«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сом алтынның сынығы

0 42

Бас қаладағы Ұлттық академиялық кітапханада халық ақыны, қазақтың әншілік-жыршылық өнерінің көрнекті өкілі Кенен Әзірбаевтың туғанына 135 жыл толуына арналған «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де» атты жыр кеші болды.

Кешке ақын ұрпақтары Төрткен Кененқызы мен ұлы Бақытжан Әзірбаев және зиялы қауым өкілдері қатысты. Атамыздың мерейтойының алғашқы тойы биылғы наурыз айында елордадағы Ұлттық музейде басталып, қазір жер-жерде жалғасын табуда.
Баласы Бақытжанның айтуынша, айтулы дата аясында «Сарыарқаға саяхат» деген жоба жасалып, соның нәтижесінде Арқада қоныс тепкен облыс орталықтарында Кенен атамыздың шығармашылығына арналған кеш өтіп, ақынның әндері мен толғаулары шырқалған.
«Әкемнің көп баласы өмірден ерте кетіп қалды. Мен сегіз ағайынды болуым керек еді. Базар-Назардан кейін де бірнеше баласы шетінеп кетеді. Содан 52 жасқа келгенде Алла тағаладан жалынып сұрап жүргенде «Төрт кемпір бір шал» деген қызы туды. Бұл есімді айтқанда көп ағайындар күліп жібереді. Қазақтың ескі әдет-ғұрпында бала тұрмаған ата-аналар «тіл, көз тимесін» деп осындай есім қойған. Қазір ол кісі арамызда отыр, жасы сексен беске келді. Осы апамнан кейін әкемнің балалары тұра бастады. Мен соғыс аяқталған жылы, яғни әкемнің 61 жасында дүниеге келдім. Шындығында, біз бақытты ұрпақпыз. Әкесінің 135 жылдығын көру деген сирек құбылыс» деді Бақытжан аға.
Ақынның қызы Төрткен апа өзінің есімін жоғары сыныпқа барғанда өзгерткенін айтып берді. Бұл кісі – әкесінің мұраларының нағыз жанашыры. Ақынның архивте шаң жұтып жатқан әндері мен дауысын іздеп тауып, ортамызға қосты.
Белгілі ғалым Серік Негимов қазақ өнеріндегі сал-серілік жолды жиырмасыншы ғасыр­ға жеткізген бірегей тұлғаның шығармашылығы туралы ой толғады. Шара барысында дүлдүл өнерпаздың әндері орындалды.
Кешті жүргізген ақын Дәулеткерей Кәпұлы ақын туралы айта келіп, «сом алтынның сынығы» деген баға берді. Бұл сөз бізге де ұнады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды