«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Соғыстан қайтқан сарбаздар

0 180

Бұрынғы Кеңес Социалистік Республикалар Одағының құрамында болған елдер үшін қанша уақыт өтсе де Ұлы Отан соғысының орны айрықша көрінеді. Өйткені бұл Отан үшін отқа түс­кен миллиондардың жан алып, жан беріскен қиян-кескі алапаты болғаны мәлім. Сондықтан да сол соғыста оққа ұшқан ерлердің ерлігі ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келеді. Бүгінде қатары сиреп қалған ақсақалды майдангерлер сол сұрапыл соғыс­тың қазіргі ұрпаққа жолдаған асқақ та ардақты аманаты секілді. Миллиондаған адамның құрбан еткен сол соғыстың қасіретін көрген елде енді қайтып соғыс болмауы тиіс еді…


Өкінішке қарай, өткен ғасыр­дың сексенінші жылдары Отан соғысының майдангерлері тағы да бір соғысқа немерелері мен шөберелерін аттандыруға мәжбүр болды. Олай дейтініміз, 1979 жылдың соңында КСРО басшылығы ауған жеріне кеңес әскерлерін «Ауғанстанның Сәуір революциясына қолдау көрсету үшін», сонымен қатар «еліміздің оңтүстік шекарасын қорғау мақсатында» деген желеумен шешім шығарды. Жалпы «Ауғанстан жеріне Кеңес әскерін енгізуге не мақсат түрткі болды?», «Бұл соғыс кімге, не үшін қажет болды?» деген сауалдар әлі де қойылып қалады. Сол заманның ақиқатын айтар болсақ, дәл осы уақытта КСРО мен АҚШ арасында қыр­ғи-қабақ, былайша айт­қан­да, «қарусыз соғыс» ушығып тұрған еді. Сондықтан Ауғанстан аумағына ықпал жүргізу үшін бір жағынан НАТО блогындағы одақтастарымен АҚШ, екінші жағынан Варшава блогы жағынан КСРО өзара бәсекеге түсті. Бұл теке­тірестің ақырында Кеңес әске­рінің контингенті шұғыл түрде Ауғанстанға енгі­зілді. Сөйтіп, мыңдаған жа­уын­­гер Ауғанстандағы сәуір ре­во­лю­циясын қорғауға аттанып жатты. Ал ондағы шынайы жағ­дай туралы бұқаралық ақпарат құралдары тіс жармады.

  • 1979 жылдың 25 жел­тоқсаны күні кеңес әскерлерінің шектеулі контин­генті Ауғанстан еліне кірді.
  • 1989 жылы 15 ақпанда Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеген жауынгерлер түгел елге оралды.
  • Ауғанстан соғысына кеңес әскерінен 620000 адам қатысты.
  • 15000 адам қаза болды.
  • 417 адам із-түссіз жоғалды немесе дұшпанның тұтқынына түсті.
  • 53753 адам ауыр жарақаттанып, контузия алды.
  • 10751 адам әртүрлі топтағы мүгедектер атанды.
  • 86 адам Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді.
  • Қазақстаннан Ауғанстан соғысына 22269 адам қатыс­ты. Олардың қатарынан 924 азамат қаза тапты. Із-түссіз жоғалған 21 жауынгердің тағдыры әлі күнге дейін беймәлім.

Шын мәнінде Ауғанстанға кірген кеңес жауынгерлері бірінші күннен бастап жергілікті, яғни, Сәуір революциясына қарсы топтардың қарулы қарсылығына тап болды. Сөйтіп, «еліміздің оңтүстік шекарасын қорғау ке­зінде қаза тапты» деген қаралы қағазға оранған жауынгерлер мүрделері туған жерге мырыш табытпен келіп жатты. Ұлынан айырылған ана да, сүйіктісінен айырылған жар да, әкесіз қалған бала да Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанған асылдарының неліктен оққа ұшқанын біле алмай зар жылап, еңіреп қалды.

Жағдай осылай бола тұра билік ешқандай ұйғарым жасамады. Жылдар алға жылжи берді. Жауынгерлер шет елдің бақыты үшін жер жастанып жатты… Осылайша, ел арасында «жұмбақ соғыс» атанған Ауғанстан соғысы 10 жылға жуықтап барып тоқтады.
1989 жылдың 15 ақпан күні Совет Одағының Коммунистік партиясы саяси бюросының ұйғарымымен кеңес әскерінің Ауғанстандағы шек­теу­лі контингенті елге оралды. Бұл күн талай жастың өмірін сақтап қалғаны – ақиқат. Жұртшылық бұл күнді сондықтан да ерекше елеп «Ауғандардың күні» деп айтып жүреді.
Әлі есімізде, Ауғанстаннан қайтқан жауынгерлерге осыдан 25-30 жыл бұрын соғыстан емес, басқа тәуелсіз елдің тыныш­ты­ғын бұзып келген қарақ­шыларға қарағандай көзқараста болған. Сонда соғыста болып келген жауынгерлердің аналары көздеріне жас алып, қайғы құшқан еді. Ал жауынгерлердің өздері болса «Біз әскери антқа адал қызмет еттік» деп ақталуды білмеді. Шындығында, Ауғанстанға барған жауынгерлер КСРО Қарулы Күштерінің бұйрығын бұлжытпай орындаған жоқ па?!
Қалай айтсақ та, Ұлы Отан соғысын бастан кешкен майдан­герлердің ұрпағы, елдік пен ерлікті өнеге етіп өскен ұрпақ емес пе, қажет дегенде кеудесін оққа тосуға дайын тұратын кеңес жауынгері антқа адал, бұй­рық­қа бекем екенін дәлелдеді. Сол соғыста жас та болса, жа­сын­дай жарқылдаған жігіттер үшін «Жауынгер-интернационалист» деген атақ оттай ыстық сезіледі. Қазір еліміздің басқа бір аймағында екі «ауғандық» кездесе қалса бірін-бірі «бача» деп құрметпен төс түйістіреді. Республикамыздың барлық аймақтарында Ауғанстан соғысы ардагерлерінің одағы жұмыс жүргізіп отыр.
Астана қаласындағы «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінде бүгінде 1000-нан аса жауынгер-интернационалист тіркелген. Қоғамдық ұйым елордада өтетін саяси-әлеуметтік, мәдени-спорттық шараларға белсенді қатысады.
Әр жылдың 15-ші ақпаны жауынгер-интернационалистер үшін қасиетті күн саналады. Өйткені бұл соғыс даласынан соңғы солдат туған елге оралды. Бір жағынан қарағанда қуа­­­нышты күнге де ұқсайды. Алайда Жеңісі болмаған соғыс­тың қуанышы да болмайды екен. Сондықтан бұл соғыстың қасіреті мен естелігі әлі талай ұрпаққа сабақ болары сөзсіз.Біз білетін бір қағида соғыста жауынгер өлсе де, естелік мәңгі өлмек емес. Міне, сол естеліктің жасампаздығы болар, 2000 жылы Астанада Ауғанстан соғысында қайтыс болған жауынгерлерге арналған ескерткіш бой көтерді. Онда осы Ауғанстан соғысының алапатында қайтыс болған қазақстандық жауынгерлердің есімдері мәңгілік тасқа басылған.
Ауғанстан жерінде әр жылдар­да қызмет атқарған жауынгерлер жыл сайын 15 ақпан күні мешіт пен шіркеуде болып, боз­дақтарға бағыштап дұға оқытады. Сұрапыл күндерді еске алатын шаралар ұйымдастырылады…

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды