«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Соғыс тұтқындарын қашан ақтаймыз?

0 109

9 мамыр – Жеңіс күні. Келесі жылы осы мерекенің 75 жылдығын атап өтеміз. Сол айтулы датаның қарсаңында іске асыратын сауапты да жауапты істің бірі – Кеңес қолбасшылығының кінәсі мен жіберген қателігінен тұтқынға түскен, жат жерде көз жұмған неше жүз мың қазақстандық (дені қазақтар) жауынгерлерді ақтау. Қорғаныс министрлігінің берген мәліметі бойынша, Қазақстаннан соғысқа аттанған азаматтардың саны – 1 196 164 адам. Соғыстан оралғандардың саны – 595 153 адам, ал соғыстан оралмаған тағдыры беймәлім жандардың саны – 601 011 адам. Бір өкініштісі, сұрапыл соғыстың біткеніне 75 жылға жуық уақыт өтсе де, біз өз Отанын, жерін жаудан қорғаған жандардың есімін, ар-абыройын ақтау­ды қолға алған жоқпыз.

Ақтала алмаған Алмат

Бұл мақаланы жазуымызға Сенат депутаты Әлімжан Құртаевтың соғыста тұтқынға түскен, жат жерде көз жұмған бірнеше жүз мыңдаған қазақстандық жауынгерлерді ақтау туралы мәселе көтеруі себеп болды. Халық қалаулысы соғыс құрбаны, өмірінің соңына дейін туған жерінде ақталмаған қазақтың талантты музыканты, әлемге әйгілі скрипкашы Әлім Алмат мырзаның ұрпақтарының өтінішін ел Үкіметіне жеткізуді, сондай-ақ Ә.Алмат сияқты жүздеген, мыңдаған боздақтарды ақтауды сұрап, үн қатпақшы. Сенатордың Премьер-министр Асқар Маминнің атына дайындаған хатының қысқаша мазмұны мынадай:
«Әлім Алмат 1917 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында туған. Ташкендегі, Алматыдағы музыка училищесінде білім алады. 1939 жылы қызыл әскер қатарына шақырылып, екі жыл Польша шекарасында қызмет етеді. Елге қайтар кезде, 1941 жылы соғыс басталып кетеді. Маусым айының соңында Ә.Алмат дивизиядағы 560 адаммен бірге тұтқынға түседі. Тұтқындарды түгел Германияға айдаған. Олар фашистердің концлагеріндегі барлық адам төзгісіз қиындықтарды басынан кешеді. Училищеде скрипка пәнінен білім алған Әлім Алмат соғыста жүргенде де қолынан скрипкасын тастамаған. Тіпті, өзінің өмірін аман сақтап қалған сол скрипкасы көрінеді. Концлагерьдің бас­тығы болған неміс музыканы жақсы көретін, өзі күйсандықта ойнайтын адам екен. Ол талантты жігітті өзіне шақырып, өнерін құрметтеп, ас-суын беріп, аман қалуына себепкер болады. 1943 жылы Ә.Алмат Германияда тұратын қазақтың біртуар перзенті Мұстафа Шоқайдың жары – Мария Шоқай анамызға бірнеше рет хат жазып, кейі­нірек сол кісінің көмегімен тұтқыннан босап шығады. Германияның төлқұжатын алып, музыка училищесіне оқуға қабылданады. Мария Шоқай онымен шектелмей, талантты музыканттың әуелі Париждегі консерваторияға оқуға түсуіне, кейінірек түрік елшілігі арқылы Түркия азаматтығын алуына жәрдемдеседі. Сөйтіп, Ә.Алмат 1950 жылы Парижден Ыстамбұлға көшеді. Ол өмірінің соңына дейін сол қалада тұрып, консерваторияда дәріс беріп, опералық театрда жұмыс істейді. Ыстамбұлда башқұрт қызы Едігеге үйленіп, одан бір ұлы дүниеге келген. Ә.Алмат 1992 жылы еліміз егемендік алғаннан кейінгі алғашқы құрылтайда Қазақстанға келеді. Ырғызға барып, ағайындарымен көрісіп, 53 жылдан кейін туған жерінің топырағын сүйеді. Сол уақыттан бастап өзінің ел алдында ар-намысының таза екенін айтып, ақтауды сұрап, Қазақстан Үкіметіне үш мәрте арыз жазады. Бірақ онысы оң нәтиже бермейді. 2018 жылы Әлім Алмат 101 жасында дүниеден өтті. Оның өзінің, артында қалған ұрпақтарының, ағайын-туыстарының жалғыз арманы – туған жерінде ақталу ғана еді».

Тұтқындардың тағдыры неге құпия?

Халық қалаулысы Ұлы Отан соғысына қатысушылардың нақты санын білмек болып, Қорғаныс және Ішкі істер министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сұрау салып, хат жазғанында құзырлы мекемелерден сырғытпа жауап алғанына қатты қынжылады. «Жаудың тұтқынында болған қазақ жауынгерлерінің ақталған және ақталмағандарының саны жөнінде ақпарат сұратып едім, құзырлы мекемелер (Қорғаныс министрлігі, ІІМ, ҰҚК) сырғытпа жауап жазып, бір-біріне сілтеді. Ішкі істер министрлігінің жауабында архивтік құжаттардың құпия болып табылатыны айтылған. Сонда біз тұтқындардың тағдырын кімнен жасырып, құпия ұстаймыз? Өзімізден бе, әлде, өзгелерден бе? Кеңестің келмеске кеткеніне 30 жылға жуықтаса да, құлдық санадан арыла алмай, жат елде жоқтаусыз қалған боздақтарымыздың рухының алдында дәрменсіздік танытып отырмыз» дейді Әлімжан Құртаев.
Ақиқатқа жүгінсек, әлемнің барлық елдері жерінің тұтастығы, халқының азаттығы үшін күрескен жауынгерлерін ақтап, мемлекеттік актілер қабылдады. Бұл мәселені бүге-шігесіне дейін зерттеген белгілі саясаткер, заңгер Сабыр Қасымов Шығыс Еуропа мемлекеттері, бұрынғы КСРО-ның одақтас республикаларының барлығы дерлік өткен ғасыр­дың 90-шы жылдарында осындай мемлекеттік актілер қабылдап, ақиқатты қалпына келтіргенін айтады. Өз елінің тәуелсіздігі үшін күрес­кендерді ақтау бағытында Литва (29 мемлекеттік құжат қабылдаған), Грузия, Ресей осындай қадамдар жасапты.
«Ресей Президенті Б.Ельцин 1995 жылы 24 қаңтарда «Ұлы Отан соғысы кезінде және соғыстан кейінгі кезеңде қуғын-сүргінге ұшыраған, бұрын әскери тұтқын және азаматтық тұлға болған Ресей азаматтарының заңды құқықтарын қалпына келтіру туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл Жарлық Ресей аумағында, негізінен алғанда, кеңес қолбасшылығының кінәсінен тұтқынға түскен жүздеген, мыңдаған құрбандарын ақтап, олардың ар-намысын қалпына келтіруге жол ашты» дейді Сабыр Ахметжанұлы.
Зерттеуші-заңгердің айтуына қарағанда, біз әлі күнге дейін Қазақстанның азаттығы, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы үшін күрескендерге қатысты ешбір мемлекеттік құжат қабылдамадық. Бұл Отанымызды қорғау жолында ерлік жасаған ата-бабаларымыз туралы естелікті тиісті бағалап, қайта жаңғыртуды қаламайтынымызды білдіреді.
Әлім Алмат бізбен бауыр­лас Түркияның азаматы атанып, сүйегі сол елде жерленді. Ал қалған жарты миллионнан астам боздақтардың сүйегі қайда қалды? Бұрын екінші дүниежүзілік соғыстан өлі-тірісі бар 350 мың қазақстандық жауынгер елге оралған жоқ деген бейресми ақпарат болған. Ал биыл Қорғаныс минис­трлігі соғыстан қайтпағандардың саны 601 011 адам деген деректі ұсынып отыр. 1941-1944 жылдары тұтқынға түскен КСРО әскерінің саны 1944 жылы 5 млн 700 мыңға жетіпті деген де дерек бар. Соның ішінде, 3,3 млн-ы тұтқында көз жұмған. Сталиннің опасыз әрі құйтырқы саясатының салдарынан Кеңес билігі әскери тұтқындардың бәрін Отанын сатқан, халық жауы деп атады. Бұған қоса, Сталиннің Гаага (1907), Женева (1929) конвенцияларына қол қоймай, өзінің әскери тұтқындарына сатқындық жасағанын білеміз. Соның салдарынан қаншама кеңес жауынгері фашистердің ең ауыр, азапты лагерлерінде қынадай қырылды.
Тәуелсіздік заманында неге біз Отанын қорғау үшін майданға аттанған, әскери қолбасшыларының кінәсінен қоршауда қалып, қолға түсіп, тұтқында азап шеккен ата-бабаларымыздың аруағының алдындағы парызымыз­ды орындамаймыз? Әскери тұтқын – амалсыз қолға түскен жауынгер, ол сатқын емес қой. Фашистердің лагерлерінде сүйектері шашылып қалған, тірі болғанымен жат жерде өлместің күйін кешкен боздақ батырларымызды іздеп-тауып, неге ақтамаймыз? Тұтқындардың тағдыры ешқандай құпия болмауы тиіс. Жапон, неміс, америка ұлты соғыста өлген әр солдатының сүйегін, топырағын еліне апарып, құрметтеп жерлейді. Ал біз өз тарихымыздағы ақтаңдақтарды жоюға, тұтқындардың шындығын қалпына келтіруге дәрменсіздік, немқұрайдылық танытып отырмыз. Мұны күні ертең азат ойлы, қайсар рухты жас ұрпағымыз кешіре ме?

Қаулы шығарып, баға берейік!

70 жылдан аса уақыт туған елін аңсап, ақталатын күнді зарыға күтіп, Түркияда көз жұмған Әлім Алматты жоғалтқан Қазақстан аса дарынды, ұлы музыкантынан айрылды. Ал қабірі түгілі, сүйегінің қайда қалғаны беймәлім 600 мыңнан астам адамның ішінде қаншама ғалым, инженер, философ, музыканттар кетті. Ол ол ма, соғыс тұтқындарының тәлкекке түскен тағдыры артында қалған балаларына, ұрпақтарына жағымсыз әсер етті. Егер біз әділеттілік салтанат құрсын десек, соғыс тұтқындардың барлығын ақтау туралы арнаулы қаулы шығарып, мемлекеттік деңгейде шынайы баға беруіміз керек.
Бұл бағытта тым құрығанда Екінші дүниежүзілік соғыс­тың басты кейіпкерінің бірі болған Ресейді үлгі етейік. Кезінде Сталин «халық жауы, сатқын» деп бір қорласа, тұтқында адам төзгісіз қуғын-сүргінге ұшырап, екі қорланған бейбақтардың тағдырына орыс халқы араша түсті. Олай болса, біздің де сұрапыл соғыста қаза тапқан, елге орала алмай өкініштің уын ішкен боздақтарымыздың есімі мен ерлігін ақтап, тарихи ақиқатты қалпына келтіретін борышымызды атқаратын күн жетті.
«Өлі разы болмай, тірі байы­майды» дейді қазақ. Олай болса, жаудың тұтқынында қаза болған барлық жауынгерлеріміздің тағдырын толық зерттеп, аты-жөнін елге жариялайық. Елбасымыз ұстанған «рухани жаңғырудың» бір жолы осы болмақ! Біріншіден, соғыс тұтқындарына қатысты ресми мәліметтер тиянақталып, бір жүйеге келтіріліп, халыққа ашық қолжетімді болуы тиіс. Құзырлы мемлекеттік органдар бұл мәселеде бірлесіп жұмыс істеуі керек. Өз Отанын жаудан қорғау жолында көз жұмған, жат елдерде қалған барлық соғыс тұтқындарын ақтайтын арнайы қаулы шығарып, мемлекеттік акті қабылдайық. Сонда біз әділдік пен ақиқаттың салтанат құруына жол ашамыз және соғыс тұтқындарының мәртебесін нақтылап, жас ұрпақтың алдындағы перзенттік парызымызды атқарамыз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды