«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Шындықтың шырақшысы

0 228

Адам болған соң пендеміз де. Шерхан-Шерағаң туралы әртүрлі әңгіме айтылады.
Сұсты. «Алдына келгенді тістейді, артына келгенді тебеді», «Бетің бар, жүзің бар демей» көзі шақшайып, мұрты едірейіп, «Жапалақты тасқа ұрсаң да жапалақ өледі, таспен жапалақты ұрсаң да жапалақ өледі», «Екі тіл жыланда ғана болады», «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деп Парламент мінберінен дауысы саңқ етіп шыққан тау-тұлға емес пе?! Сол рас па? Рас. Әділ сөйлейтін ұрпақтың соңғы тұяқтарының бірі Шерхан-Шерағаң еді.

* * *

«Мен қазір үйірінен айырыл­ған құлжадаймын, бөлек, саяқ жайыламын», «Бәрін де істегім, ұстағым, бәрін де көргім келеді, бірақ оң иығымда бір жеті, сол иығымда бір жеті тұр» деп ағынан жарылып сұхбат берген де Шерхан-Шераға!

* * *

«Мен жазушы адаммын. Менің қаруым – қолымдағы қаламым! Бәлкім, қызметімді тартып аларсыздар, бірақ менің қаламымды ешкім де тартып ала алмайды» деген де Шерхан-Шерағаң!

* * *

«Алпыс деген тал түс, жетпіс деген – жет, піс деген сөз» деп сұлу мұртының астынан құйтыр­қы жымиған да Шерхан-Шераға!

* * *

«Бұл Үкіметті қанша қусаң да, құмалақ шашпаса, оны неге қуа береміз?» деп Мәжілісті ду күлдірген де Шерхан-Шерағаң!

* * *

«Мен есеп білмеймін, бірақ мынау Қаратай Тұрысов бұл бюджетті дұрыс деп отыр, қолдайық. Ал егер қателессем, обалы Қаратайға!» деп республикалық бюджетті қабылдатып жіберген де Шерхан-Шераға!

* * *

«Әй, Камал (Смайылов), сен ХХІ ғасыр Қазақстан ғасыры болады дейсің. Дұрыс-ақ. Алтын мен күмістің үстінде отыр екенбіз. Айтшы, егер сенің айтқандарыңның бәрі рас болса, осы алтын-күмістің үстінде қазақ неге жалаңбұт отыр?!» деп газетке жазған да Шерхан-Шерағаң!

* * *

«Егемен Қазақстанға» қызметке шақырдым. Кеңесшілік. «Кеңес беретін адамға кеңесші болмаймын» деп біраз уақыт ұсынысымды қабылдамаған да Шерхан-Шерағаң!

* * *

«Жазғанымды түземейсің, кү­земейсің» деп уәдемді алып, қо­лымды мытып-мытып алған да Шерхан-Шерағаң!

* * *

Бір оппозициялық газет Шерхан Мұртаза «Егеменнің» босағасында отыр деп жазыпты. «Ұлт газетінің босағасы бола ма, газеттің табалдыры­ғынан төр басталады» деген де Шерхан-Шерағаң.

* * *

«Кітап бала сияқты. Ол сенің мұрагерің деседі кейбіреулер. Білмеймін. Кейін кітаптарым бала бола ма?» деп бір кем дүние туралы толғанған да Шерхан-Шерағаң!

* * *

Зұлматты жылдардың жаңғырықтарын, алаштың ардақтысы Тұрар Рысқұловты тірілткен де Шерхан-Шераға!

* * *

«Қызыл жебе», «Жұлдыз кө­пір», «Сталинге хат», «Бесеудің хаты», «Жетім бұрыш», «Ай мен Айша», «Бір кем дүние» деп дү­йім жұртты дүр сілкіндірген де Шерхан-Шерағаң!

* * *

«Мен енді депутат болмаймын. Жетпістен астым» деп жұма намазға жығылған да Шерхан-Шерағаң!

* * *

«Уәкем, алпысыңды бір күнге қарызға бере тұршы» дейтін кө­кем де осы Шерхан-Шераға болатын.

* * *

Өткен ғасыр журналистикасының шырағы мен пырағы – Шерхан-Шерағаң!
Ол отырған креслоның үлкен-кішісі жоқ. Қай қызметке келсе де, сол қызметтің атын шығарып, шырайын көтерген де Шерхан-Шерағаң!

* * *

Орынтақтың құлы болмай, көркі болған да Шерхан-Шерағаң!

* * *

Ағалықтан абыздыққа жетіп, дүние салған да Шерхан-Шерағаң!

* * *

Мұз жүректі жібітті, елінің сөзін айтты, қазақ әдебиетін ба­йытты! Енді Шерхан-Шерағаңның мәңгілік өмірі басталды.
Қазақ халқының шерін тарқатқан – Шерхан-Шераға!

* * *

«Қып-қызыл өтірікті көтере беретін осы дүние ғана. О дүниеге ондай қулық өтпейді» деген де Шерхан-Шераға!
«Рухани әлемі кең, рухы биік ел – қайсар ел. Ондай елді ешкім жеңе алмайды. Рухы сынған, рухани жүдеген елді жеңу де жеңіл» деген де Шераға!
Шындықтың шырақшысы – Шерағаңа тәңірім пейіштің төрінен орын бере гөр деп тілейік.

 

ШЕРАҒАҢМЕН НЕ ТУРАЛЫ УӘДЕЛЕСТІК?!

1997 жылдың жазында «Егемен Қазақстанға» бас редактор болып тағайын­далдым. Газеттің күн-түн таусылмайтын жұмысы басталды да кетті.

Жасымнан тәрбиесін көріп өскен атақты Шерағаң зейнет­кер атанып, жеңгеміз дүние салып, жаны жабырқап жүрген шақ еді. Кезінде қазақтың майталман қаламгерлері – Әбіш Кекілбайды, Фариза Оңғарсынованы, Ақселеу Сейдімбекті, Рымғали Нұрғалиды, Оралхан Бөкейді, Мұхтар Шахановты әр жерден шақырып, «Лениншіл жасқа» қызметке алған. Оны қаламгерлердің өздері де «Шерхан Мұртазаның шекпенінен шықтық» деп айтып жүрді.
Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан аға Мұртаза «Егеменнің» алтын қаламы неге болмайды?!
Шерағаңды қызметке шақырдым. Бас редактордың кеңесшісі. Тек қана жазу. Жеке өз алдына кабинет, сыртқа байланысы бар телефон, әрине, Қазақстанның қалаған түкпіріне іссапар.
Көкем көп ойланды.
– Үйде жалғыз отырғанда не істейсіз? Жазуыңызды жазы­ңыз, қоғам өмірінің ішінде болыңыз, азды-көпті айлығы, қаламақысы бар.
Жазушы ағамның қиналысын түсінемін. Кеше өзі басқарған газеттің қызметкері болу оңай ма?
– Көке, мен Сіздің қол астыңыз­да ешқашан қызмет істеген жоқпын ғой. Неге қиналасыз?
– Уәлихан батыр. Менің бір ғана талабым бар. Соған уәде етсең келісемін.
– Келісемін. Ол қандай талап?
– Менің жазғанымды түзетпейсің, қысқартпайсың, міндетті түрде басасың. Осыған шыдасаң, қол міне!
– Шыдаймын.
Қол алыстық. Шерағаңның өмірдің оғындай алдаспан сөздері газетке бедел, мәртебе әкелді. Камал Сейтжанұлы Смайы­лов­тың мақаласына Шераға жауап жазды.
Қазақтың екі ірі тұлғасының бір-біріне жазысқан хаттары бір жарым жылға жалғасты. Оны халық осы күнге дейін ауыздарынан суы құрып айтып жүр. «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда» деген атпен ол хаттар жеке кітап болып басылып та шықты.
Менің де газеттен «қуылуыма» себеп болған осы хаттар екенін білемін. Бірақ оған ешқашан өкінбеймін. Шерағаңды қинап, қолқалап газетке шақырмасам осы ұлы адамдардың мақалалары жазылар ма еді, жазылмас па еді?!

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
академик, филология ғылымдарының докторы,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері

 

«БІР КЕМ ДҮНИЕ!

Талай жолдан өте­сің, талай табысқа жетесің, бірақ орны толмас бір арман өзің­­мен бірге кетеді. Бір кем дүние деген сол.

(Шерағаңның шерін мазмұндаған – автор)

О, Шераға, білемін,
Орның ылғи төр болды.
Ат басындай жүрегің
Ақиқатқа мөр болды.

Атой салған өр үнің,
Алашыңа бақ болды.
Қайда жүрсең орының,
Хан қызығар тақ болды.

Жата алмадың бұғынып,
Жүрген жерің жар басы.
Мұртазаның мық ұлы –
Махамбеттің алмасы.

Қараулармен керісіп,
Қабылдадың қаншама оқ.
Қылша мойным ел үшін
қиылса да талша, – деп.

«Көс-көс» айтып,
«құр» айтып,
Көштің бетін бұрғыздың.
Тұраныңды тыңайтып,
Тұрарыңды тұрғыздың.

«Бір кем дүние» батты, –
деп,
Бұзып алдың бапты аз күн.
Халқым аштан қатты – деп,
«Сталинге хат» жаздың.

Өткен бастан кеп талай,
Бақ пен сорын тең бөлді.
Бәрі бар ед,
Әттең-ай,
«Бір дүниең кем» болды.

Әйткенмен, нар ерге,
Жаман емес шетінен.
Сізде «бір кем»,
Ал елде
біреу емес, «екі кем».

Қауым жүгі – қомыңда,
Болма сонша қаралы.
«Бір кемі жоқ» соңыңда,
Кітап қалып барады.

Абзал БӨКЕН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды