СОҢҒЫ ТУРДЫҢ ЖҮГІ АУЫР

«Ел классика» атанып кеткен «Астана» мен «Қайрат» командаларының кездесуі алматылықтардың жеңісімен аяқталды. Бұл ойын – жетер жеріне жақындап қалған ҚПЛ-дың нағыз шарықтау шегі.

Турнирдің түгесілуіне бір тур қалғанда елордалықтар өз алаңында «Қайратқа» есе жіберіп, чемпиондықтан үміткер басты командалардың арақашықтығы одан сайын қысқара түсті. Осыған дейін көш ілгері тұрған «Астана» командасы соңғы матчтарда ізін ала келе жатқан «Қайратты» айтарлықтай жақындатып алды.
«Астанаға» чемпиондықтың тағдырын шешу үшін бұл кездесуде тең түсудің өзі жеткілікті еді. Сөйткен елордалықтардың қорғанысы 70-минутқа дейін сыр бермей, ойын тең деңгейде өрбіді. Алайда жеңіске зәру қонақтар ақыры дегеніне жетті. Бұған Юрий Логвиненконың жарақаты да себеп болуы мүмкін. Сәйкесінше, «Қайраттың» да күшеюіне Акош Электің жарақаты ықпал етті деуге болады. Өйткені соның орнына шыққан Айбол Әбікеннің жұлдызы жанды. Бір гол жіберіп алған алаң иелері бар күшімен алға ұмтылды. Бірақ қарсыластар қарымта шабуылда тағы бір доп соғып кетті. Осылайша, 31-турдың орталық ойыны 0:2 есебімен аяқталды.


«Астана» командасы «Қайраттан» бір ұпай алда. Енді чемпион атану үшін соңғы турда Оралдың «Ақжайығынан» айласын асыру керек. Ал «Қайрат» «Ақтөбемен» кездеседі. Егер осы ойындардан кейін әлдеқандай жағдаймен қос команданың жалпы ұпайлары теңесетін болса, онда чемпионды анықтау үшін қосымша «алтын» матч өткізуге тура келеді.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Сонымен қатар

ЕЛ БІРІНШІЛІГІНІҢ ЕҢ БІРІНШІЛЕРІ

Шымкент қаласында өткен бокстан Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Он күнге созылған бәсекенің он салмақ …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған