Соғыстан кейінгі жылдар ерте есейтті

Нұржұман ЫҚТЫМБАЕВ, актер, ҚР Халық артисі:

– Кино саласында жүрген ардагер ағаларымыздың бiрiсiз. Та­лай-талай кинотарландарымен дәмдес болдыңыз. Соның ішін­де Мәжит Бегалин, Наталья Орын­басарова, Никита Михалков бар. Сол кісілер туралы есте­лік айтып бе­рі­ңізші…
Әсем, мұғалім
– Шәкеннің, Сұлтанның, Мәжиттің фильмдері өз алдына үлкен шоқтық. Н.Жантөриннің сомда­ған образдары бізге әлі күнге дейін үлгі. Сондай-ақ, бұлардың арасында Мәже­кең­нің (Мәжит Бегалин – ред. ) атын ерекше атап өтер едім. Ол кісі соғыс­қа қатыс­­қан адам. «Мәншүк туралы жыр» филь­мін түсіру кезінде соғыс­тың қалай болғаны туралы айтып беретін. Кинокартинада Никита екеуміз бар­лау­шының рөлін­деміз. Ол кісі айтып берген соң, көз алды­мызға елестетіп, бар жаны­мызды салып ойнайтынбыз. Мәже­кең – Мәншүктің өзін көрмесе де, Мән­шүкті көрген адамдармен полктас болған адам. Наташа да Мәншүк туралы тыңдап алып, өзінше ойнады. Ол кі­сімен жұмыс істегенде жартылай соғыста жүргендей болдық. Тек кешке үйге келгенде ғана киноға түсіп жатқанымызды сезінетінбіз. Осы кино­дағы актер­лермен кейін дос болып кеттік. Соның арқасы болар, кино да сәтті шықты. Ал, Никита екеуміздің ара­мызда үлкен достық орнады. Күні бүгінге дейін хабарласып, хал-жағдайы­мызды білісіп отырамыз.

– Есімде, «Мәншүк туралы жырдан» керемет әсер алған едім. Сіз­дің актерлік шеберлігіңізге тән­ті болғам. Ол кезде неше жаста едiңiз?
Қабдол, зейнеткер
– Картинада Мәншүк Мәметова­ның соғыс алаңындағы бір күні бейнеленген. Фашистік танкілермен бетпе-бет келген Мәншүк пен жол­дастарының абыройлы өлімі көр­сетіледі. Ол 1968-ші жылдар ғой. 28-30 жаста болатынмын.

– Сіздің балалық шағыңыз Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келді ғой… Сол кез туралы әңгімелеп берсеңіз…
Сайран, оқытушы
– Иә, соғыс біткенде бес жаста едім. Әлі есімде, соғысқа кеткен ағала­­рымыз Германия, Жапониядан келе бастады. Әлі күнге дейін сұр, жасыл түсті шинель киген солдаттар көз алдымда. Мұрнымнан шинель­дің иісі кетпейді. Олар келген кезде өздері­мен бірге сыйлық ала келетін. Бір Жапо­ниядан келген солдат маған саму­рай­дың кос­тюмін әкеліп берген еді. Оны шешем қыс­қартып тігіп беріп, са­баққа киіп бардым. Сыныптастарым «Самурай» деп мазақтап, мені теуіп қуып шыққаны бар. Қазір еске алып, күліп отырамыз.

– Киноларда әрқилы болмысты, мінезді шебер сомдайсыз. «Адамдар арасындағы бөлтірікте» мі­не­зіңіз тұйық, қатаң. «Сталинге сый­­лықта» – жұмсақ мінезді, бі­рақ бір­бет­кейсіз. Ал, «Бар­лау­шыда» – қар­апайым­сыз. Актер­лік ше­­бер­лі­гі­ңіз­ді қалай шың­­дайсыз?
Ділбар, оқытушы
– Мектепте де, өнерде де ұстаздан жолым болды. Маған рен­жіген ұстазды көрген емеспін. Оларды ренжітпеуге, айтқандарын санама құюға тырыстым. Әсіресе, қазақ­тың талантты актерлері Қ.Жандар­беков, Қ.Байсейітов, Н.Жантөрин, Ы.Ноғайбаев, Қ.Жәкібаев сынды азаматтармен бірге жұмыс істедім. Олардан көп нәрсені үйрендім. Осы актерлерден алған тәлім-тәрбиемді халқыма қайтарып жатырмын.

– Франуздың белгілі актері Жерар Депардьемен бірге «Қазақ­фильм» түсірген «Кешік­кен­ ма­хаб­­­бат» атты фильмге түстіңіз. Ак­­тер сіз туралы «Мынадай мық­­­ты акте­­рі­ңіз­бен нашар кино тү­сі­­­ру­ге бол­­майды» деп баға беріп­­­ті. Сол рас па?
Шынарай, қала тұрғыны
– Кино түсіріліп біткен соң айтқан пікірі ғой. Жерар – өте керемет, ақкөңіл, дархан жігіт. Кинода бар болмысымен, шын пейілімен ойнайды. Екеуміз жақсы дос болып кеттік. Жерар екеумізге арналған сценарий жазылып жатыр. Шілдеде түсірілім басталады.

– Сізді Голливудтың фильміне түскен қазақ актері ретінде де танимыз…
Дархан, әскери қызметкер
– 90-шы жылдары Италияға кетіп қалдым. Онда «Шыңғыс хан» деген фильм түсірілді. Ағылшындар ақшасын төледі, италиялықтар түсірді. Кейін олардың арасында түсінбеушілік орнығып, соның кесірінен фильм жарық көрмеді. Бірақ, із-түзсіз кетпейтін шығар. Одан соң Польшаға бардым. Италияда түстім. Францияда «Тың­дашы, жаңбыр жауып тұр ма?» фильмінде өзімді өзім сомда­дым. Кезінде «Қан мен терді» аударған Юрий Каза­ковтың рөлін Алексей Петренко ойнады. Казаков – Францияның құр­метті азаматы атағын алған адам. Екеуміз сыйлас дос болдық. Ол да өмірімнің өшпес бір беле­сі болып қалған сәттер.
Беріде түскен «Сталинге сый­лық» фильмі бар. Оған көп дайын­дық­пен келдім. Негізі, кино­­ның қай жерінде қандай қате жі­берге­­нім­ді өзім ғана білемін. Сол қатені көргенде көпке дейін өзіме-өзім келе алмай жүремін. Фран­цуздар­мен бірігіп түсірілген «Кеш оянған махаббаттағы» фран-цуздың белгілі актері Жерар Депардье, Болат Қалымбетов сомдаған бейнелерге жұрт разы болды. Үшеуміздің ойынымыз көп көңілінен шыққанына сенімдімін. Мұнан басқа тағы да екі-үш фильм аяқталды. Ол туралы әзірге ештеңе айтқым келмейді.

– Нұржұман аға, бүгінде бас-аяғы қанша фильмге түстіңіз?
Ләйлә, студент
– 70 жасқа толған кезімде сана­ғам. Қазір есімде жоқ. 150 киноға түстім деп анық айта аламын. Ал, кі­ші­гірім рөлдердің бәрін қосқанда 200-ге тарта. Осы уақытқа дейін әр­қилы болмысты, кесек мінезді кейіп­кер­лерді сомдап келе жатырмын.

– Ата, түсірілімге қалай дайындаласыз?
Ержан, ҚазҰӨУ-нің студенті
– Мен өзім тарихты көп оқимын. Бір киноға түсерде ол қайдан шыққан деп оның түбін зерттеймін. Шетелдің киносына түсу үшін де солай дайындаламын. Ресейдің киносына түсу үшін кейіпкерім кім еді, кімді ойнап жүрмін деп образымды зерттеймін. Қазіргі жас режиссерлер өте білімдар. Кейде олардың қиялына ілесе алмай қалып жатамын. Рүстем Әбдірәшев деген жігіт бар. Адам қанына тартпай қоймайды. Оның әкесі Жарасқан Әбдірәшев дарынды адам болатын. Осы Рүстемге өзім­нің балама қарағандай жаным аши­ды. Істе­ген істері сәтті шықса екен деп оты­­рамын. Одан кейін Сәбит Құр­ман­беков деген режиссер бар. Оның да жасаған карти­налары өте сәтті шығып жүр. Қазір Ермек Аман­шаев басқаратын «Қазақфильм­де­гі» бас­шылық көбінде жас режиссер­лерді қолдап, солардың жобаларын өн­діріске жіберіп жатыр. Бұл – дұрыс шешім.

– Сіз жақсы көретін фильм?
Динара, есепші
– «Поэма о любви» деген фильм­ді жақсы көрем. Сол фильмде Қо­дардың рөлін Нұрмұхан Жан­төрин сомдады. Осы фильм шық­қанда мен ауылда шофер болып істей­тінмін. Қасымдағы достарым Қодар­ды жамандап, Қозы-Көрпешті мақтайды. Мен керісінше, Қодарды жақ­тай­мын. Себебі, Қодардың образы Көр­пеш­тен бір саты жоғары тұр. Осы Қодар үшін қасымдағылармен ерегісіп, ақыры төбелесіп тынғанбыз. Сон­да мен актердің ойыны үшін талас­­тым ғой. Сол фильмді қазіргі актер­­лерге сабақ ретінде көрсету керек деп ойлаймын. Бұл фильмді осы дүние­ден өткенімде жүрегіме алып кете­тін шығармын. Кейде түсі­рілім кезінде бір вакуумға түсіп қалған­дай бола­тын сәттерімде осы фильм­ді қайта көріп, шабыттанып шыға келемін!

– Астана тұрғындарына айтар тілегіңіз…
Малика, студент
– Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Еркежан СӘТІМБЕК

Сонымен қатар

Қадірлі оқырман!

«Оқырманнан – он сұрақ» айдарының кезекті қонағы – эстрада әншісі Нұржан Керменбаев. Көкейіңізде жүрген сауалыңыз …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған