«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сириядағы сергелдеңнен оралғандар тағдыры не болмақ?

0 127

Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің тапсырмасы бойынша құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық шаралар нәтижесінде Сириядан 47 қазақстандық елге қайтарылғанын мәлімдеді. Сейсенбі күні Сыртқы істер министрлігінде осы тақырыпта арнайы брифинг өтіп, түйткілді мәселенің егжей-тегжейі БАҚ өкілдеріне жария етілді.

Гуманитарлық операция жалғасады

«Ыстық» нүктелердегі қазақстандықтарды елге қайтару шаралары одан әрі жалғасады, – деп мәлімдеді брифингте Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев. Ол сондай-ақ, Сириядағы операцияның қалай жүргізілгенін, қандай елдер мен халықаралық ұйымдардың көмек бергенін әңгімеледі. «Жусан» операциясының кейбір тұстарын ашық айтқымыз келеді. Ең алдымен, мұндай гуманитарлық шараны өткізуге Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары беделінің арқасында қол жеткіздік. Халықаралық терроризммен күрестегі еліміздің белсенді, ашық жұмысының нәтижесі деп түсінуіміз керек. Екіншіден, Қазақстан Сириядағы соғысты тоқтатуға, ол жерде бейбітшілікті қалпына келтіруге өз үлесін қосуда. Бұған Сирия жанжалын реттеуге арналған Астана процесі дәлел бола алады. Бүгінгі таңда Сирияның көп бөлігінде соғыс қимылдары тоқтады. Мұның өзі біздің азаматтарымызды елге қайтаруға қолайлы жағдай туғызады» деді құзырлы министрлік өкілі. Ол алдағы уақытта құтқару операцияларының жалғасатынын жеткізді. Аталған операцияны сәтті өткізуге көмектескен елдердің арасында АҚШ-тың да барын айтты.

7 адам күдікті деп танылды

Сириядан елге қайтарылған 7 адам (6 ер, 1 әйел) террорлық қызметпен айналысты деген күдікке ілінді. ҚР Қылмыстық кодексінің «Террорлық топтың әрекетіне қатысу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Олардың тағдыры туралы Сыртқы істер министрлігіндегі брифингте ҰҚК-тің департамент басшысы Бақытбек Рахымбердиев ақпарат берді. Оның айтуынша, 7 адам ДАИШ сапында соғысты деген күдікке ілініп отыр. «Қазіргі кезде осы жетеуге қатысты сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізілуде. Олардың Сирияға қалай барғанын, қайда жүргенін, немен айналысқанын біз жақсылап тексереміз. Кінәлі не кінәсіз екенін тек сот анықтайды» деп түсіндірді ҰҚК-тің өкілі.
Елге қайтарылғандардың 6-ауы – ер, 11-і – әйел, 30-ы – балалар. 2012-2015 жылдары Сирияға кетіп, сергелдеңге түскендер – Астана, Алматы қалаларының, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қарағанды облысының тұрғындары. Олардың бәрі Маңғыстау облысындағы бейімделу орталығына орналастырылған. «Қайтарылған адамдардың тарапынан қоғамға қандай да бір қауіп бар ма?» деген сауалға Б.Рахымбердиев: «Сирия, Ирак және Ауғанстандағы жанжал бірнеше жылға созылуда. Сол кезден бастап бірнеше азаматты қайтардық. Олардың ішінен 40 пайызы ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылды, тіпті кейбіреулері бостандыққа шығып үлгерді. Ал қалғандары өз туыстарының, үкіметтік емес ұйымдардың көмегімен бейімделу кезеңінен өтті. Қазіргі кезде елге қайтарылған адамдардан бізге ешқандай террористік қауіп жоқ» деп жауап берді. Ол Сириядағы қазақстандықтарды қайтару жұмыстары одан әрі жалғасатынын мәлім етті.
Қазақстан заңнамасында шетелде террорлық және әскери іс-қимылдарға қатысқан адамдарды азаматтығынан айыру туралы норма бар. Ол норма Елбасының бастамасымен енгізілген. Демек, Сирия, Ирак және басқа елдердегі жанжалдарға қатысқан кейбір қазақстандықтар азаматтығынан айырылуы мүмкін. ҰҚК-тің өкілі бүгінде жанжал аймақтарында жүрген жандарға қатысты мұндай шара қарастырылып жатқанын, кейінірек соттың шешімімен қолданылуы мүмкін екендігін жоққа шығарған жоқ. «Бірақ «Жусан» операциясының нәтижесінде елімізге қайтарылған 47 адамға қатысты жағдай мүлдем бөлек. Өйткен себебі, бұл адамдар өз еркімен елге оралуға ниет танытты. Кінәлі деп танылғандар жазасын Қазақстанда өтейді. Ал кінәсі жоқтарға (көпшілігі солар) қатысты азаматтықтан айыру мәселесі қарастырылмайды» деді ол.

Сирияда қанша қазақстандық бар?

ҰҚК-тің ақпараты бойынша, қазіргі кезде Сирияда 370-380 Қазақстан азаматы және 500-ге жуық бала бар. Үлкендердің үштен екісі – әйел. Алайда ресми мәлімет нақты емес. Соғыс өртінен көз ашпаған елде дәлме-дәл статистиканың жүргізілмейтіні айдан анық. Жұрттың көпшілігі Сирияға үшінші елдер (Түркия, Мысыр және т.б.) арқылы кеткен. «Егер нақты бір оқиғаларды мысалға алсақ, қандай да бір терроршы құмда не тауда отырып-ақ үгіт-насихат жүргізе береді. Себебі бұған әлеуметтік желілер өте қолайлы. Бірақ ол жаққа барған қазақстандықтардың бәрі үгіт-насихаттың жалған екеніне көз жеткізген. Ол жерде ешқандай да әділеттілік, шариғат бойынша өмір сүру деген жоқ. Онда мұсылмандар бір-бірімен соғысып, бір топ екінші топтың көзін жояды. Жантүршігерлігі сол, ол жаққа бір барған адам қаша алмайды. Өйткені қашпақ болғандарды өлім жазасына кеседі. Бірнеше қазақстандықтың қашпақ болғаны үшін өлтірілгені жөнінде мәліметтер бар» деп түсіндірді мәселенің егжей-тегжейін Бақытбек Рахымбердиев.
Биыл 6 қаңтарда елге қайтарылған балалардың барлығы жетім. Іс жүзінде олардың бәрінің әкелері Сириядағы соғыста қаза болған, шешелері бар. Елге келген 30 баланың 12-сі сол жақта дүниеге келген. ҰҚК-тің өкілі жас балаларды өзіміздің қоғамға бейім­деу, ой-санасын тазарту жеңілдеу болатынына сенімді. Оның пайымдауынша, балаларға ресоциализация жүргізуге ерекше көңіл бөлінеді. Бұл жұмысты жүргізуге балалары, туыстары Сирияға кеткендердің ата-аналары құрған комитеттің, үкіметтік емес ұйымдардың көмегін пайдаланамыз. Бұл жерде ресоциализация шараларын тиімді, нәтижелі жүргізуге мүмкіндік мол.
Сирияда туған балаларға құжат беру, тіркеуге алу жұмыстарын Ішкі істер министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп шешеді. Бұл рәсім заңдарымызда көрсетілген, сол себептен ешқандай мәселе туындамауы тиіс.

«Менің балам соғысуға кеткен жоқ!»

Қарағанды облысының Сәтпаев қаласында тұратын Ботагөз Махатованың баласы Еркебұлан Сирияға соғысқа кетіп, екі жыл бұрын қайтыс болған. Оның келіні мен үш немересі әлі сол жақтан оралмаған. Ботагөз Бименқызы Қазақстаннан Сирияға балалары кеткен 120 ата-ананың жеке чаты барын, көбінесе балаларымен және келіндерімен сол арқылы байланысатынын айтты. «Жусан» операциясы нәтижесінде 10 ананың баласы елге қайтарылған. Діни сауаты жоқ өз ұлының қайғылы тағдыры туралы ол көзіне жас алып, әңгімелеп берді.
Ботагөз Махатова:
«Менің ұлым Еркебұлан 2012 жылы колледжде оқып жүрген. Бір күні намаз оқығысы келетінін айтып, рұқсат сұрады. Бірден келіспесем де, рұқсат еттім. Бірақ мешітке барғанын, кіммен жүргенін қадағалап отырдым. Ол табыс табу үшін дүкенге жұмысқа орналасты. Бірде Алматыға досымен бірге та­уар әкелуге кетті. Сол кеткеннен баламды көрмедім. Кейінірек, Мысырға оқуға түскенін хабарлады. Түбінде ол Сириядан бір-ақ шыққан. Мен жанұшырып ҰҚК-тен көмек сұрадым. Әуелде 6 ай бойы ешқандай хабар-ошар болмады. Сөйтіп жүргенімде Сәтпаевта ұлы Сирияда жүрген бір әйелмен танысып, балаларымызбен байланысудың жолын таптық. «Скайп» арқылы сөйлескен кезімізде олардың артында үнемі қару асынған адамдар тұрды. Бізге сөйлесуге 1 минуттай ғана уақыт берді. Баламыздың тірі екенін көріп, көңіл жұбаттық. Арада біраз уақыт өткенде өздері бізбен байланысқа шыға бастады. 2013 жылы ұлым сол жақта Ақтөбенің қызын кездестіріп, үйленді. Қазір келінім мен үш немерем Сирияда қалып отыр. Үлкені 5, ортаншысы 2, үшіншісі 1,5 жаста. Үшінші немерем сол жақта туды. 2016 жылы қараша айында ұлымның қайтыс болғанын естідім. Себебін біле алмадым. Келінім оны жерлеген жерден бейнежазба жіберді. Мәйітін де алуға мүмкіндігім болмады. Келініммен WhatsApp арқылы сөйлесіп тұрамыз. Көп әйел, балалар қоршауда отырғанын білемін. Менің айтарым, балаларымыз Сирияға соғысуға кеткен жоқ! Олар арам ниетті терроршылардың сөзіне алданды. Бәлкім, өз отбасын қорғау үшін қолына қару алған шығар. Ұлымның «Скайптағы» сөзін есіме алсам, екі көзім жасқа толады (жылады). Өйткені Еркебұлан: «Анашым, кешірші мені! Бұлай болады деп ойламаппын. Бізге шариғат бойынша өмір сүретін қоғамға барасыңдар деп алдады» деп ағынан жарылды. Ендігі үмітім – келінім мен немерелерімді көру. Олардың бәрі қоршауда отыр. Қашып шығудың амалын қарастыруда. Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылған «Жусан» операциясының нәтижесінде басқа да қазақстандықтардың елге оралғанын қалаймын. Барлық ата-аналардың атынан Президентке шексіз алғыс айтқым келеді».

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды