«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Шыңғысхан» би тілінде сөйледі

0 124

Бейбітшілік және келісім сарайында «Шыңғысхан» хореографиялық спектаклінің премьерасы өтті. Бұл қойылымды «Наз» би театры сахналады.

Бұған дейін өнерсүйер қауым жер жүзіне даңқы жайылған алып хан туралы талай драмалық туындыларды тамашалағаны рас. Бірақ бұл жолғы қойылымның жөні бөлек. Өйткені ол алғаш рет би тілінде көпшілікке ұсынылды.
Спектакль өз дәуірінің аса ірі тұлғасы Шыңғысханның өміріне арналған. Қойылым аңыз әңгімелерге сүйене отырып, ханның бала кезінен бастап, ержетіп, ел билеген кезеңдерін қамтиды. Бұл шығармаға театр ұжымы бірнеше жыл дайындалған. Спектакльді Моңғолияның кәсіби хореографы Токсу Томурхуяг қойды. «Наз» театрының директоры Сұлтан Сраилов қойылымға дайындық барысында әртістердің әрі күні спортшылардың жаттығуындай болғандығын айтады. «Олардың өнерге деген жанкештілігі, махаббаты көрген адамды таңғалдырмай қоймайды. Мұндай өнерге берілген жастарымыз барда би өнері мәңгілік жасайды» деді ол.


Хореография – тілсіз өнер. Бірақ ғажайып қимыл мен дене сымбаты арқасында бидің тілін ұғынуға болады. Осы қойылымды көріп отырып тарихи оқиғаларды заман ағымына сай жаңаша түрде жеткізуге болатындығын түсіндім. Қойылымда Бөртені қайтару үшін Шыңғыс ханның бауырларымен бірге меркіттерге қарсы жасаған жорығы би тілінде әсерлі бейнеленді. Әсіресе, Шыңғысханның рөлін сомдаған жас әртіс Ержан Құдайбергеновтың шеберлігі сүйсіндірді. Алайда сахнада өнер көрсеткен барлық әртістер өз рөлдерін шынайы сомдап шықты.
«Біз бұл туындыны әбден иін қандыру үшін ұзақ дайындадық. Мұны моңғолиялық хореограф қойғанымен, оны сахнаға лайықтап, кейбір көркемдік тұстарын жетілдіріп, ептеп өзгерістер енгіздік. Қойылымның сценографиясын Қазақстанның мәдениет қайраткері, суретшісі Қанат Мақсұтов жасады. Әртістердің киімдері мен әшекейлерін моңғолияның дизайнерлерімен бірге әзірледік. Жалпы айтқанда, бұл қойылым біздің театрдың 20 жылдығымен сәйкес келіп, көрермендерімізге тамаша тарту болып отыр» деді театрдың көркемдік жетекшісі Қадиша Ағымбаева.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды