Четверг, 17 Август 2017
-->

«ШЫҢЫРАУ» АТАҚҚҰМАРЛЫҚТАН АРЫЛТА МА?

ТЕАТРСҮЙЕР ҚАУЫМ АҒЫМДАҒЫ АПТА БАСЫНАН САХНА САҢЛАҒЫ Ә.МӘМБЕТОВТІҢ 85 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН «САХНАДАН СӘЛЕМ!» V ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕАТР ФЕСТИВАЛІ АЯСЫНДАҒЫ ҚОЙЫЛЫМДАРДЫ КҮНДЕ ТАМАШАЛАП, ҚЫЗЫҚҚА КЕНЕЛУДЕ. АЛДЫНДА ХАБАРЛАҒАНЫМЫЗДАЙ, БҰЛ ЖОЛҒЫ ФЕС­ТИВАЛЬГЕ 10 ТЕАТР ҚАТЫСУДА. ОЛАРДЫҢ ТӨРТЕУІ РЕСЕЙ, ҚЫРҒЫЗСТАН ЖӘНЕ ӘЗЕРБАЙЖАН ЕЛДЕРІНЕН БОЛСА, АЛТАУЫ – ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ТЕАТРЛАР.

Алғашқы күндердің бірінде Астанадағы ­М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры «Мәңгүрт. Мәңгі құл» мистерия­сын көпшілік назарына ұсынды. Биылғы ақпан айында премьерасы өткен бұл қойылымды тәжік режиссері жазушы, драматург Барзу Абдураззақов сахналады.
Ал Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық қазақ музыкалық драма театры көрнекті қаламгер Әбіш Кекілбайұлының «Шыңырау» повесінің желісімен аттас драманы қойды. Оның да режиссері шетелдік азамат, Саха Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Алтын маска» театр сыйлығының лауреаты – Сергей Потапов.
Жалпы кейінгі кезде Қазақстанға шетелден режиссер шақыру үрдіске айналғандай. Мәселен, осы Сергей Потапов елордадағы Қаллеки театрында «Шие» комедиясын, Горькийде «Ояну» трэш-драмасын қойған болатын. Ақтау­ға барып, «Шыңырауды» да сахналаған екен. Шыны керек, Астанадағы спектакльдері сәтті шыққан еді. «Шыңырау» да режиссерлік шешімімен ерекшеленді.
М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының «Мәңгүрт. Мәңгі құлы» мен Маңғыстау облыстық қазақ музыкалық драма театрының «Шыңырауы» арасында нәзік байланыс бар. Оған қазылар алқасының құрамындағы театр және кино режиссері, Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов назар аударды. «Мәңгүрттену жайлы «Шыңыраудың» авторы Әбіш Кекілбайұлы алғаш қалам тербеді. Горький театрындағы «Мәңгүрт» Шыңғыс Айтматовтың шығармасынан алынып отыр» деді ол.
«Мәңгүрт. Мәңгі құл» мистериясында бір автордың ғана көрерменге айтқысы келгені емес, Ш.Айтматовпен қатар Уильям Шекспир, Альбер Камю, Венедикт Ерофеев, Евгений Шварц, Варлам Шаламов сынды қаламгерлердің шығармалары қамтылған. Өнертану докторы, профессор, Молдова Республикасының өнер шебері, Музыка, театр және бейнелеу өнері академиясының «Драматургия, телевидение және сценография» кафедрасының меңгерушісі, теа­тр сыншыларының халық­аралық қауымдастығының (ЮНЕСКО) мүшесі Анджелина Рошка бұл қойылымға көңілі толғанын жеткізді.
Театртанушы, театр сыншысы, ЮНЕСКО жанындағы театр сыншыларының халықаралық қауымдас­тығының мүшесі Нина Мазур (Германия) «Шығармашылық адамы да, көрер­мен де спектакль не үшін қойылды? Нәтиже күткендегідей болды ма?» деген сұрақтарды алдымен өзіне қою керек. «Мәңгүрт. Мәңгі құл» адамдық кейпінен әбден айырылған кейіпкер жөнінде баяндайды. Бұл өте қорқынышты. Яғни, қойылым баршамызды хайуанға айналудан сақтандырғандай. Оның жанрына саяси кабаре деген анықтама берер едім. Айтпақшы, бұл жанр Германияда танымалдыққа ие. Бұл драманы Еуропалық фестивальдерге апару керек. Мен бұл жағын қарастырайын» деді сарапшы.
Қазылар алқасының өзге мүшелері де оң пікір айтты. Ал «Шыңырау» жайлы пікірлерін жеткізгенде көбінесе режиссерлік шешім тәнті еткенін байқатты. Өнертану кандидаты Еркін Жуасбек бірде-бір диалогы жоқ, баяндаудан тұратын повестен спектакльдің қалай сәтті шыққанына таңқалғанын жеткізді. Алайда актерлердің сөйлеу тілінің кемшіліктеріне назар аударды. «Шыңырау» арқылы автор бізді атаққұмар болмауға шақырды» деді ол.
Әр театрдың қойылымынан соң осындай талқылаулар жүргізілді. Ал фестиваль бүгін Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры қойған «Қараш-Қараш» драмасымен аяқталады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*