекет басшысының Жолдауы елімізге өзіндік серпіліс әкеледі деген сенімдеміз. Ұсынылған әр тармақ пен бағдарда көтерілген өзекті дүниелер болашағымыз бен ішкі-сыртқы жағдайымыз, мәдениетіміз бен өркениетіміздің көркеюі үшін маңызды болмақ. «Білімді ұрпақ – ел ертеңі» екенін ескерсек, Президенттің білім саласындағы күні бүгінге дейін дау туғызып келе жатқан проблемаларды үтір-нүктесіне дейін атап тоқталып, оларды шешуге тапсырмалар беруі білім саласындағы мамандарды ерекше қуантқаны сөзсіз.

Айжан ХИБАДУЛЛИНА,
Семей қаласының
Шәкәрім атындағы
Мемлекеттік
университеттің
аға оқытушысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды